Пенжімдегі жағдай туралы: ұлтаралық жанжал болды ма?
2021 ж. 29 қазан
1231
2
27 қазанда Алматы облысы Пенжім ауылында оқушылар төбелесі орын алған болатын. Төбелестен 16 жастағы бала зардап шегіп, одан кейінгі тәртіпсіздік кезінде 53 жастағы азамат жарақат алды. Тәртіпсіздік салдыранын бірнеше үйдің терезесі шағылып, көліктер бүлінді. Полиция "Екі және одан да көп адамның денсаулығына қасақана зиян келтіру" және "Бұзақылық" баптарымен іс қозғағанын хабарлады.
Осы орайда әлеуметтік желіде Пенжимдегі жағдайды ұлтаралық қақтығыс деп атап жатқандар бар. "Қазақ үні" порталы осыған қатысты Мемлекет басшысынан бастап, бірқатар тұлғалардың пікірінжариялауды жөн көрдік.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
"Азаматтарымыздың наразылығық білдіргені орынды, оларды түсінуге болады. Одан кейін жастар арасында бұзақылыққа жол берілді. Бірақ мұндай жағдайдың алдын алуға болар еді. Дегенмен, әрекет болмады. Ақпараттық кеңістікте осы оқиға этносаралық сипат алды. Бұл жерде ешқандай да этносаралық жанжал болған жоқ! Алайда елімізге қарсы араңдатушылар мен қаскөйлер аталған оқиғаны басқа сипатта көрсетті. Біз шара қолданбаймыз ба? Мұндай араңдатушылар еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіруде. Сондықтан осы оқиғадан дұрыс шешім шығаруымыз керек. Құқық қорғау органдары тарапынан ұлттық қауіпсіздікке зиян келтіріп, халқымыздың бірлігін бұзуға бағытталған кез келген әрекетке шара қолданылады. Бұл әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге де қатысты.
Қазақстан ұйғырлары республикалық мәдени орталығы:
Құрметті Қазақстан азаматтары! Панфилов ауданының Пенжім ауылында 27 қазанда болған оқиға бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде белгілі бір резонанс тудырды.
Өкінішке қарай, жергілікті мектептің 9-10 сынып оқушылары арасындағы төбелестен ұлдардың бірі - Нұрбол Әділхан ауруханаға түсті.
Біз, «Қазақстан ұйғырлары республикалық мәдени орталығының» басшылары жасөспірімнің ата-анасына шын жүректен қайғырып, оны емдеу мен оңалтуға қажетті кез келген көмекті көрсетеміз.
Екінші жағынан, біз, орын алған бұл оқиғаны, әлеуметтік желілерде этносаралық жанжал ретінде көрсетуге тырысудан бас тартамыз. Ия, 28 қазанға қараған түні ауылдың кейбір тұрғындары үйлер мен көліктердің терезелеріне тас лақтырып, ұсақ бұзақылыққа жол берді.
Сонымен қатар әлеуметтік желілерде аталмыш этносаралық қақтығыстар туралы тарап жатқан қауесеттердің ешқандай негізі жоқ екенін жауапкершілікпен мәлімдейміз.
Алматы облысы басшылығының, құқық қорғау органдары мен Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің жедел іс-қимылдарының нәтижесінде ауылда қоғамдық қауіпсіздік, азаматтардың бейбітшілігі мен тыныштығы қамтамасыз етілді.
Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары З.Кузиев, Қазақстан ұйғырлары республикалық мәдени орталығының өкілдері Пенжім ауылында және жигит-бешимен бірге билік пен полицияға осы оқиғаны шешуге көмектесуде. Біз төбелеске және арандатушылыққа қатысы бар адамдардың барлығы заңға сәйкес жазаланатынына сенімдіміз.
Біз азаматтарды сабырлық сақтауға, ресми ақпаратқа сенуге және әртүрлі жалған хабарламаларға, әлеуметтік желілердегі қызуқандылыққа бой алдырмауға шақырамыз! Панфилов ауданының қазақтары мен ұйғырлары жақсы қарым-қатынастарды, көпжылдық достықты, бауырластық байланыстарды бағалайды және «зиянды арандатушылар» осы оқиғаны пайдаланып, арадағы достыққа сызат түсіруге жол бермейді»
Қазақстан халқы Ассамблеясының ресми өкілі Бекбаева Майя:
Кеше күндізгі уақытта Алматы облысы Панфилов ауданы Пенжім ауылының жергілікті мектебінде екі жоғары сынып түлектерінің арасында келіспеушілік туындап, оқушылар арасында төбелеске ұласты. Өкінішке орай, төбелес барысында оқушылардың бірі зардап шекті, оған қажетті көмек көрсетілді. Ол қазір ауруханада дәрігерлердің бақылауында.
Кешке ауылда жергілікті тұрғындар жиналып, мектеп аумағында болған топтық төбелес салдарынан аталмыш жағдайдың орын алуына байланысты наразылықтарын білдірді. Сонымен қатар кейбір жасөспірімдер мен жастар эмоцияның және арандатушылардың әсерінен бірнеше жеке үйлер мен көліктердің әйнектерін сындырған.
