ЦИФРЛАНДЫРУ, ҚАЙДА БАРАСЫҢ?!.
2021 ж. 31 қазан
1978
0
Жұма күні жұмыстың аяғына қарай Конгресс орталығында өткен “DIGITAL BRIDGE” цифрландыру халықаралық форумына бардым.
Мен бұл жерге белгілі IT маманы, программист, латын графикасындағы қазақ әліпбиі нұсқасын жасап жүрген Жанат Аймаханның шақыруымен келдім.
Шынын айтқанда, жұмыстарым бастан асып тұрса да, цифрландыру саласын қазақшалау мәселесін көтеріп жүрген Жанат ағамыздың: “Бұл көрме мен форумды басқалар көрмесе де, цифрландыру саласын Ресейдің Сбербанкіне беруге қарсы шығып, министр Мусинді сұрауға алған сіз келіп көруіңіз керек”-деген соң, сөзін жерге тастай алмадым.
Форум аясында цифрландыру саласындағы жетістіктер көрмесі өтіп жатыр екен.
Форумда төрде түгелге жуық өзге ұлт өкілдері жайғасқан. Әрине, олардың бәрі өз үйлерінде отырғандай өз тілдерінде сөйлеуде. Тек біздің қазақтар ғана өзге тілде, халықаралық ағылшын тілінде болса, мейлі ғой, кеше ғана өздері отарынан шыққан Ресей тілінде сайрап жатыр жарысып…
Көрнекі ақпараттардың барлығы тек Ресей тілінде. Қай мемлекетте өтіп жатқанын айтпай, эфирге шығарсаң, шетелдіктердің барлығы бірден Ресейде өтіп жатыр деп ойлайтыны анық.
Жанымда отырған Жәкеңе: “Қазақ астанасында өтіп жатқан мынау форумда Қазақтың исі де жоқ қой?!.”-дедім.
“Әрине, қазақтың исі болмайды. Жаңа сіз келмей тұрып сөйлеген министр Мусин де, президенттің көмекші, кеңесшілері де, барлығы тек орысша сөйлеп кетсе, басқалардан не сұрайсың? Шаруамыздың біткені осы емес пе? IT секторында жастарымыз қаптап өсіп келеді. Бірақ бір өкініштісі көбісі қазақша білмейді.”-деді наразылық танытып.
Айтса, айтқандай, көрмедегі өз өнімдерін ұсынып отырған жастарға беттеп едік, көбісі амандасуының өзін орыс тілінде бастап қарсы алды. Мені Жәкең “Парламент депутаты, “Ақ жол” фракциясы мүшесі” деп таныстырып еді, барлығы өз өнімдерін көрсетіп қалуға асықты. Мен қазақша амандасып, қазақша сөйлеген әдемі сары қыздың үстеліне бардым.
“SPEECH LAB” компаниясының жоба жетекшісі Динара Әлім” деп таныстырды өзін.
Бұлардың ерекше бағдарламасы жазумен айналысатын маған қатты ұнады. Сөйлесең - сөзіңді мәтін етіп береді. Мәтін берсең - дыбыстап аудио етіп шығарады.
Тәжірибе жасап көру үшін менің: “Бұл өтіп жатқан қандай көрме?”-деген сөзімді лезде ешбір қатесіз мәтін етіп шығарды.
Тексті алып салсаң, аудио етіп дыбыстайтын функциясын тексеру үшін кез келген мәтінді дыбыстауға “Қазақ үні” сайтын аштық.
Бірден көзімізге бір апта бұрын шыққан, қазақ әдебиеті классигі Әбдіжәміл Нұрпейісті 97 жасқа толуымен құттықтаған мақалам көзге түсті. Сол мақаладан көрнекті жазушы Смағұл Елубайдың Әбең туралы айтқан сөйлемін алдық. “Мемлекеттік тіл үшін алаңға, көшеге шығамыз деп шештік. Тоқсан бес жастағы Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің өзі «Тіл үшін алаңға шыққан елдің ең алдында мен жүретін боламын” деп ширықты. Сөйтіп, әлгі хатқа бүгінде 126 мыңнан астам белсенді адам қол қойды. Ал оның сыртында белсенді емес миллиондаған қазақ тұр ғой!”-деп толғап, толғанып сөйлеген еді Смағұл ағамыз”-деген мәтінді демде аудиоға айналдырды.
Бұл жетістікті “Қазақ үні” ұлттық порталы бас редакторы, дарынды ақын Азамат Тасқараұлына жеткіздім.
-Тамаша бағдарлама! Жақын болашақта мәтін теру, аудармашы секілді көптеген жұмыстар жойылатын боп тұр ғой. Әуелі сайт жасайтын бағдарламалар шығып жатыр. Үлкен сайт болмаса да, кішігірім визитка сайт жасауға жарап тұр.
Соны ойлаймын да, болашақта ақындар ғана сұранысқа ие болатын заман туады-ау. Себебі, суретті де, әнді де компьютермен жасау белең алып барады. Әуелі әртістердің орнына адамды компьютермен жасап, кино шығарып жатыр.
Жазушылықты да алмастыруы мүмкін бір бағдарламалар.
Өлеңді ғана еш компьютер шығара алмайды ғой, - деді Азамат бауырым.
-Онда ақындар сұранысқа ие болатын кезіміз алда болса, соған дайын болайық!- деп, мен де сөзімді жоғары нотамен аяқтадым.
Иә, осындай жетістіктері бар, еш елден кем емес IT секторындағы жас мамандарымыз қаулап өсіп келе жатқанда, олардың жолын байлап, шетелге, Ресейдің Сбербанкінің бодауына байлап беріп жатқанымыз қалай болар екен?!
“Платформаның ең күрделі мәселесі - бізді орыс тіліне әбден байлау. Қазақстанда Windows OS орысша. Бізді байлайтыны осы. Енді Сбер платформасы бізді сорға батырғанмен бірдей болады. Қазақстандық бүкіл деректер банкісі онсыз да Ресейдің қолында. Бұны Бағдат Мусин мырза министр ретінде сезбеуі күдік тудырады”- дейді Жанат Аймахан жаны ауырып.
Иә, бұл мәселеде, Цифрлық егемендігімізді сақтап қалу жолында Үкіметке қояр сұрақтар көп. Ал олардың, министр Мусиннің жауабы елдің көңілін көншіте қойған жоқ!
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні