Балаларға үміт сыйлаған – «Үміт» үйі

Балаларға үміт сыйлаған – «Үміт» үйі

Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Үміт» күндізгі болу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі денсаулығында ақауы бар балалармен жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқан орталық.

Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Үміт» күндізгі болу орталығы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2018 жылғы 29 тамыздағы №379 бұйрығына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандарты бойынша жұмыс істеп келеді.

2010 жылдың 9 желтоқсанында өз жұмысын бастаған «Үміт» орталығы саланың білікті маманы Әлия Садықованың жетекшілігімен қаншама балаға үміт отын сыйлап, олардың өмірге деген құштарлығын оятып, әрі денсаулықтарының түзелуіне қолдан келгенше жағдай жасап келеді. 

Әлия Секерғалиқызы басқаратын бұл орталықта арнаулы әлеуметтік қызмет алуға мұқтаж 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі ерекше қамқорлықты қажет ететін 40 балаға 7 түрлі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілу қарастырылған. Соның ішінде 20-сы ер бала, 20-сы қыз бала. Диагнозына тоқталар болсақ, неврологиялық ауытқуы бар балалар – 15, ДЦП-мен ауыратындары – 19, дауна диагнозы қойылғандары – 6. 

Стандартқа сәйкес қызмет алушыларды жас ерекшелігіне және өзіне-өзі қызмет көрсету қабілетіне байланысты «Балапан», «Балдырған», «Бүлдіршін», «Тұлпар» сынды түрлі топтарға бөлінеді. Әрқайсысына көрсетілетін қызмет түрлері де әртүрлі», – дейді. 

«Үміт» үйінде балаларға олардың жарқын болашағы үшін, олардың игілігі үшін түрлі қызметтер көрсетіледі.

Атап айтқанда, әлеуметтік – тұрмыстық қызмет көрсетуге күнделікті тасымалдау, тамақтандырудан бастап, балалардың санитарлық-гигиеналық дағдыларын қалыптастыру, әдептілікке үйрету, қоғамдық ортаға деген бейімділігін арттыру, өзін-өзі ұстауға тәрбиелеу дағдылары бойынша жұмыс жүргізіледі.

Әлеуметтік – медициналық қызмет аясында науқастың денсаулық жағдайын ескере отырып күтім көрсету қамтамасыз етіледі. Бұл тұрғыда науқастың денсаулық жағдайы күн сайын қадағаланады және дәрігерге дейінгі көмек жасалады. Атап айтқанда, дене қызуын өлшеу, дәрігерлердің тағайындауымен дәрі-дәрмек, дәрумендер беру, уқалаулар және ТҚА бұзылған балаларға емдік дене шынықтыру жаттығуларын жасауға көмектесу сияқты қызметтерді қамтиды. Осы уақытқа дейін оңалту орталығының қызметіне жүгінген науқастардың арасында тұрақты жүргізілген емнің нәтижесінде аурынан толыққанды айыққандар да бар. Осындай денсаулығы қалыпқа келген үш баланың мүгедектігі алынып, қатарға қосылуы – «Үміт» үйіндегі өз ісіне асқан жауаптылықпен қарайтын іскер мамандардың зор еңбегінің жемісі. 

Сондай-ақ, «Үміт» орталығында балалар үшін арнайы әлеуметтік-психологиялық қызмет көрсетіліп, қызмет алушының мінез-құлқындағы өзгерістермен жұмыс жүргізіледі. Сондай-ақ, жұмыс барысында науқастың айналасындағы адамдармен қарым-қатынаста ауытқушылықтарға әсер ететін оның психикалық және эмоциялық жай-күйін зерттей отырып, баланың есте сақтау, қабылдау, ойлау қабілеттерін дамыту мақсатында жұмыстар атқарылады.  

Баланың дамуына зор үлес қосатын орталықтағы қызмет түрлерінің бірі –әлеуметтік – педагогикалық қызмет. Осы бағытта қызмет алушыға түзету жұмыстары жүргізіле отырып, баланың қабылдау деңгейіне қарай әртүрлі сабақтар өткізіледі. Әр түрлі кемістігі бар балалардың психологиялық және физиологиялық даму ерекшелігін зерттеу және сонымен қатар оларды оқыту және тәрбиелеу, қалыптастыру жолдарын айқындау педагогикалық қызмет түрінің басты мақсаты болып табылады. Сонымен қатар педагогикалық қызмет көрсету барысында әр түрлі дидактикалық материалдарды қолдана отырып баланың қол моторикасын дамыту көзделеді. Орталық қызметін алушылардың еңбек сабағында жасаған қол бұйымдары бүгінде облыс көлемінде ұйымдастырылған көрмелерде жүлделі орындарға ие болуда. «Үміт» орталығының тәрбиленушілерінің барлығы дерлік өнерлі өрендер десек артық айтқандық емес. Себебі,мұнда әрбір балаға жеке дара әлеуметтік мәдени қызмет көрсетіледі. Осынау қызметтің ерекшелігі сол балалардың өнерлі, дарынды болып қалыптасуына жол ашады. Қызмет алушының қабылдау деңгейіне және бейіміне қарай билеу, ән айту, әр түрлі үрмелі аспаптарда ойнау сынды өнердің сан алуан түріне баулу жағы қарастырылған. Балалар орталықта өз талаптарын ұштап, өнерлерін шыңдай отырып, түрлі мәдени іс-шараларға, концерттерге, көрмелерге, байқауларға қатысуға мүмкіндік алады. Қазіргі уақытта «Үміттің» үкілеген талантты да талапты балалары «Жұлдызай», «Жүректен жүрекке», «Мен дарынды баламын», «Мүгедектік үкім емес» атты аудандық, облыстық байқауларда өздерінің бағын сынап, жүлделі орындарды иеленіп, жоғары нәтиже көрсетіп жүр. Мұның өзі ұжым мүшелерінің бес саусақтай жұмылып, балалармен жемісті жұмыс жүргізе білгендігінің арқасы екендігі айқын. 

Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекет тарапынан арнайы қолдау мен көмек көрсетілетіні белгілі. Кейбір науқастар осындай тиесілі көмекке қол жеткізе алмай жататын кездері де ұшырасып жатады. Осындай сәттерде науқастарға арнайы әлеуметтік-құқықтық қызмет көрсетіледі. Қызмет көрсету барысында қызмет алушының заңды құқықтарын бұзатын немесе шектейтін мемлекеттік органдар мен ұйымдардың лауазымдық тұлғалардың әрекеттеріне шағымдануға көмектесу, жеке басын куәландыратын құжаттарды, заңнама бойынша тиісті жеңілдіктерді алуға, баспана алуға жәрдемдесу сияқты құқықтық көмек көрсету мәселелерін шешуге пайдалы кеңес беріледі. Осындай құқықтың кеңестерді алудың нәтижесінде орталықтағы науқастардың дені өздеріне тиісілі көмек түрін дұрыс талап ете отырып, олардың пайдалануға қол жеткізуде.

Сонымен қатар, әлеуметтік-экономикалық қызмет түрі де науқастардың түрлі жеңілдіктер, жәрдемақылар, өтемақылар мен басқа да төлемдерді алуға жәрдемдесу және қызмет алушылар үшін мүдделі мәселелерді шешуге зор көмегін тигізуде.

    Орталық қызметін тұтынатын балалар үшін мұнда барлық жағдай жасалған. Басты мақсат – олардың әрібірінің денсаулығын жақсартуға мүмкіндік туғызу. Ол үшін әлбетте орталыққа ең басты қажетті дүние – заманауи техникалық құралдар екені сөзсіз. Соның ішінде қол моторикасын, сипап сезінуін, денсаулығын оңалту мақсатында тірек қимыл аппараттарының науқастарға тигізетін пайдасы ұшан теңіз. Бұл мәселенің барлығы мемлекет тарапынан ескерілгендіктен, бүгінде «Үміт» үйіне «Механотерапиялық жүру иммитаторы», «Тренажер МОТОМЕД», Вертикализатор, «Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған тіреуіш көмек құралдары», Брусья, «Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жүру құралдары», «Түрлі-түсті құммен сурет салуға арналған дидактикалық құралдар», «Тактильті жолдар», «Иппотерапия», М.Монтесори тақтасы, «Нумикон», «Туннеллдер» сынды құрал-жабдықтардың барлығы дерлік алынып, балалардың игілігі үшін жұмыс істеп тұр.  

«Үміт» үйі балалардың денсаулығын жақсарту жолындағы атқарылуы тиіс істердің барлығын жүзеге асыру жолында жемісті жұмыс істеп келе жатқан Алматы облысындағы бірден бір мекеме десек артық айтқандығымыз емес.  

     Атап айтқанда, 2018 жылдан ТҚА бұзылған балаларды Талдықорған қаласы, Еркін ауылында орналасқан «Ерасыл» этно-ауыл кешенінде табиғатта атпен серуендеуге «Иппотерапияға» қатысса, орталықтың тағы бір оншақты емделушісі "Future-IT" робототехника мектебінің демеушілігімен тегін робот құрастыру сабағына қатысып, дамудың келесі бір деңгейіне көтерілуге жол ашуда. 

   «Спорт – салулық кепілі» демекші, спортпен шұғылданған балалардың денсаулығы зор болатыны белгілі. Осы мақсатта орталықтың қызмет алушылары Айдосұлы Арман мен Жарқын Ағарсын Талдықорған қаласындағы «Жастар» спорт кешеніндегі Пара үстел теннисіне қатысып, спорттың осы түрі бойынша шеберліктерін шыңдауда. Бүгінде спортшыларымыз ҚР чемпионаттарына қатысып жүлделі орындарға ие болып, жлоғары нәтиже көрсетіп келеді. Сондай-ақ, пауэрлифтингке қатысып жүрген Айдарқызы Айгерім бүгінде спорт шебері атағына ие болып облыстың белсенді бетке ұстар спортшысына айналды. Мұның барлығы орталық балаларының сегіз қырлы, бір сырлы екендігінің бір көрінісі.

Тағы да атап көрсетуге тиісті дүние – Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысының бастамасымен орталық қызмет алушылары аптасына екі рет Талдықорған қаласындағы орталық бассейнге апарып «аква терапия» қызметін алуда. Өз кезегінде мұның барлығы орталық қызмет алушыларының игілігі үшін жасалып жатқан ілкімді істер. 

Алдарына айқын мақсат қойып, тек ғана ауқымды істердің атқарылуына ұйытқы болып келе жатқан "Үміт" орталығының жұмысы көпке үлгі. «Әрбір бала бақытты болуы үшін жаралған» десек, балалардың қуанышын, балалардың бақытын бәрінен биік қойған ұжым мүшелері жан жүрегімен беріліп, осы жолда аянбай еңбек етіп келе жатқаны көңіл қуантады. Қаншама баланың үміт отын жаққан «Үміттіктердің» үміті ақтала берсін дейміз! Елеулі еңбектеріңіз ел алдында еленіп, балалар үшін атқарған қалтқысыз қызметтеріңіз үшін сансыз сауап жазылып, ел ықыласына бөлене беріңіздер демекпіз! 

Гүлмира САДЫҚ,

Алматы облысы

qazaquni.kz