Ауыл тұрғындары арасында, этносаралық негізде қандай да бір жанжалдың, әсіресе қақтығыстардың жоқ екендігін және оған жол берілмейтіндігін ерекше атап өткім келеді.
Жергілікті тұрғындар - қазақтар да, ұйғырлар да көп жылдар бойы бірге тұрып келеді, бір бірінің достары мен көршілері болып табылады, олардың барлығы шын жүректен бейбітшілік пен тыныштықты қалайды.
Жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының Қоғамдық орынбасары Зәкіржан Күзиев, ҚХА хатшылығы және облыстық ішкі саясат басқармасының этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі бөлімінің басшысы М.Батырбеков және «Қоғамдық келісім» КММ директоры қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде. Олармен бірге ақсақалдар, жигит-беши, азаматтық қоғам өкілдері жұмыс істейді.
Қазіргі уақытта Пенжім ауылындағы жағдай тұрақты.
Бейбіт Күлмағамбет, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты:
Түркітілдес, бір ата- анадан тараған , бір мәдениет және дін , діл, тілге негізделген жекжат бір уыс ұйғыр елімен арамызды бекіту жолын қалай тапсақ екен? Біздің оларға өктемси сөйлеп, бізде тұрған соң шаңыраққа қараңдар деген дікеңдеуіміз, бір көрші түркі атаның балалары емес, оларды бір келімсектер санап, күнде естеріне салып, тізе батыру мінезімізбен қайда бара алады екенбіз ?
Қашан біз бір кішкене қазақ ауылы мінезінен айрылар екенбіз, қызғаншақ, көрші ауылдың баласының өзін жат көретін, төбелеске дайын, ұрда жық мінезімізден?!
Біз қазақ, Үлкен Ұлыс - Қазақ Елі емеспіз ба, жарасар ма біздей қалың қазақ Еліне, осындай іштарлық мінез, басқа жолды таппайтын,тек жұдырыққа жүгінетін , жалған батырлық. Әлем түрік елдері бізді- қазақтарды кешегі Алтын Орда , Көк түріктер мемлекеттерінің асыл
тұяғы ретінде бағалап, сырттан бақылауда. Түркі мәдениетінің сақшылары, кіші түркітілдес ағайын елдердің жоғын жоқтаушылары, қорғаншылары деуде. Сай болмаймыз ба осы деңгейге? Қайда осы, кешегі ата билеріміздің ел арасы дауларды шешетін, екі жаққа тең даналығы, мінезділігі, әділеттілігі, шыныменде қайда?
Өткен дұнған оқиғаларына да , масқара болдық емес па бүкіл алемге, арамызда тұрып жатқан кіші ұлтқа әңгір таяқ ойнатып. Ақырында, өзіміз опық жедік соңында, арыстарымыз түрмеге түсіп, талай жылға сотталып кетті.
Кешегі "аға" сары ұлттан төмпішті көрген кіші "іні" ұлт комплекстерімізден арылу уақыты келіп, өтіп кеткен сияқты. Солардан көрген "өшімізді" саны әлдеқайда аз, бізден кезінде пана іздеп келген ұйғұр және басқада ұлттардан алуға тырысуымыз, енді бізге жараспас. Себебі, біз бұдан кейін, Тәуелсіз Ұлы Ұлыс-ҚАЗАҚ ЕЛІ-міз! Біз, елімізді паналаған, әсіресе туысқан түркітілдес елдерді бастарынан сипатайтын, қанатымыздың астына ала білетін, тұмсықтыға шоқытпайтын мықты, күшті, адамгершілігі мол, әділетті жақтайтын ел болуымыз керек . Ұйғұрлады бытыратып, қашуға итермелемейтін емес, ұйытып, Қазақ Еліне еңбектенетін, балаларын шын ниетпен қазақ мектебіне беруге тырысатын, бізді қолдайтын , туысқан ұлттар ретінде бауырға тарта білуіміз қажет. Бұл енді біздің , түркітілдес елдер алдындағы ең бірінші міндетіміз десек те болады, егер шынымен Ұлы ЕЛ, Ұлы қазақ болғымыз келсе. Ұсақ мінез, ұсақ елдерге тән.
Қазір Қытай коммунистерінің зорлылығына түсіп жатқан Ұйғұрыстан ақырында бостандық алады, кезінде біз алған Тәуелсіздікке олардың да қолы жетеді. Бауырлас ұйғұр халқы, болашақ Тұран Әлемінің керемет әдемі бір бөлшегі болады, құдай қаласа. Бауырымызға басайық оларды, қолдайық. Қазақтық, Түркілік кеңдігімізді білдірейік, кірбің көңілдері шайылып, біздің ұйғырларымыз жан жылуларын, сеніміндерінің кең қақпасын, қазақ туыстарына айқара ашсын!