Сбербанкпен меморандум: Елімізді цифрландыру мәселесімен тек қазақстандық IT компаниялар айналысады

Сбербанкпен меморандум: Елімізді цифрландыру мәселесімен тек қазақстандық IT компаниялар айналысады

Ресейлік Сберге отандық электрондық платформа берілмейтін болды. Елімізді цифрландыру мәселесімен әрі қарай тек қазақстандық IT компаниялар айналысады. Бұл туралы құзырлы министрлік жанындағы сарапшылар кеңесінде айтылғанын қоғам белсендісі фейсбукте Мұхтар Тайжан жазды, деп хабарлайды «Қазақ үні» ақпарат агенттігі. 

Электронды үкіметті Ресейдің Сбербанкіне беру ұсынысы қоғамда үлкен дау туғызған болатын. 

Аталмыш мәселе редакциямыздың басты назарында еді. 

Бұған дейін, Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Үкімет сағатында министр Бағдат Мусинге сұрақ қойып, елдің алаңдаушылығын жеткізген болатын.

Мәжіліс депутатының министрге қойған сауалдары: 

1.Қазақстанның цифрландыру деңгейі жақсы дамуда. Оған жаңа сіздің жасаған баяндамаңыздан да көзіміз жетті. Біз БҰҰ-ның халықаралық рейтингі бойынша онлайн-қызмет бойынша 11-ші орында, электрондық үкімет бойынша 29 орында, электрондық қауіпсіздігі бойынша 31 орындамыз.

Тіпті Ресейдің алдындамыз! Ендеше бүкіл 19 млн қазақстандықтардың жеке мәліметі бар мемлекеттің электрондық үкіметін түгел шет мемлекетке - Ресейдің Сбербанкіне бере салуды қалай түсіндіресіз?!. Бұл биыл 30 жыл толып отырған Тәуелсіздігімізге нұқсан емес пе?

Сіз “бұл келісім шарт емес, меморандум” дейсіз, бәрі меморандумнан басталады. Дауылдың алдындағы жел тұратыны секілді. Өйткені, бұл меморандумға үкімет басшысы Асқар Мамин қол қойып отыр ғой.

Өзіңіз айтқандай бұл қоғамда үлкен қарсылық туғызып, шу болуда. Бұны сіздің жауабыңыз да қанағаттандыра алмады.

Бұған алаңдаған “Ақ жол” фракциясы депутаттық сауал да жасады, оны өзіңіз білесіз.

2.Цифрландыру саласын міндетті түрде шетелге бермесек, күн көре алмайтын болсақ, онда Қазақстаннан кейінгі орында тұрған Ресейге бергенше, неге алдыңғы қатардағы елдерге бермейміз ашық та әділ конкурс жасап.

3.Бұл IT секторының дамуына кедергі келтіреді. Мамандардың шетелге ағылуына жол береді деп отыр сарапшылар. Өйткені тапсырыс беруші мемлекеттік және жергілікті органдардың тапсырысын қожайыны шетелдік платформа иесі өзі біледі кімге беруді…

4.Егер АҚШ ертең Ресейге әлемдік ең алдыңғы қатарлы бағдарламаларға қол жеткізуге тосқауыл қойса біз қайтеміз? “Екі түйе сүйкенсе шыбын өледі” дегендей, шырылдап, босқа құрбан болып кетпейміз бе?

5.Сіз Бағдат Батырбекұлы, өзіңіз министр ретінде мемлекеттік тілде жақсы сөйлейді екенсіз, рахмет. Қазір қазақ министрі қазақша сөйлесе қуанатын масқара жағдайға жеттік Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығының “жетістігі”…

Ал цифрландыру саласындағы, E-gov платформасындағы мемлекеттік тілдің қолданылуы деңгейі қандай?

Сонымен қатар, ҚР Премьер-Министрі А.Ұ. Маминге Мәжілістегі “Ақ жол” демократиялық партиясы фракциясы атынан Мәжіліс депутаты Мақсат Раманқұлов Ресей Сбербанкімен цифрлық үкімет платформасын құру туралы келісімі жөнінде депутаттық сауал жолдаған еді.

Ол сауалда мынандай негізгі үш мәселе көтерілген болатын: 

1) Біріншіден. Аталған келісімді өткен жылдары цифрландыру бағдарламаларына бюджеттен бөлінген қаржының тиімсіз жұмсалғанын мойындау деп бағалауға бола ма?

Егер солай болса, онда өткен жылдары мемлекеттің нақты қанша қаржысы мемлекеттік қызмет көрсетуді цифрландыруға жұмсалды және оның тиімсіз жұмсалғаны үшін жауапкершілік кімнің мойнында?

2) Екіншіден. Осы Келісімді дайындау кезінде отандық немесе ең мықты халықаралық IT-компаниялардың мүмкіндіктері ескерілді ме? Оны дайындау барысы ашықтық пен адал бәсекелестікке қаншалықты сай болды?

3) Үшіншіден. Келісімді іске асыру барысында ақпараттық қауіпсіздік мүдделері қалай қорғалады?