Желтоқсан ақиқаты

Желтоқсан ақиқаты

Өсер ұлдың қай сәтте де берік болмақ қалауы,

Лаула, лаула желтоқсанның мұзға жаққан алауы!

Өздерңдей өр намысты, жас өркені бар елдің, 

Ешқашан да еңкеюге тиісті емес жалауы! 

Мұхтар Шаханов. 


«Желтоқсанның ызғарынан әлі тоңам. Желтоқсан келсе көңілімді мұң басады. Сол күнгі ызғар, сарышұнақ аяз жүзімді қарып, шейіт кеткен періште жастардың жанұшырып шыңғырған үндері құлағыма келгендей болады. Бірде Қайрат, бірде Ләззат болып үн қатады. Сол күндері қорлық көрген қандасына ара түсем деп темір торға тоғытылған өмірлік жарым Есжаным да сол күнгі соққыдан денсаулығына сызат түсіп, дүниеден ерте озды». – деп еске алады, дүниені дүр сілкіндірген Желтоқсан оқиғасының куәгері, алаңға шығып зобалаң күндерді бастан кешірген Шәкизада Жахангерқызы Мырзалиева. 

Айтса айтқандай, жауыздық пен зұлымдық белең алған сол күндері алаңға шыққанды былай қойып, сол жерден кездейсоқ өтіп бара жатқан кәмелетке толмаған балаларды да абақтыға апарған сорақылықтарға жол берілгені мәлім. Сол кезде заңғар жазушы Сәбит Мұқанов мұражайында қызмет ететін Есжан да Л.И. Брежнев атындағы алаңға жиналған жастардың ен ортасында жүр еді. Қарусыз, бейбіт көңілмен «Менің Қазақстаным» әнін айтып, шоғырланған өрім жастар өздерін алда не күтіп тұрғанынан бейхабар еді. 

Иә, қатыгездіктің жан түршігерлік шыңына жеткен ол күндердің естелігін еске алудың өзі қиын. Отыз тоғыз жыл ғана өмір сүріп, соңына аз болса да саз мұра қалдырған дауылпаз ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Есжан Айнабековтың қаламгерлігін білсе де, қалың жұртшылық осы бір өткір жанарлы, шалт мінезді жігіттің Желтоқсан қаһарманы екенін біле бермес. Өйткені, түркі әлемінің тұмары Түркістан қаласындағы «Тұран» атты ауылдың Есжан Айнабеков атындағы көшесіне қағылған билбордта оның тек ақын екендігі ғана жазылған. Міне, осы тақтайшаға отызында орда бұзып, қырыққа жетер-жетпес жасында қамал алған азаматтың желтоқсандағы бұрымды бойжеткендерімізге ара түскені үшін темір түрмеге түскен ер мінезін паш ететін «Желтоқсан қаһарманы» екендігін қосып жазған орынды секілді. 

Әділетсіздіктің құрбаны болып, жазықсыз жапа шеккен қазақ жастарының бірі Есжан Сейдуллаұлының басынан өткен сол күндер туралы жазушы, Жазушылар Одағы басқарма мүшесі, профессор, сол тұста Сәбит Мұқанов мұражайында басшының орынбасары қызметінде болған Құлбек Ергөбек Есжан Айнабеков туралы жазған естелігінде былайша еске алады: «Күркіреген күндей болып, «Желтоқсан оқиғасы» өтті. Бірер күннен кейін Сәбит жарықтықтың мұражайына көзі көгерген, басы жарылған, қабырғасы сынған, қисайып Есжан келді. Көңілсіз күндер, түнерген түндер. Үрейлене қарадық. Мәриям апай қорқып кетті. Музейді басқарып отырған Сәбең мен Ғабеңнің ортақ немересі, орыс тілді Нейла Арыстанқызы тіктене қалды. Қайдан келгенін бәріміздің ішіміз сезді. Оңашалап сұрап, істің мән-жайына қанықтым. Мейірхан Ақдәулетов екеуі желтоқсан оқиғасы қайнап жатқан алаңға барады. Жалындаған жастармен бірге әділет іздейді. Ақыры әлгіндей... Бірін-бірі сүйрелеп, майдан алаңынан әрең шығады.

