МӘДЕНИЕТ ҮЙІ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН 2022 жылы ӨТЕДІ - министрлік пен әкімдік

МӘДЕНИЕТ ҮЙІ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН 2022 жылы ӨТЕДІ - министрлік пен әкімдік

Түркістан облысы Шардара ауданы Қызылқұм ауылындағы Мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу жыры басталғалы біраз болды. Бұл мәселе бізге бұрыннан таныс болатын. ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты болып сайлана салысымен, “Ақ жол” фракциясына алғашқы айтылған өтініштердің бірі осы мәдениет үйінің ауыр халде тұрғаны жайлы болды. Жазда депутаттық сапармен ел аралағанда Шардара қаласындағы, Қызылқұм ауылындағы кездесулерде де осы мәселе көтерілген еді.

Иә, Елбасымыз Рухани жаңғыру бағдарламасын жариялап, ҚР Президенті Қ.Тоқаев мәдениетке мән беріп, қолдау жасап жатқанда ауылдың Мәдениет үйінің қанша жылдан бері адам көргісіз күйде қаңырап тұруы ешқандай сын көтермейді.

 Биыл қыркүйек айында "Ақ жол" фракциясына ауыр жағдайдағы Қызылқұм мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу туралы ауыл биі Жұмабай Есімов бастаған белсенділер жазған хат келген болатын. 

Жақында осы мәселе бойынша ҚР Мәдениет және спорт министрінің м.а. Нұрғиса Дәуешов пен Түркістан облысы әкімі орынбасары Сәкен Қалқамановтың жауабы келді. Министрлік пен әкімдіктің жауаптары бойынша, МӘДЕНИЕТ ҮЙІ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН 2022 жылы ӨТЕДІ.


Енді сол жауаптармен таныстырайық.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Исаға

 2021 жылғы қазандағы №7-11-1435 хатқа

 Құрметті Қазыбек Жарылқасынұлы!

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі (бұдан әрі - Министрлік) Түркістан облысы Шардара ауданы Қызылқұм ауылдық округі тұрғындары Ж.Есимов, Т.Кабулов, М.Бегаливтердің Қызылқұм мәдениет үйін күрделі жөндеуге қаржы бөлу туралы хатына сәйкес келесіні хабарлайды.

Түркістан облысы әкімдігінің ақпаратына сәйкес Шардара аудандық Қызылқұм мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу Шардара ауданының 2018-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму тұжырымдамасына енгізілген.

Осы ретте жоғарыда аталған нысанды күрделі жөндеуден өткізуді аталған әкімдік 2022 жылдың бюджетін нақтылау кезінде жергілікті бюджет есебінен қарастыруды жоспарлап отыр.

Аталмыш жұмыстар Министрліктің және Түркістан облысы әкімдігінің бақылауында тұрғанын жеткіземіз.

Министрліктің өтініш иесіне ұсынылған жауабы;

Түркістан облысы әкімдігінің жауабы.    

 Министрдің м.а. Н. Дәуешов


Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне

2021 жылғы 7 қазандағы № 7-11-1435 хатқа

Түркістан облысы әкімдігі Шардара ауданы Қызылқұм ауылдық округі тұрғындары Ж.Есимов, Т.Кабулов, М.Бегалиевтің Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Исаға жазған сұраныс хаты бойынша төмендегіні хабарлаймыз.

Түркістан облысы, Шардара аудандық Қызылқұм мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу Шардара ауданының 2018-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму тұжырымдамасына енгізілген.

Сондай-ақ, жоғарыда аталған күрделі жөндеу жұмысы «EasyProject» онлайн кросс-платформасына («Түркістан облысының аумағын дамытудың 2019-2024 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыруға жобалық басқарудың әдістері мен құралдарын қолдану туралы» Түркістан облысы әкімінің 2020 жылғы 17 қарашадағы №1-71ө-н/қ өкіміне сәйкес құрылған жобалық кеңсе) енгізіліп, орындалуы жіті бақылауда тұр.

Осыған орай, Қызылқұм мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу мәселесі 2022 жылы нақтыланатын облыстық бюджетке ұсынылатынын хабарлаймыз.

Түркістан облысы әкімі орынбасары С.А. Қалқаманов

Құдай қаласа, Қызылқұмдағы Мәдениет үйі бүгінгі күннің талабына сай жаңарып шығатын болады! 

Алла жар болсын!

Қазыбек Иса, 

Қазақ үні