8 жасар қазақ қызы әлемнің супермоделі атанды

8 жасар қазақ қызы әлемнің супермоделі атанды

Атыраулық 8 жасар оқушы қыз әлемнің супермоделі атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Құрманғазы ауданының Көптоғай ауылында тұратын Мәриям Ишанғалиева 3-сыныпта оқиды. Биылғы шілдеде «Әлемдік модель – 2021» халықаралық байқауына суреттерін жолдаған екен. Ал, қыркүйекте байқау қорытындысымен бірінші орынға ие болып, ақтық сайысқа жолдама алған. Жақында шешуші сайыс Сочиде қорытындыланды. 

Анасы Арай Қарабалаеваның айтуынша, биыл «Әлемдік модель» байқауына әлемнің 40 елінен үміткерлер қатысуы тиіс болған. Алайда, коронавирус пандемиясына байланысты 25 үміткер бақ сынаған. Қазылар алқасының жеті мүшесі Мәриямды 6-9 жастағы қатысушылардың арасынан жеңімпаз деп таныды. 

Атыраулық оқушы байқаудың бас жүлдесін иеленіп, «Әлем жұлдызы» атанып отыр. Оған «Жер шарының супермоделі –2021» аталымы қоса берілген. 

«Қызым жолға шығарда «Мен басыма тәж киіп келемін» дегенде, таң қалған едім. Сайыс кезінде аз-кем қобалжығаны байқалды. Өйткені, халықаралық бәсекеде еліміздің атынан жалғыз өзі қатысты. Біз Құрманғазы ауданында тұрамыз. Сол себептен, сахнаға Құрманғазының «Адай» күйімен шықты. Байқаудың тәжін басына кигізгенде қуаныштан жылап жіберді», - дейді анасы Арай Қарабалаева. 

Сегіз жасында әлемдік супер модель атанған Мәриям Ишанғалиева бос уақытында би үйірмесіне қатысып жүр. Бұған дейін облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы атанған. Арманы – Оңтүстік Кореяда жоғары білім алып, дәрігер болу.