Араға апта салып, қолында желтоқсаншылардың фотосуреті бар, қызыл жағалылар келді музейге. Бұл кезде алдағы қауіпті сезіп, Есжанды жұмыстан босатып, сенімді бір үйге жатқызып қойғанбыз. Әупірім-тәуірмен Есжан аман қалды, желтоқсанға қатысқандар райында «Қазақ әдебиеті» газетіне фотосуреті басылды. Өзі бір сұхбатында «Мені Желтоқсан күндері бәле-жаладан аман алып қалған Құлбек ағам» - депті. Шамасы «Оңтүстік Қазақстан» газетінде болар». 

Дархан пейіл, қамқор Құлбек ағамыздың естелігін оқып отырып, «Шіркін-ай, басын қатерге тігіп Есжанды аман алып қалған осындай жанашыр азаматтар көп болғанда, Қайрат Рұсқұлбековтей, Ләззат Асановадай қайран жастар қыршын кетпес еді ғой,» - деп күйінесің, күйзелесің. 

Тағдыр дегенді қойсаңшы. Жаны егіз, көзқарасы бір жандарды Жаратқан ием өзі қосады екен ғой. Желтоқсанның 16-сы күні алаңға барған жастардың ішінде Қазақ Педагогикалық университетінің студенттері Мейрамкүл Айнабекова мен Шәкизада Мырзалиева да бар еді. 

«Бұл жүрек түкпірінде бұғып жатқан ұлттық санамыздың оянуы ма, әлде қанымызға сіңген намыс отының ұшқыны ма, немесе алаңға бет алған жүздеген жастар легінің дүмпуі ме? Осыдан отыз бес жыл бұрынғы қантөгіс оқиғаның болуына СОКП Орталық Комитетінің тарихта болмаған 18 минуттық қысқа пленумында республиканың бірінші басшысы Д.А. Қонаевты орнынан алып, Ульянов обкомының бірінші хатшысы Г.В. Колбинді Үкімет басыны әкелуі түрткі болғаны белгілі. Алаңға шыққандардың көкейіндегі сауал да «Басшыны неге сырттан әкеледі? Өз ұлтымыздан неге қоймайды?» - деген дүдамал ойлар еді». – дейді Шәкизада Жахангерқызы.

«Әуелі бәріміз ән айтып, арасында ұрандаған сөздер айтып тұрдық. Біреулер дыбыс күшейткіш арқылы сөйлеп жатты. Иін тірескен халық, біреуді біреу біліп болмайды. Үкімет басшылары мінберге шығып тарауымызды өтінді. Бірақ жастардың тарайтын түрі көрінбеді. Бір кезде айналамыз азан-қазан болып, бақайшағына дейін қаруланып, қалқан ұстаған әскерлер қаптап кетті. Қолдарындағы резіңке тоқпақты көзіне түскен адамға сілтеп баудай қырып келеді. Өрт сөндіру машиналары суық су шашып, жерге құлап қалғандарды итке талата бастады. Бейбіт шеруіміздің соңы көз көріп, құлақ естімеген қатыгездікке ұласқанын көріп Мейрамкүл екеуміз әупірімдеп қашып шықтық. Ал, бізбен бірге барған Мира, Халида даген қурстастарымыз ұсталып, түрмеге түсіп қалды. Олардың ондағы көрген азабын тілмен айтып жеткізу қиын. 

Сұмдықтың үлкені ертеңіне басталды. Бізді университет, факультет жиналысына салып, жанға тиетін сөздер айтып жылату, қорқыту-үркіту, тергеу изоляторындағы, Ішкі істер министрлігіндегі тергеулер, күні кеше ғана бірге жүрген курстастарымыздың бізге үрке қарап, іргесін аулақтатуы сияқты әуре-сарсаң күндер әбден жүйкемізді жұқартты. Бағымызға қарай факультет деканы да, кураторымыз да көпті көрген салмақты кісілер еді. Үздік оқуымызды, үлгілі тәртібімізді желеу етіп бізді сотталудан аман алып қалды. 

Жастардың қаны суша аққан алаңдағы сойқанның бел ортасында жүрген Есжанды Құлбек ағамыз аман алып қалса, Мейрамкүл екеуміз ұстаздарымыздың арқасында сол кездегі солақай саясаттың асыра сілтеген, әділетсіз жазасынан құтылған едік. Келесі жылы жазда Есжан екеуміз отбасын құрдық. 16 жыл бірге өмір сүріп, үш перзентті болдық. Кейде ойлаймын, қырмызы қызғалдақтай өсіп келе жатқан үш қызымыздың көрер жарығы Есжан екеумізді аман алып қалған екен ғой деп». 

Шәкизаданың жанарынан үзіліп түскен жалғыз тамшы жас желтоқсанның аязында жастар жүзіне қатқан мұз секілді көрініп кетті. Арада өткен отыз бес жылдың желтоқсан жаңғырығын өшіре алмағанын ұқтым. Ол күннің қасіреті желтоқсаншылардың, олардың ата-аналары мен туыстарының жүрегінде тоң болып қатып жатқаны анық. Оның бедерін уақыт та өшіре алмайды. 

        «Күнәдан таза басым бар, 

Жиырма бірде жасым бар,

Қасқалдақтай қаным бар,

Бозторғайдай жаным бар,

Алам десең – аыңдар,

Қайрат деген атым бар,

Қазақ деген затым бар

«Еркек тоқты – құрбандық»,

Атам десең – атыңдар,» - деп халқы үшін құрбан болған Қ. Рысқұлбековты ұмыту мүмкін бе? Қазақтың көгіне күн болып шығатын қаншама жастың тағдырына балта шабылды. Ату жазасына кесіліп, әупііріммен аман қалған абақтыда Қайратпен екі айдай бірге болған Мырзағұл Әбдіғұлов та тағдыр тауқыметін аз тартқан жоқ. Ал, енді бүгін Отырардың тумасы, отты ақын Есжан Айнабековтың өміріне желтоқсан оқиғасының қандай із қалдырғанына қанық болдыңыздар. Қорыта келе, Қазақстан тарихының тағы бір ақтаңдағына айналған желтоқсан құрбандары, 86-ның тар жол, тайғақ кешуінен өтіп, бүгінгі күндері арамызда жүрген желтоқсаншылар қандай да құрметке лайық. Сондықтан да, Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы, желтоқсан оқиғасының 35 жылдығы аталып отырған тарихи белестерге орай қоғамға үлкен ой тастаған, егемендікке бастаған желтоқсаншыларға, олардың көмекке мұқтаж отбасыларына, денсаулықтарын, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын т үзеуге мемлекет тарапынан жүйелі қолдау көрсетілсе деген ұсыныс айтқым келеді. Олардың есімдерін есте қалдыруға байланысты игілікті іс-шараларда қолға алынса деймін. Осындай елінің есінде қалған,ерекше атап айтуға тұрарлық желтоқсан қаһармандарының арасында бүгінгі әңгімемізге арқау болған кейіпкер – Есжан Сейдуллаұлы Айнабеков те бар. 

Есжанның жары Шәкизада Мырзалиеваның қолындағы «Ақталу қағазын» көргенде «дір» ете қалдым. Ұстап қарауға жүрегім дауаламады. 

«Ақталу» деген бір ауыз сөздің өзі арада қанша уақыт өтсе де шындықтың, ақиқаттың жеңетінін айғақтап отыр. Халқымыздың қайсар рухы бойына сіңген азаматтарымызды ұмытпайық. 

Сөз реті келгенде айта кеткім келетін тағы бір мәселе бар. Жоғарыда түркі әлемінің тұмары киелі Түркестанда, кенді қала Кентауға шыға беріс жолдағы үлкен мешіт жанында Есжан Айнабеков атындағы көше бар екендігін айтып өткен едік. Міне, осы көшеге тума таланттың есімін беру жөніндегі бастаманы көтеріп, тек идея тастап қана қоймай, соның жүзеге асуы жолында жан-жаққа жазып, тер төгіп жеріне жеткізген белгілі ақын, Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлықтың лауреаты, қазіргі Мәжіліс депутаты, Қазыбек Исаға Айнабековтер әулетінің де, жалпы Түркістандықтардың да айтар алғысы шексіз.

« Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын»,- демекші, қаламының қарымымен де, жүрегінің жалынымен де, «елім» деп өткен азаматтың қадірін бағалай білген және соны дәлелдей білген, биыл Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығына арнап, Желтоқсан күрескерлеріне арнайы статус беру туралы депутаттық сауал жасаған Қазыбек Иса осындай игі ісімен танылып, баршаға үлгі болып жүр деп ойлаймыз.

