ТАРИХЫМЫЗ ТӘУЕЛСІЗДІК ЛЕНТАСЫНДА ТАҢБАЛАНДЫ

ТАРИХЫМЫЗ ТӘУЕЛСІЗДІК ЛЕНТАСЫНДА ТАҢБАЛАНДЫ

Қарағанды қаласының Әлия Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-колледж-интернатында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік лентасы» акциясы өтті.

«Тәуелсіздік лентасының» тұсауы 2020 жылдың 12 желтоқсанында Қарағанды қаласында кесілген болатын. Биылғы жылы ұйымдастырушылар аталмыш іс-шараларды ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен қоса бірқатар

тарихи даталарға арнады. Атап айтқанда Екінші Шығыс Түркі қағанатының негізін салушылардың бірі, үш бірдей қағанның кеңесшісі болған Тоныкөктің туғанына 1375 жыл, Шығыс Түркі қағанатының билеушісі Білге қағанның туғанына 1340 жыл, Қасым Жәнібекұлының хан атанғанына 510 жыл, Абылай ханның туғанына 310 жыл, Қазақ хандығының қалыпқа келтірілгеніне 180 жыл, Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл, Әлімхан Ермектің туғанына 130 жыл және т.б тарихи тұлғалардың мерейтойларына орайластырылды.

«Тәуелсіздік лентасы» акциясы Қарағанды облысы мен ел астанасы Нұрсұлтан қалаларын қамтиды деп жоспарланып отыр. Акция барысында ұйымдастырушылар жастармен кездесіп, «Тәуелсіздік лентасында» көрініс тапқан тарихи тұлғалар жайлы айтып беруді және бір мыңнан аса ленталарды таратуды мақсат тұтып отыр. Тәуелсіздік лентасында қазақ тарихына есімдері алтын әріппен жазылған 7 тарихи тұлға мен 4 тарихи дата, Қазақстан Республикасының жер аумағын бейнелейтін карта мен Түркі қағанатының Бөрілі байрағы бейнеленген. Лентаның астынғы жағында бірінші болып Қазақстан Республикасының қазіргі жер аумағын бейнелейтін карта, одан кейін осы аумақта мекен еткен сақтардың Есік қорғанынан табылған Алтын адамы орналастырылған. Бұл қазақ тарихының сонау сақтар заманымен байланысты екендігін білдіреді. Бұдан кейін лентада Ғұндар мемлекетінің негізін қалаған Ұлы Мөде қаған бейнеленген. Лентадағы келесі тарихи дата 552 жыл, яғни Түркі қағанаты құрылған жыл және оның символы Бөрілі байрақ көрініс тапқан. Бұдан кейін Қазақ хандығы бастауында тұрған Керей мен Жәнібек хандар бейнеленген. Тәуелсіздік лентасындағы келесі тарихи тұлға үш жүздің басын қосқан хандардың ханы ұлы Абылай хан, одан кейін ұлтымыздың Тәуелсіздігі үшін күресіп өткен Кенесары хан мен Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан және Алаш Орда үкіметі құрылған 1917 жыл тарихи датасы бейнеленген. Лентада бейнеленген келесі тарихи дата Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі жарияланған 1991 жыл. Ал оның үстінде ашылған кітап пен көтеріліп келе жатқан күннің бейнесі бар. Бұл алдағы уақытта Қазақстанның болашағы ғылым мен білімді игеруде жатқандығына меңзейді. Ал лентаны көмкеріп тұрған ұлттық ою-өрнек біздің ұлттық мәдениетіміз бен болмысымызды әруақытта көздің қарашығындай сақтауға үндейді. Аталған акция Тәуелсіздік мерекесіне дейін жалғасады деп жоспарланып отыр.

Тәуелсіздік лентасы кеуденің сол жағына, жүрек тұсына тағылады. Сондай-ақ ұйымдастырушылар өз сөздерінде Тәуелсіздік лентасын тағып жүру әрбір азамат үшін үлкен жауапкершілік екенін және лентаның иегері онда бейнеленген ұлы тұлғалардың жолын жалғастыруға, ұлт мұрасын сақтауға, оны жас ұрпаққа насихаттауға мүмкіндігі келгенше атсалысуға тырысуы керек екенін атап өтті. Лента Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекелері күндері, салтанатты шараларда тағылады. Сондай-ақ лентаны ел тарихына құрмет білдіру мақсатында күнделікті тағуға да болады. Ал лента пайдалануға келмейтін күйге түскен жағдайда оны тек өртеу

жолымен жою қажет. Бастысы лентадағы бейнелер аяқ асты болмауы шартты.

«Тәуелсіздік лентасы» «Қазақ халқының мұрасы» кітаптар сериясының ұлт құндылықтарын насихаттауға бағытталған 21 жобасы болып табылады. Аталған акция «Қазақ жігіттері» клубы мен «Орталық Қазақстан», «Қазақ үні» және «Арқа ақшамы», «Білім айнасы», «Замана» газеттері мен «Sayipqiran.kz», «Aimaq09.kz», «Білім айнасы», «Kazgazeta.kz» ақпараттық сайттарының қолдауымен іске асырылуда.

Бек МЫРЗАҰЛЫ,

Қарағанды қаласы