Телеарналардың идеологиялық қызмет сапасы тың серпін күтеді

Телеарналардың идеологиялық қызмет сапасы тың серпін күтеді

ҚР АҚПАРАТ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРЛІГІ МЕН ТЕЛЕАРНА БАСШЫЛАРЫНЫҢ НАЗАРЫНА

Қазір ақпараттар ағынына ілесудің өзі қиынға түскен заманда өмір сүріп отырмыз. Оған бірінші себеп – әлемде электронды ақпарат құралдарының шұғыл дамуы. Басқасын айтпаған күннің өзінде күнделікті шығатын басылымдардың өзі оған үзеңгі қағыстыра алмай қалды. Ғаламтор бүкіл әлемді жаулап алуына байланысты кез келген ақпарат, оның ішінде жағымды да, жағымсызы да санаулы секундта жұмыр жерге тарап үлгереді. Ал осы ақпарат көздерінің бәрі бірінші кезекте - идеология құралы болып табылатыны жасырын емес. Сондықтан оған аса сақтықпен, үлкен жауапкершілікпен қарауға міндеттіміз.

        Елімізді интернет атты байланыс толықтай жүз пайыз қамтымағандықтан біздің қоғамда телеарналардың алар орны ерекше, оның тұрғындарға тигізер ықпалы да зор. Тіпті ғаламтор өмірімізге еркін енсе де миллиондаған қазақстандықтар бос уақыттарын әлі де теледидар алдында өткізетіні белгілі. Елімізде, әлемде болып жатқан жаңалықтарға қанығып, өзіне керек деген бағдарламаларын тамашалайды. Демек телеарналар өз қажеттілігін жоғалтқан жоқ, оның қызметіне халық әлі де мұқтаж. Ең бастысы құнды, тәлімді, тартымды бағдарламаларымен көріне білсе болғаны. Өкінішке орай, дәп осы жағынан біздің отандық телеарналардың бәрі бірдей мақтана алмайды.

        Бүгінде «Жұрт газет оқымайды» деген пікірді мүлдем жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен басылымдардың да атқарар өз міндеттері бар, терең талдаулар мен оқырманға ой салар маңызды мақалалар халыққа қашан да қажет. Телеарналарда құнды, жұртты қызықтыратын бағдарламалар атымен жоқ деп, ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Айталық, кейінірек ашылса да «Абай» телеарнасы бұл жағынан қалғандарына үлгі бола алады. Оның бағдарламаларында әдебиет, өнер салалары, ұлтымыздың үрдістері мен салт-дәстүрлері кеңінен қамтылып көрсетіледі.

        Телеарналарымызда айтуға тұрарлық бағдарламалар баршылық. Солардың арасынан көпшіліктің көңілінен шыққан бірқатарын атай кетейік. Әрине, олардың қазір кейбіреулері жабылып, енді біреулері жаңадан ашылып жатыр. Мысалы, көрермендер қызыға қарайтын «Қаракет», «Парасат майданы» – интеллектуалды хабарларымен құнды. «Дара жолдың» да бағыты дұрыс, өйткені, ол да авторлық ізденістен туатын хабар. «Мәселе» немесе бүгінгі «Ашық алаң» хабары автор жүргізушісі арқасында журналист кәсібінің беделін көтеріп жүрген салмақты дүние. Сол сияқты кезінде Берік Уәли жүргізген «Еркін сөз», «Дода», «Бетпе-бет» бағдарламаларын атауға болады. Біз әдейілеп, теледидардағы бүкіл арналарды зерттеп, шолу жасап отырған жоқпыз. Егер бірен-саран аталмай қалған дұрыс дүниелер болса ғафу өтінеміз. Кемшіліктерін атағанда да барлық телеарналарға ортақ пікірімзді білдіргеніміз деп түсініңіздер. Бұл тележурналистерді кемсітіп,

көздерін шұқу емес, алдағы уақытта өз жұмыстарында халық тарапынан айтылған ұсыныстар ескерілсе деген ниеттен туындаған ой.

         Ашығын айтсақ, біздің телеарналарда жеңіл-желпі әзілдер мен сайқымазақ шоулар көбейіп кеткен секілді. Жеңіл әзіл мен арзан күлкі адамның тереңірек ойлануына, қоғамдағы құбылыстарға өзіндік сараптама жасауға кедергі болатыны белгілі. Соның бірқатарының орнына бүгінгі заманның қаһармандарын көрсете отырып, неге үлгі етіп ұсынбасқа! Міндетті түрде жұртты театрға жинап ап, шоу түрінде, жаттанды, жұртты әбден ығыр қылған жүргізушілерді шығара бергеннен не ұтамыз? Балды да көп пайдаланса, уға айналмай ма? «Әзілман», «Әзіл әлемі» тақылеттес шоулардан көрермендер ығыр болды. Теледидарды ашып қалсаң, мәз мәйрам боп, жұртты еріксіз күлдіруге тырысатын әртістер, күлкісі келмеген жанды қытықтап жатқандай. Кез-келген әзіл-сықақ кештерінде қызша, әйелше киініп алған юмористеріміз кімді насихаттап жүр? Күлкінің де орны мен шегі болуы керек. Телеарна аудиториясы өте кең, өзге де көрермендер талғамын ұмытпаған жөн. «Қалаулымнан», «Кел,келінімнен» жұрт жағасын ұстап, теріс айналды. «Сенбілік шоуда» тағы да таныс адамдар, бұл қайталау кімге керек?