Желтоқсан көтерілісінің ақиқаты ашылар кез әлі алда деп білеміз.

Роза НАРЫМБЕТОВА


Аннотация 

Оқырман назарына ұсынылып отырған әңгіме ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Желтоқсан қаһарманы Есжан Айнабековтың көзі тірісінде жаза бастаған көлемді туындысынан үзінді. Осы бір оймақтай ғана қысқа дүниеден жауыздықтың бет-әлпетін ашына әшкерлеген желтоқсан оқиғасының ащы шындығын көріп ішіңіз қазандай қайнап, бармағыңызды шайнайсыз. Әттең-ай, әттең... Өкініш, өксік көмейге кептеледі. Бір өкініштісі, жасындай жарқ етіп өткен азаматтың осындай құнды дүниелерін, өмірдегі талай-талай тірлігін аяқтай алмай, үш қызғалдағы – үш қызының қызығына тоймай арманда кетуі...

Тепсе темір үзетін ғұмырының мезгілсіз үзілуі – желтоқсанда жеген тоқпақтың, резіңке шоқпардың салдары. Осы арада тағы да сол кезде жанашырлық танытып, амалын тауып Есжанды «қызыл жағалылардың» қаһарынан аман алып қалған «елім» деген азамат, белгілі ғалым Құлбек Ергөбектің естелігіне жүгінсек:

«Есжан желтоқсан оқиғасынан біртүрлі күйректеніп шықты. Көркем шығарма жазу өнеріне де салғырт қарады. Бірде – Алматыда, бірде – Отырарда, ауылда. Алматыда бір-екі рет қатты сырқаттанғанында өзі басқаратын ауруханаға салып емдеткен қазақ Амантай Біртанов. Тағы бірер рет сырқаттанғанында емдеткен «Түркістан» газетінің басшысы Шәмші Пәттеев!» - деген жолдардан Есжан Айнабековтың өміріне, денсаулығына, рухани көңіл-күйіне Желтоқсан оқиғасының қалай әсер етіп, күйретіп кеткенін байқаймыз. Мұндай күйге ұшыраған желтоқсан құрбандары қаншама? 

Есжан Сейдуллаұлының «Ақталу қағазындағы» хаттамада да сол күнгі жан ауыртқан жағдайлардан қанық болғандай едік. Енді, Есжанның өзі жазған сол күндер көрінісін оқыңыз, қадірлі оқырман! Өзіңіз ой түйіңіз!


Жазықсыз жапа шеккен күндер

(қаз-қалпында)

Қаны бір қазағым ғой деп еді. Бекер-ақ үміттенген екен. Күлді. Қарқылдап тұрып күлген. «Бұтыңа си, қаншық!» ызадан жарылып кете жаздады... құлағы тарс бітіп қалған. Жаңа ғана жанын жеген, құлақ тұндырған үндер жым-жылас.... Ыңырсыған, ыңыранған, өксіген, аһлап-үһлеген үндер сап тиылған. Көмейіне кептелген өксік буындыра түсті. Аһһ... алқымын буған ыстық өксік бұрқ етіп сыртқа тепті. Кезерген ернін тызылдатып кетті. Көмейге кептелген ыстық өксік кеудеден емес, жұлыннан, жұлын-жүйкеден шыққандай. «Ағатай», «ағатай!» деген, «...Туалетке барып келейінші, ағатай», «Шыдамай барам, ағатай!...» Ағатайы күлді. Оң иығына іле салған «АК-74»-ті оң қолымен қыса ұстаған күйі, автоматтың қайыс бауына күш түсірген күйі, тұқыра түсіп, қарқылдап күлген. Бір түрлі епетейсіздеу еңкейе күліп еді. Кокардасы қисық қадалған құлақшыны жерге түсіп қала жаздады. «Бұтыңа си, қаншық!»

