АБЫРОЙЛЫ МІНДЕТ МІНСІЗ АТҚАРЫЛАДЫ
2021 ж. 12 қараша
1391
0
Жер бетін жайлаған коронавирус індеті әлемдегі барлық мемлекеттердің қай-қайсысына болсын қисапсыз қиындықтар әкелгені белгілі. Біздің еліміз де сырт қалған жоқ, қаншама адамдардың өмірін жалмаған ковидпен әлі де күресіп жатырмыз. Мемлекет тарапынан көптеген шұғыл шаралар қабылдануның арқасында қаншама өмір сақталып қалды. Бірқатар аймақтарда тез арада жаңадан арнайы мамандандырылған ауруханалар салынып іске қосылды. Соның бірі Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында былтыр екі айдың ішінде салынып пайдалануға берілген болатын.
Ковидпен нәтижелі күрес жүргізу үшін мұндай арнайы жабдықталған аурухана аса қажет екені белгілі. Оған қоса білікті мамандар болса науқастарға сапалы ем көрсету мүмкіндігі анағұрлым артады. Сонда ғана нәтижелі жұмысқа қол жеткізуге болады. Бүгінгі күні Талдықорғандағы жұқпалы ауруларды емдейтін мекемеде сапалы қызмет көрсету үшін жақсы жағдайлар жасалған. Жалпы ауданы 6,8 мың шаршы метрді құрайтын екі жүз орындық жаңа ауруханада атқарылатын жұмыстардың басым бөлігі автоматтандырылып, цифрландырылған. Науқастарды емдеумен қатар медицина қызметкерлерінің өздері инфекцияны жұқтырып алмау жағы да алдынала қарастырылған. Аурухана «таза» және «лас» аймақтарға бөлінеді. Қызметкерлер алдымен «таза» аймаққа кіріп, киім ауыстырып, жеке қорғаныс құралдарын алғаннан кейін ғана «лас» аймаққа жұмысқа шығады. Ал ауысым аяқталғаннан кейін жеке қорғану құралдарын шешіп, жуыну бөлмесіне кіреді, осыдан кейін киімін ауыстырып, ауруханадан басқа есіктер арқылы шығады. Бұл сақтық шаралары қатаң сақталады.
Тағы бір артықшылығы, барлық палаталарда желдету жүйесі орнатылған. Ластанған ауа ультрафиолет сәулелерімен тазартылғаннан кейін дренаж жүйесі арқылы қысыммен шығарылады. Мұндай жүйе барлық палаталарда, жан сақтау бөлімінде және зертханаларда да бар. Оған қоса аурухананың барлық қызметкерлері бірыңғай ақпараттық жүйеге қосылған планшеттермен қамтамасыз етілген. Дәрігерлер мен медбикелер науқас туралы ақпаратты қадағалап қана қоймай, оны жаңартып отыруға мүмкіндігі бар. Адам өмірі үшін күресетін жұмыстың ең ауыры Жан сақтау бөлімінде өтеді. Мұнда әрбір кереуеттің үстінде бейнекамералар орнатылған және орталық жүйеге қосылған. Кезекші оператор тәулік бойы әр науқастың жағдайын қашықтан бақылай алады. Аурухана диагностикалық және зертханалық құрылғылармен жабдықталған. Компьютерлік томограф, сандық рентген, жылжымалы рентген аппараты, өкпені жасанды желдету аппараттары, виброкаустикалық, гемодиализ аппараты, биохимиялық, клиникалық, экспресс-зертханаларға арналған жабдықтар жұмыс істейді. Қажет дәрі-дәрмек жағынан да тапшылық жоқ.
Рас, бастапқы кезде мамандарға деген тапшылық болды. Бұл мәселені шешу жолы да табылды. Басқа саладағы дәрігерлердің біразы короновирус індетіне қарсы ем көрсету шаралары бойынша арнайы мамандандыру цикл
бойынша оқып, біліктіктерін ұштап, арнайы дайындықтан өтті.Осылайша инфекционист-дәрігерлердің қатары көбейтілді. Оның ішінде хирург, эндокринолог, кардиолог, терапевт, пульмонолог дәрігерлер және жалпы тәжірибелі дәрігерлер емханалардан осы стационарда жұмыс жасауға тартылды.
Індетке байланысты карантин кезінде медицина қызметкерлері үшін қиындықтар көп болды. Отбасымыздан бөлініп, 3-4 айға дейін үй бетін көрмей, туысқандарымызбен тікелей араласпай, алыстан тек телефон арқылы байланыста болдық.Әрине ол өте ауыр сынақ, себебі қарт жастағы ата-ана, бала-шаға, отбасы шаруалары мүлдем назарымыздан тыс қалды. Осындай қиын кезеңде жергілікті әкімшілік тарапынан үлкен көмек көрсетілді.Эпидемиялық талаптарға сай арнайы қонақ үй және жұмысқа қатынауға көлік бөлінді. Оған қоса осы қатерлі қиын кезеңде медициналық қызметкерлерге еңбектің ауырлығы мен қауіптілігі ескеріліп, жалақыға үстемақы қосып төленіп тұрды. «Біз бірлескен күш-жігермен қауіпті инфекцияны, пандемияны бірге жеңетінімізге сенімдіміз. Бұл үшін мемлекет барлық жағдайды жасайды. Биылдың өзінде облыста денсаулық сақтау нысандарының құрылысына 12 миллиард, коронавирустық инфекцияның мүмкін екінші толқынына дайындыққа 7,3 миллиард теңге бөлінді. Тұрақты негізде біз облыстың медициналық қызметкерлеріне барлық қажетті қолдауды көрсетеміз, жәрдемақы төлейміз. Келесі жылы облыс орталығында дәрігерлер үшін арнайы 60 пәтерлік тұрғын үй салынады. Коттедж қалашығында медициналық қызметкерлерге шамамен 47 үй бөлу мәселесін де пысықтап жатырмыз» – деген болатын облыс басшысы А. Баталов осы аурухананың ашылу салтанатында. Ол уәдесін біртіндеп іске асыра бастады. Бұл да медицина қызметкерлеріне деген үлкен қамқорлық, олардың еңбегін ынталандырады.
Сапалы қызмет етуге жасалған жағдай өз нәтижесін беріп жатыр деп толық сеніммен айтуға болады. Ауруханамыздан төрт мыңнан аса науқас емделіп, таза сауығып шықты. Біздің мамандар міндетін мінсіз атқарып келеді. Директордың емдеу ісі бойынша орынбасары А. Ким, реанимация бөлімі меңгерушісі Қ Әбітаев, инфекционист дәрігер Э. Оспанова, реаниматолог А. Әбішева, А. Демеубаев, бас мейірбеке Г. Байасылова секілді
мамандарымыз уақытпен санаспай еңбек етті. Бүкіл ұжым бір кісідей жұмылып күн, түн демей науқастарға қызмет көрсетті. Міндетін жақсы атқарған мамандар ескерусіз қалмады. Оның ішінде дәрігерлерге жергілікті әкімшіліктен баспана беріліп, түрлі дәрежедегі марапаттармен мадақталды. Президент атынан алғыс хат, "Шапағат"төс белгісін, «Құрмет» орденін алған дәрігерлеріміз де бар
Қазіргі танда вакцина науқанының арқасында індет саны біршама азайды. Десек те әлемде вирустың бірнеше жаңа штамдарының пайда болуына байланысты көрші шет елдерде ахуал тұрақталар емес. Сол себепті індеттің жаңа толқыны болуы әбден мүмкін.Соны ескере отырып, алдағы уақытқа қажетті дәрі-дәрмектер, құрал жабдықтар қатарын толтыру үшін пысықтау жұмысын жүргізіп жатырмыз. Ковидты түпкілікті жеңгенше күрес жалғаса
береді. «Денсаулық – зор байлық» деп аталарымыз бекер айтпаған, адамдарымыздың денсаулығын сақтау біздің абыройлы міндетіміз.
Гүлнар ЖҮСІПБЕКОВА,
КВИ бөлімі меңгерушісі.
Талдықорған қаласы.