ЕЛГЕ ЕҢБЕГІ СІҢГЕН ЕР

ЕЛГЕ ЕҢБЕГІ СІҢГЕН ЕР

Елге белгілі еңбек ардагері Болатхан Ермекбаев саналы ғұмырын өзінің өскен өңірін өркендетуге арнаған тарлан. Оңтүстіктегі суармалы жерлердің игеріліп, қажетті инфрақұрылымдармен қамтамасыз етілуіне себепкер болған бірден бір адам. Оның өмір жолы көпке үлгі десек те болады. 

Ермекбаев Болатхан 1936 жылдың 20 тамызында Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданында дүниеге келген. Алматыдағы Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылығы институтының механизация факультетін тәмамдаған. 

1965 жылы Үкіметтің №1338 қаулысы бойынша әйгілі Шардара құрылысына арнайы шақыртумен келген. 


Қызметтің барлық сатысынан асқан жауаптылықпен өткен ол Шардара құрылыс басқармасының бас инженеріне дейін көтерілді. 

Оның тікелей араласуымен 70 мың гектар жер суармалы инженерлік жүйемен дайындалды. Қызылқұм гидроканалының құрылысы, Шардара - Арыс жолының құрылысы, Мақта совхоздарында лотоктан жасалған су жүйелерінің құрылысы аяқталды. 

Ол қандай қызметті атқарса да жаңашылдықты қолдап, еңбек өнімділігін арттыруды көздеді. 


1983 жылы облыстық партия басшылығының шешімімен ол Келес өңірін игеруге аттанды. Мұнда да оның араласуымен Сарыағаш, Қазығұрт аудандарында жер асты құбырлары салынып, суармалы жерлер іске қосылды. 

Одан бөлек Ермекбаевтың ұсынысымен қаржыны үнемдеп, құрылыс жұмыстарын жеделдету үшін рационализаторлық ұсыныс жасалды. Каналдың кейбір қойнауымен айналып өтетін учаскелерін түзетіп жасап жұмыс көлемін азайтып, материалдық құнынан ұтты. Бұл ұсыныс 3,5 миллионнан астам пайда әкелді, ол кезде бұл қаражат бір үлкен ЖМК-ның бір жылдық жұмыс бағдарымен шамалас. 

1986 жылы сырттай оқып, Жамбылдағы гидромеллиорациялық институтты бітірген. 

«Оргтехстрой» тресі БУМ (бетоноукладочная машина) жасап шығарды, оны пайдаланып бетондау жұмыстары жүргізілді. Өндіріс үшін аса тиімді бұл жұмысты насихаттау үшін Бүкілодақтық семинар кеңес өткізілді. Кейін бұл әдіс Үлкен Алматы каналы құрылысында қолданып, іске асты. 

Міне, қажырлы еңбек еткен Болатхан ағаның аймақтың ахуалын аспандатуға сіңірген орасан зор үлесін осы мысалдардан байқап білуге болады.


Өңірдегі Шардара ауданының 70 мың ғектардан астам барлық су жүйелерін іске қосқан, Сарыағаш пен Келес, Қазығұрт аудандарында ондаған мың гектарды суландырған еңбек ардагері Болатхан Ермекбаевтың еңбегін ел жақсы біліп, құрмет тұтады.

Құрылыстың майын ішіп, суландырудың сырын беске білетін Болат көкеміз биыл сексен бестің сеңгіріне шығып отыр.

Болат Ермекбаев қоғамдық-саяси жұмыста да белсенділігімен көріне білді. 

Мен 2004 жылы Парламент Мәжілісіне сайлауға түскенде Болат көкеміз облыстық сайлау штабы бастығы болды. Шардара, Арыс, Отырар аудандары және Мақтарал ауданы сайлаушылары басым дауыс берді. Бірақ ол сандар әрине, биліктің бұрмалауымен өзгертілді. Менің “Ел сайлағанмен билік сайламады” деген мақалам “Жас Алаш”, “Дат”, “Заң”, “Қазақ үні” газеттерінен бастап, республикалық басылымдардың көбісіне шықты.

Болат көкеміз одан кейінгі де, кешегі өткен парламент сайлауында да “Ақ жолға” ақ тілеулес болып жүрді.

Марғасқа ағамыз әлі де қайраты қайта қойған жоқ. Жиындарда елге ақыл-кеңесін айтып жүр.

Қадірлі Болатхан Ермекбайұлы!

Сексен бестің сеңгіріне шығып, мың айдың жүзін көргеніңіз құтты болсын!

Төл Мерекеңіз мол Берекеге айналсын! Шаңырағыңызда шаттық пен шапағат шалқи берсін! Мәуелі күз күніндей өміріңіз жемісті де, жеңісті, Көңіліңіз келісті бола берсін! 

Әрдайым осылай жарқын шуақты, қарқын-қуатты жүре беріңіз! Алла жар болып, Жұлдызыңыз жарқырай берсін!

Әрқашан Ақ жол тілейміз!


ТАРЛАН

Суландырған өңірді білесің бар,

Айтады жұрт еңбек пен күресіңді әр,

Шардараның секілді қан тамыры,

Әр каналда өзіңнің үлесің бар!


Құрылыстың артқанда қанша мәні,

Өзіңіздей тарландар жан салады.

Сарыағаш пен Келеске су жүгіртсең, 

Қазығұрттың биігі қарсы алады.


Бейнетіңнің зейнеті шықты бәрі,

Қадіріңді қарқының ұқтырады.

Суыт жетіп келсең сен жұртың мынау,

Буденный кеп қалғандай тік тұрады!


Ізгілікті әрдайым іздеп өткін,

Бүгінгі күн жемісті бізге ерек күн!

Жүзін көрген Мың айдың жүзің жарқын,

Құдай берген қуатпен Жүзге жеткін!!!

Зор құрметпен, Ақжолдықтар атынан, ініңіз Қазыбек ИСА.