Алпамсадай бұжыр бет қазақтың жанындағы күйкентай ұйғыр жігіттің иманы бар екен. Қызға солай көрінді. Дәл сол мезетте ол, күйкентайдай шикіл сары старшинаның бетінен сүйіп алуға да бар еді. Ал старшинаның не ойлағанын кім білсін. Бәлкім, онсыз да ауасы сасық подвалда таңғы сағат 9-ға дейін өзінің де отыруға тиіс екенін, ал аумағы 10-ақ шаршы метр екі камерадағы 50-ге жуық жанның бәрі бұтына жібере берсе не боларын ұқты ма? Әйтеуір, бұлар иін тіресіп, сығылысып тұрған камераның есігіне таяп келді де: «Сортирге баратындарың үш кісіден... тез-тез... Сосын таң атқанша ешкімді шығармаймын», - деді. Шынжыр бауын сылдыр еткізіп бір қосақ қолапайсыз соғылған кілттердің бірімен сақыр-шұқыр еткізіп темір торлы есікті ашты. «первая тройка», - деді Бұжыр бет қазақ. Иін тіресіп, сығылысып тұрған камерадағылар алғашқы үштікті шалқасынан ашылған есіктен сыртқа атып жіберді. «К стену! К стену, суки!» бұжыр бет иығындағы «АК-74»-тің ұңғысымен сыртқа шыққан үшеудің соңғысынң жамбасынан нұқып қалды. Қабырғаға бетін беріп, дірілдеп тұрған үш қыздың ең шеткісі әлсіз ыңырсыды. «Руки... ноги... суки!» «АК-74»-тің суық ұңғысы бұл жолы қыздардың етектерін түре-мүре ұятты жерлерін де бір-бір қарып өтті. 

- Бірінші сен, - деді бұжыр бет есік жақ шеттегі талдырмаш аққұба қызға автоматпен белінен бір нұқып. Қыз шеткі камераның алдынан өтті. Торлы есікке қатарласа беріп, камераға көз салды. Ұзақ үңіліп қарауға мүмкіндік жоқ еді. Артында бұжыр бет еріп келе жатыр. Тек бет-аузы іскен, көздері көгерген жас жігіттердің сазарған, тұнжырап, түнерген жүздерін ғана көріп үлгерді. Ісінген, көгерген, бозарған, қатулы жүздер. «Налево» деп команда берді бұжыр бет. Қыз бұрылып та үлгермеді, автомат ұңғысы жамбасын тесіп жібере жаздады...

Қыз дәретхананың есігін ашып, ішке кірді. Мүңкіген иіс қолқа қапты. «Дверь открыто оставить...» Бұжыр бет талтайып тұрған күйі тағы күлді. «...Открыто оставить...» «Ағатай... ағатай... аяңызшы... ағатай...» Қыз оған жалбарына, жалына қарады. Бұжыр бет ыржиған күйі бұрылып кетті. 

         10-ақ шаршы метр камерадағы қыздың бәрі кезекпе-кезек осылай сыртқа шығып келді. Дәрет қысып тұрмаса да бірі қалмай бәрі барды. 3-4 сағат бойы иін тіресе сығылысып, аяқтарынан тік тұрған олардың өне бойлары сіресіп қалған еді. Бірер минөт болса да қол-аяқтарын жазып алу мүмкіндігін пайдаланып қалуға бәрі тырысты. 

«Все, суки! Теперь таң атқанша үндерің шықпайтын болсын!» - Бұжыр бет есікті серпе жапты. Тор есік кілтсіз жабылады екен. Темір мен темір жылап көрісті. Көк темір ашу шақыра шаңқ етті. 

- Мыналарды да шығарып алайық. А то бұттарына жіберіп. Сасытып жүрер. Тұншығып өлерміз, - деді бұжыр бет шикіл сарыға. 

- Хорошо! – деді күйкентайдай старшина оқып отырған кітабының бетін жауып. Сосын орындықтың арқалығына шалқалаған күйі, екі қолын жоғары көтеріп керіліп алды. Керілудің соңы ауызы кере қарыс есінеуге ұласты. «Хор-о-шо...» 

Екінші камерадағылар кіл еркектер еді. Мұнда да сығылысқан, иін тірескен адам. «Бүйрегім», «бауырым» деп шыңғырып жатқандар да бар. Сау бірі жоққа ұқсайды. Бұлар қыздарға қарағанда резіңке тоқпақ пен сапер күрегінің дәмін көбірек татқаны көрініп тұр. 

Темір есік ойбайлап ашылды. «Туалетке баратындарың... Үшеуің ғана шық...» Есіктің алды апыр-топыр болып кетті. Үшінші болып шығуға жанталаса ұмтылған бір мұрттының оң иығы көріне бергені сол еді, бұжыр бет шынжыр бауынан ұстаған қосақ кілтімен басынан бір перді. «Ей, қайда барасың өңмеңдеп» Қосарланған қарыс кілт қатты тиді білем, мұртты сорлының жан даусы шықты. Шыңғырған дауыс басыла бере камера ішін мүңкіген зәр иісі алып кетті. Қыстанып тұрған сорлы бұтына жіберіп қойған еді. «К стену! К стену, әкеңнің аузы...» Бұжыр бет тор есікті тарс еткізе жапты. 

Екінші камерадағы жиырма шақтыны кезекпен дәретханаға алып барып келгенше де жарты сағаттан аса уақыт кетті. 

- Қуықтары ұстамай ма атаңа нәлеттердің, - деді бұжыр бет қолындағы кілттерді үстел үстіне қойып жатып. 

- Сағат қанша болды екен, - шикіл сары беліндегі тапаншасын көтеріңкіреп қойды. 

- Төртке он минут қалыпты... Әй, атаңа нәлет-ай, ертең тағы жұмыс, өлетін болдық қой, - деді Бұжыр бет. – Енді ешкім келе қоймас, кел, карта ойнайық. 

- Понедельникте зачет тапсыруым керек. Подготовиться надо, - Шикіл сары алдында жатқан кітаптарға қарап қойды. 

- Осы международный право неге керек. Түсінбеймін... – Бұжыр бет үстел үстінде жатқан қалыңдығы үш елі қара кітапты қолына алды. – Әкең, бәрібір шетелге бармаймыз. Сен бүйтіп миыңды ашытқанша беретінін беріп қойдырып алмайсың ба? Тиын шығармай оқығың келді, ә, қу ұйғыр. – Бұжыр бет ырқ-ырқ күлді. Күлгенде бет-аузы жиырылып, танауы таңқиып кетеді екен.

- Қойып беретін болса, ақшасынан қашып жүр дейсің бе? Жаңадан біреу келіп еді. Барып тұрған принципшіл, тікбақай екен... Бәле болды. Бұрынғымыз жақсы еді. – Шикіл сары бұрынғы ұстазын көріп тұрғандай әнтек жымиды. 

...

...Ол бұрын милицияға түсіп көрген жоқ еді. Түрме дегеннің қандай болатынан мүлде хабарсыз. Тек білері кинодан, теледидардан көріп, кітаптан оқығандары, түрменің қорқынышты жер екені туралы бала күннен санасында жатталып қалған үрей туғызар соқыр ұғым ғана. Енді міне, шет жағасын көре бастады. Баяғыда, бала күнінде он жыл түрмеде отырып келген аталас бір ағаларын көргені бар еді. Түрмеден келген әлгі ағалары қызық болатын. Өзімен-өзі жападан-жалғыз жүруші еді. Жекешенің ұсақ малын бағатын. Жалға бағушы еді. Қой бағасына 50 тиын, ешкіге 1 сом. «Ешкіге неге 1 сом алады?» - деп сұрағаны бар. Сонда марқұм әкесі күлген. Күліп отырып айтқан: «Қой секілді емес, ешкі пәтшағардың бағуы қиын. Бір орында жайылмайды ғой ол шұнақ қар...» Сол ағаларының мінезі қызық еді. Айдалада қой соңынан жүріп өзінен-өзі айқайлап, ән салатын. Арыстың арғы бетіндегі тұт ағаштарына барғанда талай көрді. Бұлар бір топ балалар, қыз-ұл аралас тұт теруге өзеннен өтіп, арғы бетке баратын. Түсте қойларды суатқа құлатқан кезде әлгі ағалары шеңгелге қамап бір ешкіні ұстап алушы еді. «Не істер екен?» деп, бұлар қалың жыңғылдың арасында тығылып, аңдып отыратын. Ағалары сорлы ешкінің бақырғанына қарамастан сырты күйелеш-күйелеш қара құтыға сүт сауып алады. Сосын қойларды бір кезде колхоз жібек құрты үшін өсірген тұт ағаштарының көлеңкесіне үйіріп тастап, сүт пісіріп ішетін. Содан соң жаман күпәйкәсін астына төсеп, салтақ-салтақ кір дорбаны басына жастанып, шалқасынан жатқан күйі домбыра тартушы еді. Өзі тұт ағашынан бітеу ойып жасаған кішкентай домбырасы болатын. Сонысын тыңқылдатып, әй бір ащы зарға, ыза мен өксікке толы мұңлы әуенге басушы еді. Енді қазір ұқты. Қайғы-мұңы кеудесіне сыймай кетеді екен де. Егер түрме деген дәл осындай болатын болса, он жыл қалай шыдады екен ол сорлы. Қыздың жанары жасаурады. Бұған дейін өмірі есіне де алып көрмеген, баяғыда дүниеден өтіп кеткен сол бір бақытсыз, бейшара жанның қайғы-қасіретін енді түсінгендей болды. Өзі де бір қызық еді. Бұлардан торғайдың, кептердің жұмыртқасын сатып алатын. Әр данасына бес тиын беретін. Ал егер тауық жұмыртқасын әкеп берсең, бақандай он тиынды ұстата салатын. Қора-қораны кезіп, ұядан-ұя қоймаушы еді. Баламысың деген... Обал-сауап дегенді білмепті-ау сонда... Жұмыртқа сатудан түскен өңкей қара бақырға магазиннен тәтті нан сатып алып жеуші еді. 

