Апаттан көз ашпаған кәсіпорын

Апаттан көз ашпаған кәсіпорын

        ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Қарағанды облысының Абай шахтасындағы қараша айының басында 6 кеншінің өмірін жалмаған төтенше оқиға бойынша құрылған Үкіметтік комиссия жұмысының қорытындысын жариялағаны белгілі. Үкіметтік комиссия жұмысына Ресей мен Германиядан сарапшылар тартылғаны да айтылды.

          «Апат кезінде қайтыс болған жұмысшылардың кінәлілік дәрежесін комиссия 0 пайыз деп бекітті. Яғни, шахтада қайтыс болған және зардап шеккен жұмысшылардың кінәсі дәлелденген жоқ. Жұмыс берушінің кінәсіне келсек, «АрселорМитталл Теміртау» тарапының 100 пайыз деп танылды», - деген ведомство басшысы кәсіпорынның қауіпсіздік шараларына талайдан бері көз жұмып келгенін қадап айтты. «Апаттың алдын алуы мүмкін шаралар осы кезеңде ғана емес, осыдан бұрын да атқарылуы керек болған. Бірақ орындалмаған. Белгілі бір мерзім аралығында осындай шара қабылданбауы да осы жағдайға түрткі болуы мүмкін», - деді министр онлайн брифингіде.

          Министрдің осы жолғы мәлімдемесі шындыққа жанасады. Бұл атышулы кәсіпорында адам өлімі бірінші рет орын алып отырған жоқ. Жер мен кен иесі Қазақстан тарапынан айтылған ескертулерге үндіс миллиардер Лакшми Миттал пысқырып та қараған жоқ. Өндірісті қайта жарақтандырудың орнына пайда табуды ғана көздеген Л. Миттал айылын да жияр емес.

    Сөзіміз жалаң болмас үшін кейбір деректерді есеке сала кетейік. "Абай" шахтасындағы жантүршігерлік ең ірі апат 2008 жылы болғаны жұрттың есінде. Ол кезде 30 адам опат болып, 14-і жараланған. Жарылыс кезінде барлығы 191 адам жер астында жұмыс істеп жатқан. Апат салдарын жою кезінде құтқарушылар апаттан көз жұмған жеті азаматты ғана жер бетіне алып шыққан. Ал қалған 23 кеншіні іздеу жұмысын тоқтатып, шахтаны газ өтпейтіндей етіп жауып тастау туралы шешім қабылданған-ды.

      Жалпы осы компания елімізге келгелі оның өндірісінде қанша адам өлімі болғанын дөп басып айту да қиын. Өйткені кәсіпорын басшылары журналистерге теріс қарауды о бастан әдетке айналдырған. Сондықтан БАҚ өкілдері, оның ішінде Ulysmedia.kz редакциясы ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметін жариялаған болатын. Онда «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы шахталарында тек қана 2010-2021 жылдар аралығында өндірісте 36 кенші қайтыс болған екен. Сонымен қатар өндірісте жарақат алғандар саны 3 323-ке жетіпті. Оларды ресми түрде «регрессниктер» деп атайды. Жарақатына байланысты денсаулығын жоғалтқандар жеңіл жұмысқа ауыстырылып, біздегі еңбек заңына сәйкес үстеме төлемақы алуға тиісті. Оларға ай сайын өтемақы берілгенмен зейнеткерлікке шыққанда ақша төленбейді.

          Білгенін істеп, бассыз кеткен компанияға осы жылдар талай тексерулер жүргізілді. Тек қана өткен 2020 жылы бір ғана тексеруде еңбек қатынастары мен қауіпсіздік шараларын ұйымдастырмағаны үшін 33 ескерту жасалған. Еңбек заңын тұрақты бұзатын кәсіпорында биылғы жылдың 10 айында 37 тексеріс жасалған. Тексеріс нәтижесінде анықталған 16 заң бұзушылыққа байланысты 218 775 тенге айыппұл салыныпты. 2016 жылдан бүгінге дейін кәсіпорында 274 тексеріс болғаны айтылады. Анықталған 110 заң бұзушылық үшін бес жылда небары 12,5 млн. тенге айыппұл салынған. Алып кәсіпорын үшін бұл сома маса шаққан құрлы болмағаны белгілі. Былайша айтқанда тиын-тебен айыппұлын төлеп, жұмысшыларды қысқартып, жалақыны көтермей, заңсыз жұмыстан шығару, өндірісте техникалық қауіпсіздікті сақтамау сияқты өздеріне оңтайлы әдістерін іске асырып келеді. Ал оның салдары қайғылы жағдайға алып келіп жатқанына көз жеткізіп отырмыз.

     Кәсіпорын жұмысшылары апаттың жиі орын алуына, мардымсыз жалақы мен адам төзгісіз еңбек жағдайына қатысты өз қарсылықтарын талай рет білдірген. Соның бірі ретінде 2017 жылы желтоқсанда Қарағанды облысының әртүрлі қаласында "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының жүздеген кеншісі бірнеше күн бойы ереуіл өткізгенін айтуға болады. Олар еңбек жағдайын жақсартуды, жалақыны көтеріп, зейнет жасын төмендетуді талап еткен. Бірақ компания мен билік өкілдері кеншілер талабын жартылай ғана орындап, шахтерлердің зейнет жасын төмендету талабы мүлдем ескерусіз қалды. Есесіне біздің үкімет былтыр 2020-жылы «АрселорМитталТеміртау» компаниясының атқарушы директоры Вадим Басинге «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беріп, айды аспанға бір-ақ шығарды. Не үшін? Осы сұрақ миллиондаған адамдардың көкейінде болғаны анық. Бұл туралы әлеуметтік желіде де жазылды. Сонау 1986-жылдан электромонтерліктен бастап алып компанияның атқарушы директоры лауазымына дейін көтерілген «еңбек ерінің» кәсіпорындағы жиі болатын апаттарға еш қатысы жоқ па? Қаншама адамдар өндірісте өліп кетті, кеншілердің жалақылары мардымсыз, соған орай тұрмыстары да төмен. Тіпті компания кеңсесіне келіп жалақысыз қалған жұмысшының өзін-өзі өртеген күндер де болды. Осының бәрі компанияның жетістігі болғаны ма? Сол үшін оның атқарушы директорына ең жоғары атақ бергендері ме?

    Мәселе бір басшысы жоғары атақ алғанында да емес, бізге салса тағы да марапаттасын. Мәселе мыңдаған тұрғындарымыз еңбек ететін алып кәсіпорынның бүгінгі жағдайында. Көңілдеріне үрей ұялаған кеншілер «Енді қашан апат болады екен?» деген қорқыныштан қашан құтылады? Өндірістегі қауіпсіздікті олар қашан қамтамасыз етеді, оны кім талап етуі керек? Мүмкін мешкей Митталды елден қуып шығу керек шығар?..

Зейнолла АБАЖАН

qazaquni.kz