Руслан Мырзағалиев: Ассамблеяның басты мақсаты - татулықты насихаттау

Руслан Мырзағалиев: Ассамблеяның басты мақсаты - татулықты насихаттау

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңейтілген отырысы өтті. Бұл туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Іс-шараға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қ.Көшербаев, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы Е.Қошанов, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің Басшысы М.Қасымбеков, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі М.Әзілханов, орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және облыстардың әкімдері – ҚХА төрағалары, ҚХА Кеңесінің мүшелері, этномәдени бірлестіктердің, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымның өкілдері, қоғам қайраткерлері қатысты.

Отырыс барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы XXIX сессиясының шешімдерін және Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру тұрғысынан Қазақстан халқы Ассамблеясы мен мемлекеттік органдардың басты міндеттері талқыланды. Ассамблея бірыңғай азаматтық ұлт құруға, қазақстандықтарды әлеуметтік-мәдени, қоғамдық және білім беру процестеріне кеңінен тартуға бағытталған жаңа тәсілдерді енгізуді жалғастырып жатқандығы атап өтілді. 

Сондай-ақ отырыста Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ҚХА Аналар кеңесінің этносаралық келісімді нығайту жөніндегі қызметінің өзекті мәселелері қаралды.

Атап айтқанда, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірдегі Қазақстан халқы Ассамблеясының үйлесімді этносаралық қатынастарды нығайту жөніндегі қызметі туралы айтып берді. Облыста 50 түрлі этнос өкілдері тұрады, бұл, облыс халқының 25 пайызын құрайды, тұрғындар үшін мәдениет пен дәстүрді дамытуға барлық қажетті жағдайлар мен инфрақұрылым жасалған.

Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық Аналар кеңесінің төрағасы Назипа Шанаи осы қоғамдық құрылымның қызметіне тоқталды. Аналар кеңестері ажырасулар мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, жастар арасындағы суицидтің алдын алу, интернетке тәуелділік, нашақорлық таралуының алдын алу және т.б. өзекті әлеуметтік проблемалармен айналысады, осы бағыттар бойынша жобаларда 44 мыңнан астам адам қамтылған.

Қазақстандағы этносаралық толеранттылық туралы айта келе, спикер бүгінде елімізде 800-ден астам отбасы түрлі этностардың балаларын тәрбиелеп отырғанын атап өтті. Мысал ретінде Қостанай облысы Алтынсарин кентінен Төлегеновтер отбасын келтірді. Олардың 12 баласы бар: алтауы – қазақ, үшеуі – орыс, екеуі – татар, біреуі – башқұрт. 2014 жылы облыстық ҚХА Аналар кеңесінің бастамасымен «Асар» акциясы аясында бұл отбасы үшін кең үй салынды.

Сонымен қатар спикерлердің баяндамаларында азаматтарды бірыңғай қазақстандық қоғамға неғұрлым тығыз интеграциялау, оқушылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру факторы ретінде мемлекеттік тілді оқыту мәселелері, интернет және балаларды тәрбиелеу проблемалары, балаларға арналған сапалы медиа-контентті қалыптастыру, кибербуллинг, көп балалы аналарды әлеуметтендіру және т.б. өзекті тақырыптар көтерілді.

Іс-шара соңында Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен мемлекеттік органдардың қоғамдағы бірлік пен келісімді қамтамасыз ету саласындағы қызметі мен міндеттерінің басымдықтарын атап өтті.

Президент этносаралық негізде кемсітушілік пен жанжалдарға жол бермеу, арандатулар мен Қазақстандағы этносаралық бейбітшілік пен келісімді тұрақсыздандыру әрекеттерін болдырмау қажеттігіне назар аударды.

Мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге Аналар кеңесі мен Ассамблеяның жастар қозғалысының қызметіне, интернеттегі заңнамаға қайшы контентпен күрес, кибербуллингке қарсы іс-қимыл жөніндегі азаматтық бастамаларға жан-жақты қолдау көрсету тапсырылды.