Бірде шешесінің айтқаны есінде қалып қойыпты. Не себептен, неге байланысты айтқаны есінде жоқ. «Қаны бұзылған жетпегір! Түрмеден қаны бұзылып келген бұның...»

Шешесі есіне түсіп еді, қыз еңіреп жібере жаздады. Ертең шынымен соттап жіберсе, анасы сорлы қайтеді. Күйіктен, қайғыдан өліп кетуі де мүмкін. Қыз ышқына айқайлағысы келді. «Сорлы анашым... кешір мені..» Шыңғырып жібермейін деп астыңғы ерінін жымқыра тістеп алды. 

«... Не жазығым бар еді... Не жазығым бар соттайтындай?...» деп ойлады бір мезет. Рас, ел барған алаңға бұл да барды. Айқайлағаны, өрт сөндіргіш машиналар су шаша бастағанда көппен бірге оларға тас лақтырғаны да рас. Сонда олардікі дұрыс па екен?! Өрімдей жап-жас ұл-қыздарды мұздай сумен атқылағаны жөн бе?! Көк темірге құрсанған әскерді қарусыз жандарға айдап салғандары дұрыс па?! Басына резіңке тоқпақ тиіп, есінен танып құлап түскен жігітті итке талатқандары, иттен жанұшыра қашқан жап-жас қызды сапер күрегінің қырымен белінен ұрып омақаса құлатқандары жөн екен ғой сонда?! Нағыз барып тұрған жауыздық та, шектен шыққан қатыгездік пен зорлық-зомбылық та солай болуға тиіс заңдылық болып қабылданатыны несі? Қыздың басы қатты.

Бүгін милицияның подвалындағы тар камерада қамауда жатқанына үшінші тәулік. Жатқаны деген жай сөз. Шыны, бүгін ауасы сасық, тар камерада өзі секілді алаңда, қаланың әр бұрышында ұсталған өрімдей жас қыздармен иін тіресе, сығылысып, аяқтарынан тік тұрғанына үшінші тәулік. Бірінші күні бұлардың аты-жөндерін анықтаумен өтті. Аты-жөні анықталмағандарды өзге жаққа алып кеткен. Камера іші сәл босап қалып еді. Сол күні кешкісін бұлардың камерасына тағы бес-алты қыз-келіншекті қамады. 

Бір тәуліктен соң камерадағы қыздардың бәрін кезекшілер отыратын кеңдеу бөлмеге шығарып, нөмірлеп, жеке-жеке суретке түсірді. Анфас... профиль... Профиль... анфас. Тура кинодағыдай. Сосын саусақтарының таңбасын алды. 

Күңгірт камерадан шыққандықтан ба, әуелдегі жарықтан көзін аша алмай қалған. Бұны алып келген бөлме кең әрі жарық екен. Бөлменің төрт бұрышына төрт үстел қойылыпты. 

(Қолжазбаның жалғасы табылмады.)