Үкімет тапсырмасы тағы да айдалаға айтылды ма?
2021 ж. 25 қазан
1574
2
ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Үкіметтің Цифрлық кеңсесінде орталық мемлекеттік органдар басшыларының және өңірлер әкімдерінің қатысуымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына және жанар-жағармай материалдарына бағаны реттеу мәселесі жөнінде кеңес өткізді.
Қазіргі жағдай мен жүргізіліп жатқан жұмыс туралы сауда және интеграция, ауыл шаруашылығы, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлері, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Алик Айдарбаев, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин, және бірқатар облыс әкімдері баяндады. Үкіметтің есебінше өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасы 0,2% өскен екен. Өткен аптада Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Шымкент қаласында, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Алматы, Павлодар, Ақтөбе және Жамбыл облыстарында 87 тауар позициясы бойынша сауда үстемесін көтерудің 16 фактісін анықтапты. Бұл ресми дерек, ал шын мәнінде бұл көрсеткіш одан әлдеқайда жоғары, бағаның өсуі барлық аймақтарды орын алғаны белгілі. Тағы да сол әдеттегідей бағаны бұғаулау, жанармайды қолжетімді ету, тұрғындарды отын-көмірмен жеткілікті қамтамасыз ету сияқты тапсырмаларды премьер-министр үйіп-төгіп беріп, әкімдер мен министрлердің мойнына іліп жіберді.
Бағаға қатысты жиын бірінші рет өтіп отырған жоқ. Халық шулай бастағанда осындай жиын өткізу дәстүрге айналғалы қашан. Бірақ үкіметтің берген тапсырмасы ешқашан нақты орындалған емес. Билік айтты екен деп бағаның қайта төмендегенін көрдік пе? Жоқ. Олай болса бұл жолғы тапсырмасы да айдалаға айтқанмен бірдей болып шығары анық.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz