Қазақтың жайбасарлығы ұзақ өмір сүруіне кедергі келтіреді - Алмат Қодасбаев

Қазақтың жайбасарлығы ұзақ өмір сүруіне кедергі келтіреді - Алмат Қодасбаев

Медицина саласындағы жетіс­тіктері мен сіңірген еңбектері үшін ҚР Денсаулық сақтау министр­лігінің құрмет грамотасы, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Даңқ жұлдызы» ордені, Бауыржан Момышұлы атындағы «Намыс», «Сократ Комитетінің «Үздік топ-менеджер», төсбелгілерінің иегері, медицина ғылымының докторы, Алматы Кардиология орталығының басшысы Алмат Қодасбаевпен болған тілшіміздің сұқбатын назарларыңызға ұсынып отырмыз. Алмат Тұрысбекұлы ҚР дарынды жас ғалымдарға арналған Мемлекеттік стипендияның лауреаты (2004ж., 2006ж.), «Жыл дәрігері-2015», «Қазақстанның үздік кардиохирургы» номинациясы бойынша және «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы байқауларының жеңімпазы (2017ж.).

– Алмат Тұрысбекұлы, мемле­кеттің басты капиталы – адам. Ал, адам үшін басты байлық – денсаулық. Өзіңіз­дің дәрігер мамандығын таңдап, денсау­лық сақтау саласындағы еңбек жолыңыз жайында біздің мыңдаған оқырман­дарымызды қысқаша хабардар етсеңіз.

– Алматы облысы қазіргі Еңбекшіқазақ ауданындағы Кеңес Одағының батыры Т.Қабылов атындағы онжылдық мектепті 1987 жылы бітіріп, еңбек жолын осы ауылда құрылысшы болып бастадым. Екі жыл әскери борышымды өтеп келген соң 1990-1996 жылдары С.Асфендияров атындағы Алматы Мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетінде оқыдым. 1996 -1998 жж. аралығында Алматы қалалық орталық ауруханасы мен Іле аудандық ауруханасында хирург дәрігер болып істеп, қызмет барысында хирургия саласының қыр-сырын іс жүзінде игердім.1998 жылы желтоқсан айында А.Н.Сызғанов атындағы Хирургия ғылыми орталығына қызметке ауысып, сол кездегі ең өзекті сала болып табылатын, Қазақстанда енді ғана дамып келе жатқан кардиохирургия мамандығы бойынша аспирантураға түсіп ғылымға бет бұра бастадым.

– Ғылым демекші, медицина өте қажет сонымен бірге ауыртпалығы мен жауапкершілігі мол күрделі мамандық. Сіз осы саладағы белгілі маман және ғалымсыз. Ғылым көптеген ізденісті, қа­жырлы еңбекті, өте көп уақытты қажет етеді. Бұл жайында не айтар едіңіз?

– Жалғыз мен ғана емес, басқа да салалар бойынша жоғары білім алған замандастарымның да енді бастаған еңбек жолы сол кездегі аумалы-төкпелі кезең, кеңестік жүйе тарап, еліміздің егемендігінің алғашқы жылдарына дөп келді. Тәуелсіздікке қол жеткізгенмен оның алғашқы жылдары ауыр болғаны баршаға белгілі. Бұрынғы республикалар арасындағы байланыстар үзіліп, экономикамыз құлдырап кетуіне байланысты халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы да нашарлағаны жасырын емес. Еңбекшілердің айлығы түгіл зейнеткерлердің зейнетақысын төлуге қаржы болмай қалған күндер жұрттың есінде. Медицина қызметкерлерінің өзге салаға ауысуы да сол кезде орын алды. Ол медицина мамандарының тапшылығына алып келді. Шынымды айтсам, өзім де сондай ойда болып, бизнеске бармақ болып көргенмін. Бірақ бәрібір өз мамандығыма деген адал ниетім мені ұстап қалды. Отбасының күн көрісі үшін бірнеше ауруханада жұмыс істеуге тура келді.

А.Н.Сызғанов атындағы Хирургия ғылыми орталығы Қазақстан­дағы жалғыз мекеме болатын. Қиын кезеңдерде оның да жұмысы бәсеңдеп, кейде уақытша тоқтап та қалған күндер болды. Бұл орталықты атақты ғалым, алтын қолды хирург Мұхтар Әлиев басқарды. Білікті маманның жастарға деген қамқорлығын көрдік, соның тәжірибесінен тәлім алып үйрендік. Мұхтар Әлиев маман мәселесіне сергек қарайтын. Өзіне алатын шәкірттерін қатаң таңдаудан өткізіп, олардың қабілеті мен білімін жан-жақты тексеруден өткізетін. Онысы біздердің алдағы өмірде мықты маман болып шығуымыға үлкен ықпал етті десем қателеспеймін.

2002 жылы ақпан айында «Жүректің үшжармалы қақпақшасының функ­ционалдық жетіспеушілігін хирургиялық емдеу» тақырыбында кандидаттық диссертациямды қорғап, медицина ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне ие болдым. Сол жылдар А.Н.Сызғанов атындағы хирургия ғылыми орта­лығында ғылыми қызметкер болып жүріп, жүрек ақауларын, соның ішінде жас балалардағы туа біткен жүрек ақауларын, жүректің ишемиялық ауруларын хирургиялық емдеумен айналыстым. Дәрігерлік тәжірибемен ғылымды ұштастыра жүріп жүректі емдеудің тың және тиімді жолдарын іздестіріп, үнемі зерттеумен болдым. Өйткені, аурудың асқынып кетпесі үшін емдеудің жаңа тиімді тәсілдері аса қажет. Жүрек адам өмірінің ең қажетті, өте күрделі ағзасы. Адам денсаулығы қан айналымына тікелей байланысты. Қан айналымын реттейтін жүрек үлкен рөл атқарады. Оны кесіп табиғи құрылымын бұзып емдеу­ге де болады. Ал оның табиғи құрылымын сақтап емдеу әлдеқайда ұтымды. Жүректің қан жүргізетін үш қақпақшасы ауру салдарынан ескіріп, «сақиналары» кеңейіп кетеді де қан тоқтаусыз ағып, бүкіл ағзаға кері әсерін тигізеді. Оны кесіп ауыстырмай-ақ қысу арқылы ретке келтіру әдісін ұсындым. Қәзір бұл әдіс тәжірибеде кеңінен қолданылып келеді. Жалпы медицина саласында осы сияқты ғылыми жаңалық аса қажет, онсыз емдеу процесі алға жылжымайды. Әрине, ол үшін еңбектену қажет. Бүгінге дейін 170-тен астам ғылыми жұмыс, 1 монография жазыппын. ҚР өнертабысы бойынша 7 патент алыппыз, оның ішінде 1 патенттің жеке авторымын. Ұзақ жылдарғы еңбектің, іденістің арқасында ғылым докторы атағын да қорғап шықтым.

– Әрине, адамдардың денсаулығын сақтап, өмірін ұзарту бағытында бүкіл әлем ғалымдары да тынымсыз жұмыс істеп жатыр. Бір жерде ашылған жаңа­­лық бүгінгі техника дамыған заманда лезде тарап жатады. Осы жерде өзгеден үйрену, өзгені үйрету деген тәжірибе алмасудың пайдасы көп болар?

– Тәжірибе алмасудың пайдасы зор. Өйткені барлық жаңалық бір ғана елде пайда болмайды, ол мүмкін емес. Сондықтан, көптеген мемлекеттермен осы сала бойынша байланыстар орнатуға тура келеді. Ондай тәжірибе бізде жақсы қалыптасқан. Айталық, бір ғана менің өзім бірқатар елдерде болып, тәжірибе алмасып, біліктілігімді арттырдым. Бәрін айтпай-ақ бірнешеуін мысалға келтірейін. 2003ж. Вена қаласында өткен «Атомдық кардиология» тақырында өткен мемле­кетаралық оқу және тәжірибе алмасу тренингіне қатыстым. 2005-2006 жылдары Қазақстанда халыққа кардиологиялық және кар­дио­хирургиялық көмек көрсетуді жақ­сарту мемлекеттік бағдарламасы аясында Мәскеу қаласында «Жүрек-қан тамырлары хирургия­сы маман­дығының жетілдірілген курсын» бітіріп, Ресей медицина Академиясының дипломын алдым. Сол сияқты 2006 жылы Новосибирск қаласында Клиникалық иммунология Ғылыми зерттеу институтында білімімді жетілдірдім. Германия, Италия, Испания, Оңтүстік Корея сияқты біраз елдердегі әріптестеріммен тәжірибе алмастым. Израиль медицинасы дамыған мемлекет екені белгілі. 2007 жылы Телла Шомер медициналық орталығында кардиохирургия саласы бойынша созылмалы жүрек жеткіліксіздігін емдеу мәселесіне арналған тәжірибе алмасу және білім жетілдіру курсынан өттім. Ол жерде белгілі мамандармен операция жасауға қатысып, олардың жетістіктерін өз көзіммен көрдім. Мені таңғалдырған жағдай болды – оларда қарапайым немесе күрделі операция саны тым аз. Бұл оның шағын мемлекет немесе халқының саны аздығынан емес екен. Мамандардың айтуынша олар аурудың алдын алып, асқынбай тұрған кезеңінде емдеуге жіті көңіл бөледі екен.