«Қазақстанда саналуан этнос өкілдері тұрады. Бұл – бүкіл әлемге белгілі ақиқат. Шын мәнінде бұл біздің тағдырымызға жазылған бағымыз. Елімізде түрлі мәдениеттер бірге дамып келе жатыр. Соның арқасында әлеуетіміз артып, береке-бірлігіміз нығая түсуде. Біз отаншылдықты, өзара сыйластық пен татулықты жан-жақты дәріптеуіміз керек. Бұл жүк – мемлекеттің ғана емес, барша азаматтардың ортақ міндеті. Жалпы ұлттық бірлік – қуатты мемлекет болудың басыт кепілі. Егемен еліміздің баға жетпес байлығын кейінгі ұрпақ үшін сақтай білуіміз керек. Осы жауапты міндетті абыроймен атқарасыздар деп сенемін», - деді Президент ҚХА Кеңесінің кеңейтілген отырысында.

Сонымен қатар, Президент Достық үйлерін тиімді пайдалану керектігін сөз етті. 

«Бесінші – Ассамблеяының әлеуметтік және қоғамдық маңызы бар жобаларды қолдау тәсілдерін дамыту. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері жыл сайын көптеген маңызды жобаны жүзеге асырады. Бұл ретте олар мемлекеттен ақпараттық қолдау және ұйымдастыру жағынан ғана көмек алады. Мұндай бастамаларды Ассамблеяның халықтық жобасы деп атауға болады. Олардың авторлары ресми түрде Ассамблея жобасының жетекшісі ретінде танылуы керек. Достық үйлері жиналыстар мен салтанатты жиындар өтетін залға емес ҚХА-ның халықтық бастамалары үшін ресурстық орталықтар және жобалық кеңселерге айналуы тиіс. Этномәдени бірлестіктер де бұл жұмысқа белсенді қатысуы қажет», - деді ҚР Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, сондай-ақ, Ақпарат және қоғамлық даму министрлігіне этносаралық қатынас тақырыбында практикалық зерттеулер қолға алуды тапсырды.

«Бұл аса сезімтал бағыт популизм мен делитанттықты көтермейді. Бұл істе тек құзыреті бар мамандар жұмыс істеуі керек. Елдің ішіндегі және тіпті сыртындағы оқиғаларға біз барынша таразыланған, ғылыми фактілер тілімен және нақты сандармен өлшенген жауап қатуымыз керек. Біздің бұл бағытта айтарымыз бар. Қазақстан халқы ассамблеясының табысты тәжірибесі - осының айқын дәлелі. Ақпарат және қоғамдық даму министрілігіне интеграция мен жалпыұлттық бірлік, этносаралық қарым-қатынастағы үйлесімділік сияқты өзекті тақырыптар бойынша пайдалы практикалық зерттеулерді жолға қоюды тапсырамын», - деді Мемлекет басшысы.

Бүгінгі отырысқа орай "Қазақ үні" ақпарат агенттігінің тілшісі Қостанай облысындағы "Жаңғыру жолы" республикалық жастар қозғалысының төрағасы Руслан Мырзағалиевтің Ассамблея қызметіне қатысты пікірін білді.

- Ассамблеяның қоғамдағы бірлікті нығайтудағы басты мақсаты - оның ел аумағындағы ынтымақ пен түрлі этностар арасындағы татулықты насихаттап, соған қызмет етуі. Ассамблея азаматтық қоғамның барлық жақсы қасиеттерін бойына жинаған бірегей институт. Бұл ұйым достық, бірлік, бейбітшілік ұғымдары Қазақстан халқының өмірінде үлкен орынға ие болуына зор еңбек сіңірді. Ассамблеяның жастар қанаты да бұл бағытта сүделі қызметтер атқарып келеді. 2018 жылы "Жаңғыру жолы" жастар қозғалысы құрылған болатын ел бойынша. Бұл қозғалыс әлеуметтік таптың барлық санатына бағытталған. Әсіресе, жастар қозғалысы қоғамдық келісім моделін насихаттау бойынша, түрлі семинарлар мен тренингтер өткізуде көп жұмыс жасауда, - деді Руслан Мырзағалиев.

Еске салсақ, 2021 жылғы 9 маусымда Кеңес құрамы жаңартылды: Кеңес құрамы 76 мүшеден, бұрын 72 мүшеден тұрған, оған ел басшылығы, Президент Әкімшілігі, Тұңғыш Президент - Елбасы кеңсесі, Ақпарат және қоғамдық даму, мәдениет және спорт, Білім және ғылым министрі, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының, облыстардың әкімдері кірді, олар да жергілікті жерлердегі ҚХА төрағалары болып табылады. Кеңестің 10 мүшесі Парламент Мәжілісінен өкілдік етеді, Кеңестің екі мүшесі – Парламент Сенатының депутаты.