Қазыбек Иса: Электронды үкіметті Ресейге бере салу Тәуелсіздігімізге нұқсан емес пе?!. (видео)
2021 ж. 24 қазан
2351
2
Аптаның алғашқы күні, бүгін 25 қазанда Парламент Мәжілісінде үкімет сағаты өтті.
Депутаттар алдында ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б.Мусин есеп берді, - деп хабарлайды "Қазақ үні".
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, “Ақ жол” фракциясы мүшесі Қазыбек Иса министрге елдің алаңдаушылығын тудырып отырған Үкіметтің электрондық платформасын Ресейдің Сбербанкіне беру мәселесі және Цифрландыру саласындағы, егов платформасындағы мемлекеттік тілдің қолданылу деңгейі туралы сұрақ қойды.
"Құрметті министр Бағдат Батырбекұлы!
1.Қазақстанның цифрландыру деңгейі жақсы дамуда. Оған жаңа сіздің жасаған баяндамаңыздан да көзіміз жетті. Біз БҰҰ-ның халықаралық рейтингі бойынша онлайн-қызмет бойынша 11-ші орында, электрондық үкімет бойынша 29 орында, электрондық қауіпсіздігі бойынша 31 орындамыз.
Тіпті Ресейдің алдындамыз! Ендеше бүкіл 19 млн қазақстандықтардың жеке мәліметі бар мемлекеттің электрондық үкіметін түгел шет мемлекетке - Ресейдің Сбербанкіне бере салуды қалай түсіндіресіз?!. Бұл биыл 30 жыл толып отырған Тәуелсіздігімізге нұқсан емес пе?
Сіз “бұл келісім шарт емес, меморандум” дейсіз, бәрі меморандумнан басталады. Дауылдың алдындағы жел тұратыны секілді. Өйткені, бұл меморандумға үкімет басшысы Асқар Мамин қол қойып отыр ғой.
Өзіңіз айтқандай бұл қоғамда үлкен қарсылық туғызып, шу болуда. Бұны сіздің жауабыңыз да қанағаттандыра алмады.
Бұған алаңдаған “Ақ жол” фракциясы депутаттық сауал да жасады, оны өзіңіз білесіз.
2.Цифрландыру саласын міндетті түрде шетелге бермесек, күн көре алмайтын болсақ, онда Қазақстаннан кейінгі орында тұрған Ресейге бергенше, неге алдыңғы қатардағы елдерге бермейміз ашық та әділ конкурс жасап. Неге барлық жағынан Ресейге байланып қалғанбыз?!.
3.Бұл IT секторының дамуына кедергі келтіреді. Мамандардың шетелге ағылуына жол береді деп отыр сарапшылар. Өйткені тапсырыс беруші мемлекеттік және жергілікті органдардың тапсырысын қожайыны шетелдік платформа иесі өзі біледі кімге беруді…
4.Егер АҚШ ертең Ресейге әлемдік ең алдыңғы қатарлы бағдарламаларға қол жеткізуге тосқауыл қойса біз қайтеміз? “Екі түйе сүйкенсе шыбын өледі” дегендей, шырылдап, босқа құрбан болып кетпейміз бе?
5.Сіз Бағдат Батырбекұлы, өзіңіз министр ретінде мемлекеттік тілде жақсы сөйлейді екенсіз, рахмет. Қазір қазақ министрі қазақша сөйлесе қуанатын масқара жағдайға жеттік Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығының “жетістігі”…
Ал цифрландыру саласындағы, E-gov платформасындағы мемлекеттік тілдің қолданылуы деңгейі қандай?
Бұл сауалға жауап ретінде Бағдат Мусин біріншіден техникалық құжаттар даяр болғанша ешқандай келісімшартқа қол қойылмайтынын қайталады.
«Осы күнге дейін жұмыстарды атқару үшін миллиардтаған сомаға лицензиялық бағдарламаларды сатып алған едік. Біз оларды өзіміз жасаған жоқпыз. Солардың базасында, негізінде үлкен жүйені жасау - біздің қазақстандықтарға тиесілі. Платформаны жасау, негізін сатып алу - тек бір ғана мәселе. Ал оны құрастыру, қажетті платформаны құру – ол біздің қолымызда. Бұл жұмысқа тек қазақстандық мамандар тартылады және біздің ІТ-секторға серпіліс береді. Жаңа идеяға, жаңа платформаға көшу отандық мамандар үшін қосымша тапсырыстар алып келеді. Атап айтқанда, бізге кім ашық кодтарды берсе, соларды қарастыруға дайынбыз деген сауал жібердік. Сондықтан ешкімге де тосқауыл қойып отырған жоқпыз», - деді министр.
Осы орайда ол «Сбердің» технологиясы қарастырылып жатқанын, өйткені олар ашық кодтарды беруге дайын екенін айтты.
«Олардың технологиялық деңгейін зерделеу үшін сарапшылық кеңеспен бірігіп пысықтаймыз», - деді Бағдат Мусин.
Сөз соңында министр аталған мәселе бойынша Парламент депутаттарының және сарапшылардың қатысуымен тыңғылықты талқылауға дайын екенін айтты.
Министрдің толық жауабын видеодан тыңдай аласыздар.