Нұрбол Нұрсағатов: Тәуелсіздік туралы айтқанда Елбасының тарихи миссиясын сөз етпеу мүмкін емес
2021 ж. 08 желтоқсан
1339
0
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Нұр-Сұлтан қаласы «Байқоңыр» ауданы әкімінің аппаратының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік. Елорда. Байқоңыр» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Алқалы жиынға Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Оралов, Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының хатшысы Ерлан Каналимов, көрнекті қоғам қайраткерлері, Қазақстан халқы Ассамблеясының, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері, Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаттары, «Байқоңыр» ауданының ақсақалдары қатысып, ел Тәуелсіздігі туралы толғамды ойларын ортаға салды.
Қатысушылар Тәуелсіздік кезеңдері мен жаңа мемлекеттің құрылуындағы өзекті мәселелерді, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Тәуелсіз еліміздің қалыптасуындағы стратегиялық бастамаларының рөлін, елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси-құқықтық жаңғыруының перспективалары мен бағыттарын өзара саралады.
Конференция отырысын ашқан «Байқоңыр» ауданы әкімі Нұрбол Нұрсағатов биыл ел тарихы үшін ерекше жыл екенін айтып, тәуелсіз Қазақстанның әлемдік саясатта дербес, егеменді ел ретінде танылғанына 30 жыл толуымен жиналғандарды құттықтады.
- Бұл жарты ширек ғасырдан астам уақыт. Шежірелі тарихымызға ой жүгіртсек халқымыз небір қиын кезеңдер мен зұлмат жылдарды басынан өткерді. Осынау сайын далада көшпелілер өркениетін қалыптастырған, кіндік қаны тамған туған жерін және еркіндігін қасық қандары қалғанша қорғаған ата-бабаларымыз қандай жағдайда да өзінің қайсарлығы мен ержүректілігін дәлелдеп, қазақ халқының абыройын асқақтатып келді. Қазақстанның Республикасының егемендігі, тәуелсіздігі ұғымдарын сөз еткенде Елбасы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы туралы, оның саяси және тарихи миссиясын сөз етпеу мүмкін емес. Тәуелсіздік алу – бір, ал оны қорғап қалу, баянды ету, келешек ұрпаққа аманат ету – бір басқа. Бұл мәселе туралы жан-жақты Елбасымыз «Елдіктің жеті тұғыры» мақаласында нақты бағыт-бағдар беріп өтті, - деді өз сөзінде Н. Нұрсағатов.
Еңселі егемендік мерекесімен жиналған қауым құттықтап, жылы лебізін арнаған Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Оралов та тәуелсіздік туралы танымды баяндама жасады.
- Тәуелсіздік ата-бабамыздан қалған асыл аманат. Ол ұлтымыздың, тіліміздің, дәстүріміздің мызғымас тірегі, алтын діңгегі. Өз алдына егемен ұлт болу біраз жұртқа арман болса, біз үшін баға жетпес құндылық, - деп атап өтті А. Оралов.
Ал, Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының хатшысы Ерлан Каналимов өз сөзінде тұғырлы Тәуелсіздіктің баянды болуын тілей отырып, елорданың «Байқоңыр» ауданының дамуына қатысты өз ойын жеткізді.
- Елбасы өз мақаласындаТәуелсіздіктің 7 тұғырын атап өткен болатын. Бүгінгі конференция сол жеті тұғырды талқылау. Сонымен қоса, «Байқоңыр» ауданының жетістіктері туралы да айтып өткім келеді. Ауданның бүгінгі келбеті бәрімізді қуантады. Аудан үш жылдың ішінде айтарлықтай өркендеп, көркейіп шықты. Атқарылып жатқан істер ең бастысы халықтың көңілінен шығып жатыр, - деді Е. Каналимов.
Ел Тәуелсіздігін ұлықтауға арналған жиынға арнайы қатысқан белгілі қоғам қайраткері, тіл жанашыры Асылы Осман бүгінгі конференцияның маңыздылығы туралы айтты.
- Бүгінгі шараның тақырыбының өзі, түсінген адамға мәні зор. Ел тәуелсіздігіне арналған мұндай шаралар көптеп өткізіліп, насихатталу керек. Қазақта «Шөп жақсысы – селеу, сый жақсысы - елеу» деген қанатты сөз бар. Елеп-ескеріп шақырып жатқан «Байқоңыр» ауданы әкіміне зор ризашылығымды білдіремін. Тәуелсіздігіміз баянды, тіліміз тұғырлы болып, Елбасымыз айтқандай алдыңғы 30 дамыған мемлекеттің біріне айналайық, - деді А. Осман.
Конференция соңында қатысушылар елордадағы Қаламгерлер аллеясындағы «Алаш арыстары» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, «Qitap qala» ашық аспан астындағы кітапханаға барды.