Қазақстанда бай адамдар біртіндеп тексеріледі

Қазақстанда бай адамдар біртіндеп тексеріледі

Стратегиялық құжат сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жою бойынша кешенді және терең жұмысты көздейді, бұл ретте тұрмыстық сыбайлас жемқорлыққа ерекше басымдық берілген, деп хабарлайды Zakon.kz.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты бойынша құжатты дайындауға жұртшылық пен бизнес өкілдері, қарапайым азаматтар ауқымды түрде қатысты, сондай-ақ озық шетелдік тәжірибе мен халықаралық стандарттар ескерілді.

«Мұндағы басты реформалардың бірі – шығын кірістен асып кеткен кезде негізсіз баюға жауапкершілікті енгізу. Келесі қадам – Біріккен Ұлттар Ұйымының Жемқорлыққа қарсы конвенциясының негізгі қағидатын іске асыру – қылмыстық активтерді іздестіруді және қайтаруды қамтамасыз ету болмақ. «Follow the money» – «ақшаны қуу» қағидаты бойынша міндетті қаржылық тергеу енгізіледі», деді Агенттік Төрағасы М. Ахметжанов.

Ведомство басшысының айтуынша, тергеудің мақсаты заңсыз табыс тапқан адам ғана емес, активтерді шығарудың барлық мүмкін көздері мен жолдары болады. Бұл тек жемқорларға ғана емес, көлеңкелі бизнес субъектілеріне, контрабандашыларға, есірткі сатушыларға да қатысты.

Бұдан басқа, 2018 жылы шоттар туралы ақпарат алмасу туралы Қазақстан қол қойған келісім шетелде активтерді анықтауға мүмкіндік береді.

Адал емес адамдарды анықтайды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Тұжырымдама аясында сыбайлас жемқорлықты азайту мақсатында сыбайлас жемқорлықтың беріктігіне тексеру (integrity check) жүргізуді жоспарлап отыр, бұл адал емес қызметшілерді уақтылы анықтауға және жұмыстан босатуға мүмкіндік береді.

«Оның қылмыс жасап, мемлекетке зиян келтіргенін күтпей-ақ, заңды тәртіптік шаралармен және шығынсыз түбегейлі жоюға болады. Мұндай шаралар мемлекеттік қызметке баю үшін келуді тоқтатып, ұзақ мерзімді келешекте парасатты кәсіби ұрпақ қалыптастыруды қамтамасыз етеді», - деп атап өтті Агенттік Төрағасы М. Ахметжанов брифинг барысында

Ведомство басшысы атап өткендей, Тұжырымдамада сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша қабылданып жатқан шараларға сүйене отырып, министрлер мен әкімдерді бағалау жүйесі қарастырылған.

Сонымен қатар, Агенттік қоғамның сұраныстарына құлақ асу үшін жемқорлықты қабылдаудың Ұлттық индексін бекітуді ұсынды.

Барлық бағалау жүйелері жобалық негізде енгізілетін болады.