Су қашыртқысындағы құбырларды төмен түсіру 2022 жылы шешімін табады – вице-министр Қожаниязов

Су қашыртқысындағы құбырларды төмен түсіру 2022 жылы шешімін табады – вице-министр Қожаниязов

Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы шекара аймағында су қашырмасына орналасқан құбырдың 1,5 метр биік орналасуына байланысты су өткізуге кедергі болып келе жатқаны көптен бері елді мазалап, шешілмей келе жатқан мәселе. 

Осы жазда ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, «Ақ жол» фракциясы мүшесі Қазыбек Иса депутаттық сапармен ел аралағанда Мақтаарал ауданындағы кездесулерде де осы мәселе көтерілген болатын.

Сонымен бірге сол кездесулерден кейін Мақтаарал ауданы тұрғыны Нартай Нұрбеков Ұзақбайұлы депутатқа хат жолдаған еді. Онда:

«Қазақстан мен Өзбекстан трансшекаралық су қашырмасы проблемасы (сброс) болып тұр. Кезінде шекара маңайындағы су қашырмасына орнатылған құбыр 1,5 метрге жоғары болып тұр. Оған барған 1,5 метрден асқан су ғана өтеді. 1,5 метрден аспаған су сбростан ағып кетудің орнына, тұрып алып арықтың сағасы құлап, өз арнасын өзі бітейді. Бұл мәселенің шешілуіне аудандық әкімшіліктің құзыры жүрмейді. Себебі екі елдің арасындағы су қашырмасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құзырында болғандықтан»-дейді. 

Біз сайлаушылар аманатын жеткізген бұл хат бойынша Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметіне депутаттық сауал жолдаған едік. Жақында екі мемлекеттік органнан да жауап келді.

Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі С. Қожаниязовтың жауабы бойынша «2022 жылғы көктемгі суғару мезгіліне дейін жоғарыдағы көрсетілген мәселелер шешімін табады деп жоспарлануда».

Ал ҚР ҰҚК Төрағасының орынбасары Д.Ділманов мырзаның жауабы бойынша “Шекаралық аймақтағы кұбырды төмен түсіру туралы жолданым Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес Шекара қызметінің құзыретіне жатпайды”.

Алдымен су қашырмасы туралы Н.Нұрбековтың депутат Қазыбек Исаға жазған хатын жариялайық.

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Қ.Ж. Исаға ашық хат

Мақтаарал ауданы, «Бірлік» ауылдық округіне қарасты «Қоңырат» ауылының тұрғыны

Нұрбеков Нартай Ұзақбайұлы

эл.пошта: 

inkar-saduakasova@mail.ru 

Тел.: +7 702-641-04-55

Құрметті Қазыбек Иса Жарылқасынұлы!

Сіздің Мақтаарал ауданының тұрғындарымен кездесу ұйымдастырғаныңыз біз үшін үлкен құрмет! 

Парламентте Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясы фракциясы мүшесі ретінде Ұлттық мүдде жайында және де басқа да қоғамдық мәселелерді батыл көтеріп жүргеніңізді көпшілік халық біледі. Мысалы, 2020 жылы, 2 мамырда Өзбекстанда Сардоба су қоймасы жарылып, су апаты болып, Мақтааралды су басқанда, Сіз: «Мақтаралда жағдай қиын, президент! Үкіметтік комиссия құрылып, әр үйдің бағасы, малы мен дүние-мүлкінің шығыны түгел өндірілуі керек!» деп, «Қазақ үні» газеті мен сайтына мақала жаздыңыз. Осыдан кейін ертеңіне «Ақ жол» партиясы арнайы мәлімдеме жасап, қиын кезде көмек қоры ашылғаны есімізде. Президент үкімет комиссиясын құрып, тез арада елге көмек берілді. Ал, 2020 жылы қыркүйек айында А.Перуашев бастаған «Ақжолдықтар» Мақтаралдағы су басқан ауылдармен танысып шықты. «Ақ жол» партиясына қиын-қыстау кезінде бірінші болып қол созғандарыңызға алғысымыз шексіз! 

Осы жолы елге депутаттық сапармен келгеніңізді пайдаланып айтатын ауыл-аймақтардың шешімін таппай жүрген күрделі жағдайлары жетерлік. Соның біреуі, Мақтаарал ауданы егін шаруашылық саласының, соның ішіндегі су мәселесі де жылда өзекті проблема болып саналады. Негізін айтқанда, көктем айларында егін науқаны басталар кезде жер асты тұзды судың пайда болуы қалыпты жағдай екені баршаға мәлім. Мәселеге байланысты Қазақстан мен Өзбекстан трансшекаралық су қашырмасы проблемасы (сброс) болып тұр. Кезінде шекара маңайындағы су қашырмасына орнатылған құбыр 1,5 метрге жоғары болып қалған.. Оған барған 1,5 метрден асқан су ғана өтеді. 1,5 метрден аспаған су сбростан ағып кетудің орнына, тұрып алып арықтың сағасы құлап, өз арнасын өзі бітейді. Бұл мәселенің шешілуіне аудандық әкімшіліктің құзыры жүрмейді. Себебі екі елдің арасындағы су қашырмасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құзырында болғандықтан. Айтылған «Бірлік» ауылдық аймақ округінің Қоңырат ауылында орналасқан 3 су қашырмасы бар. Шекара аймағында орналасқан құбырды 1,5 метрге төмен түсіргенде мәселе шешімін табатына сенімдімін. Осы сұрақтың біздің өзекті мәселемізге айналғанына бірнеше жыл өтті. 

Әлі де шешілмеген мәселелер көп еді. Тек өзектісін ғана қозғадым. 

20.08.2021 жыл

Енді мемлекеттік органдардың жауабыме таныс болыңыздар.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаты 

Қ.Ж. Исаға

2021 жылғы 25 қыркүйектегі

№ 7-8-1144/ЖТ-Н-2032 хатқа

Құрметті Қазыбек Жарылқасынұлы!

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, жоғарыдағы хатқа сәйкес Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы, «Бірлік» ауылдық округіне қарасты «Қоңырат» ауылының тұрғыны 

Н.Ұ. Нұрбековтің, Қазақстан мен Өзбекістан трансшекаралық су қашырмасының өлшемі 1,5 метрден жоғары болғандықтан, 1,5 метрден асқан су ғана өтетіндігін, қалғаны тұрып қалып, арна бітіп қалатынын жайлы жолдаған хатын қарастырып, хат иесіне тиісті жауап жолдағанын хабарлайды.

Қосымша: 2-парақта.

Вице-министр С. Қожаниязов

Н. Нұрбековке 

Түркістан облысы

Мақтаарал ауданы

Қоңырат ауылы

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) Сіздің Қазақстан мен Өзбекістан трансшекаралық су қашырмасының өлшемі 1,5 метрден жоғары болғандықтан, 1,5 метрден асқан су ғана өтетіндігін, қалғаны тұрып қалып, арна бітіп қалатынын жайлы Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі депутаты Қ.Ж. Исаға жолдаған өтінішіңізді қарап, келесіні хабарлайды.

Министрліктің Су ресурстары комитеті «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны теңгеріміндегі «В-39», «В-41», «ВС-43» қашыртқыларының шекаралық «Восточный» коллекторымен қиылысқан тұстарындағы құбырларды төмен түсіру жұмыстары «ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру, 2-фаза» жобасы (бұдан әрі – ИДЖЖЖ-2) негізінде іске асыруда. ИДЖЖЖ-2 жобасы аясындағы жұмыс кестесі бойынша «ВС-43» қашыртқысы құбырларының жұмыстары ағымдағы жылдың қазан айының соңына дейін, «В-39» және «В-41» қашыртқыларының құбырларының жұмыстары 2022 жылдың басына дейін аяқтау жоспарланған. Құрылыс жұмыстарын жүргізетін мекеме «Туннел Саад Ариана».

Жазылғандардың негізінде 2022 жылғы көктемгі суғару мезгіліне дейін жоғарыдағы көрсетілген мәселелер шешімін табады деп жоспарлануда.

Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91 бабының 1 тармағына сәйкес, ұсынылған жауаппен келіспеген жағдайда Сіз белгіленген тәртіппен шағым жасуға құқылысыз.

Вице-министр С. Қожаниязов

Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі депутаты Қ.Ж. Исаға 

Сіздің 2021ж.25.08. № 7-8-1144/ЖТ-Н-2032

Құрметті Қазыбек Жарылқасынұлы!

Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметі Түркістан облысы Мақтаарал ауданының тұрғыны Н.Ұ. Нұрбековтің шекаралық аймақтағы кұбырды төмен түсіру туралы жолданымы қарастырылды.

Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес осы сұрақ Шекара қызметінің құзыретіне жатпайды.

Сонымен қатар, Мемлекеттік шекара жанында және шекаралық аймағында көрсетілген жұмыстарды орындау үшін арнайы ұйымдастырушыларға керек рұқсаттамаларды (ҚР заңнамасында көрсетілген) ұсынуға дайын екендігіміз туралы хабарлаймыз.

Шекара қызметімен Н.Ұ. Нұрбековке электрондық поштасына жауап жіберілді.

Құрметпен, 

ҚР ҰҚК Төрағасының орынбасары

Д. Ділманов 

Сонымен, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі С. Қожаниязовтың жауабы бойынша 2022 жылғы көктемгі суғару мезгіліне дейін су қашыртқысындағы құбырларды төмен түсіру жұмыстары шешімін табады.

«Ақ жол» партиясы фракциясы халық аманатын орындау жолындағы қарқынды істерін жалғастыра береді.