         Біздің барлық телеарналарда Батыс пен Ресейге еліктеу басым. Жаңа бағдарлама ашса да солардың көшірмесі болып шығады. Әрине, оларға жаңадан тағы бір «Америка» құрлығын аш деп ешкім талап қойып отырған жоқ. Бірақ өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізді сақтауға біз міндеттіміз. Ол кез келген бағдарламадан көрініп тұруы керек. Тележурналистердің хабар барысында сөз саптаулары да кейде сұйылып кететіні бар. Әрине, ауызекі сөзде әдеби норманы сақтау оңай емес, бірақ соған тырысу керек. Әсіресе «енді» деген сөз өте жиі айтылады, арасында орысшасы да кетіп жатады.

         Отыз жылдан бері мемлекеттік тілімізді толыққанды қолданысқа енгізе алмай жатқанымыз жасырын емес. Бұл мәселеде телеарналардың алар орны ерекше. Сондықтан хабарлардың тек қазақ тілінде жүргенін қалар едік. Сонда ғана өсіп келе жатқан жас ұрпақ орысшаға алаңдамай ана тіліне бірыңғай бер бұратын еді. Таза қазақша сөйлеу өз алдына, жүргізушілердің хабарға қалай болса солай киініп шығатынын да байқап жүрміз. Миллиондаған көрермендердің алдына шығарда осы жағын ескергендері дұрыс. Тағы бір айтатын мәселе бар, ол телеарналардан көрсетілетін киноларға қатысты. Әрине, оны шетелден тегін алмайды, қыруар ақшаға сатып алады. Оның біразы қазақшаға аударылғанмен бала тәрбиесіне кері әсерін тигізуде. Кинода тыр-жалаңаш төсекте аунағандарды көрген бала қандай тәрбие алмақшы? Кейбір «батысшыл жаңашылдар» соны қолдап жататыны бар.Олар «төсек қатынасын бала кезінен білген дұрыс» деп уәж айтады ауыздары қисаймай. Тіпті мұны мектеп бағдарламасына енгізу айтылған-ды. Сондықтан ондай киноларды елімізде көрсетуге қатаң тиым салу қажет. Бұл аталған ескертулер халықтың көкейінде жүрген сұрақтар.

Тележурналистер анда-санда болса да жұмыстары жайлы көрермендер арасында сауалнама жүргізіп қойса, өздеріне тиімді болмақ. Сол кезде көрермендер хабарлардың қайсысы ұнайтын, қайсысы ұнамайтынын, өздерін мазалаған мәселелерді атап айтып беретін болады.

      Біздің телерадионың тарихы өте бай. Кезінде құнды бағдарламаларымен көрінгеніне өткен жылдар куә. Сағат Әшімбаевтың «Қарыз бен Парыз», Ақселеу Сейдімбеков ағамыз бен Жәнібек Кәрменов екеуінің ұлттық музыка, мәдени мұрамыз жайлы белгілі сұхбаттарындай танымдық дүниелер ауадай қажет дәл бүгін. «Алтын корда» жатқан бұрынғы түсірілімдер неге көрсетілмейді? Кешегі атақты жазушылар, белгілі актерлеріміз, көрнекті суретшілер, қолөнер шеберлері т.б. туралы портреттік хабарлар қайда кетті? Бүгінгі замандастарымыз жайлы жаңа түсірілімдер неге жасалмайды? Тележурналистиканың толып жатқан жанрлары қайда? Қазіргі көрермен – біздер салиқалы, көркем түсірілген деректі кино, телеочерк, хабарлар көруге ынталымыз. Бүгінгі заман кейіпкерлерінің-кәсіпкерлердің, ғалымдардың, ұстаз, дәрігерлердің, шахтерлердің, өзге де өз ісінің шеберлерінің шынайы бейнесін сомдайтын, өткір, өздері шеше алмай жүрген мәселелерін қозғайтын мазмұнды дүниелерді кім, қашан жасамақ? Жастардың бәрі өз елінен түңіліп, жан-жаққа тарыдай шашырап кеткенде ме? Ұлттық кәсіп – мал шаруашылығымен кімдер айналысып жүр? Егіншілеріміз кімдер? Машина жасаушылар кімдер? Кешегі Зылиқа Тамшыбаева апамыздың, Жадыра, Камшат апайдың орындарын кім басты? Жүз жаңа есім шыққан елде мыңдаған азаматтарымыз ақ тер, көк тері шығып, өз еліне бір кірпіш боп қаланып, үндемей-түндемей еңбек етіп жүр. Неге соларды көрсетпеске, неге өзгелерге үлгі етпеске?! Ойлы, мазмұнды хабарларды ұйымдастыратын негізінен кәсіби журналист, жазушылар, білікті продюсерлер, телережиссерлер. Жазамын деген журналистке тақырып көп, тек қана іздену, талпыну керек.

        Театр, кино сыншылығына маманданған кәсіби журналист, жазушы ретінде өзім байқап жүрген бірер ойды ғана айтып өттім. Қазіргі теледидар басшыларына, ұжымына тек қана ой салу мақсатында. Өйткені, қоғамдағы көптеген замандастарымыздың пікірі де осыған саяды.

      Басында атап өткеніміздей, БАҚ, оның қатарында телеарналар да алдымен идеология құралы. Ал идеология белгілі бір бағытсыз, мақсатсыз жүргізілмейтіні белгілі. Яғни, телеарналар қоғамдық ойды қалыптастыратын, келешегіміз жастарды тәрбиелейтін ықпалды саяси орган. Есті сөздерді теледидардан естімесек, қайдан естиміз? Миллиондар қарайтын теледидар бағдарламаларын сүзгіден өткізіп, ұрпақ тәрбиесіне оң ықпалы тиетін, ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын танымдық, тәлімдік, ғибраттық дүниелерді көптеп қамтысақ қателеспейміз. Біз соған ұмтылуымыз керек.

Баян БОЛАТХАНОВА,

Қазақстан Жазушылар, Театр қайраткерлері одақтарының мүшесі.

ҚР Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.

qazaquni.kz