Алматыда балаларымен бірге терезеден секірген марқұмның соңғы хаты табылды
2021 ж. 23 қараша
2028
0
Алматы полициясы үш баласымен бірге 9-шы қабаттан секіріп кеткен әйелдің өлер алдындағы хатын тапты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Алматы қаласының полиция департаменті қайғылы жағдайдың алдын ала себебін хабарлады.
"Бұл әрекетке отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынас кезінде күйеуі екеуі арасындағы жанжал себеп болған", - делінген полиция хабарламасында.
Жедел-тергеу тобы құрылды. Оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің ("Өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу") бабы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.
Ал Sputnik Қазақстанның құқық қорғау органдарындағы дереккөзі хат ішінде әйелдің мұндай шешімді қабылдауына нақты кім кінәлі екені жазылмағанын айтты.
"Хатта сынаққа төтеп бере алмай, өмірден шаршағанын жазған. Ол ешкімді кінәламайтынын, бірақ бұл жағдайға кінәлі адамдар өздері хабардар екенін айтып, кешірім сұраған", - деді ол.
Дереккөздің хабарлауынша, ол ұл-қызын күйеуімен бірге өсірген. Қайғылы жағдай болған кезде 30 жастағы күйеуі үйінде болмаған. Ал үйдің есігі ішінен құлыпталып тұрыпты. Полиция ішіне кірер кезде есікті бұзған.
Көршілердің сөзінше, отбасы жұртпен бірдей өмір сүрген. Ерлі-зайыпты көпшілік алдында ұрсыспаған.
Айта кетері, қайғылы оқиға 22 қарашада Жетісу-1 шағын ауданындағы көпқабатты үйлердің бірінде шамамен 12:30-да болды. 28 жастағы әйел өзінің үш баласы – бес және алты жасар қыздары мен үш жасар ұлын тоғызыншы қабаттың терезесінен лақтырып жіберген, содан кейін өзі де секіріп кетті. Оқиға орнында әйел мен екі бала қайтыс болды. Үшінші бала жедел жәрдем көлігінде жан тапсырды.