– Біздің елде осы тәжірибе қай деңгейде? Ол үшін қандай шаралар қажет?

– Бізде түк жоқ деп аузымызды қу шөппен сүртуге болмайды. Бізде білікті мамандар да жеткілікті. Бұрынғыдай емес, қазір медицина саласының материалдық, қаржылық мүмкіндіктері мол. Білмегенімізді үйренуге арналған шетелмен байланыстар да өз деңгейінде. Бұл бағытта мемлекеттік бағдарламалар аясында көптеген жұмыстар атқарылып жатыр.Мысалы, 45 жастан асқан адамдарға жыл сайын тегін тексеріліп, сырқатының бар-жоған анықтауға жағдай жасалған. Егер ауру табылса, оны дер кезінде, асқындырмай тұрып емдеуге болады. Ең бастысы адамдарымыз өз денсаулығына үлкен жауапкершілікпен қарауы керек. Ауруды асқындырмай дер кезінде медициналық көмекке жүгінсе, оның сауығып кету мүмкіндігі де мол. Халық арасында «еврей ауырмай тұрып, орыс ауырғанда, қазақ өлерінің алдында дәрігерге барады» деген әзіл айтылатыны бар. Өз ұлтымды кемсіткен емес, біздің жайбасарлығымыз кейде ұзақ өмір сүруімізге кедергі келтіреді. Аталарымыз «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деп босқа айтпаған ғой. Бұл өте маңызды мәселе, сондықтан оған үлкен мән бергеніміз дұрыс. Осы туралы ұсыныстарымды айтып та жүрмін. Тіпті, денсаулықты сақтау жөнінде мектеп бағдарламасына қосымша сабақ ретінде кіргізсе де болатын еді. Баланы жастан үйретсек ертең олар соны өмірлік салтына айналдыратын болады. Сондықтан, бұқарамен түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Рас, бұрынғыдай емес, қазір бұл бағытта жағдай түзеліп келеді. Сонда да бізге жоспарлы түрдегіге қарағанда ауырып шұғыл келетіндердің саны көп. Өкінішке орай, бұл адамдарымыздың әлі де өз денсаулығына жауапкершілікпен қарамайтынын көрсетеді.

– Енді өзіңіз басқаратын кардиолоия орталығының жұмысына қысқаша тоқтала кетсеңіз.

– Бір кездері жүрек аурулары көбейіп кеткені белгілі. Осыған орай мемлекеттік бағдарлама қабылданып, еліміздегі көптеген қалаларда осындай кардиологиялық орталықтыр ашылды. Біздің кардиология орталығы жүректің ишемиялық аурулары хирургиясы, туа біткен және жүре пайда болған жүрек ақаулары хирургиясы, аортокоронарлық шунттау, аритмология және жүрек трансплантациясы бағытында ашық жүрекке күрделі оталар жасау жұмыстарын атқарып келеді. Орталықта жылына 10 000-нан аса адам емделеді. Нақты көрсеткіштеріне келетін болсақ, шұғыл түрде жылына 5000 науқасқа коронарография және 1700 науқасқа коронарографиялық артерияларды стендтеу, 700 шамасында ашық жүрекке жасалатын шунттау оталарын жасайды. Орталықта сырқатты нақты және сапалы анықтайтын зертхана жұмыс істейді. Сол сияқты операцияға дейінгі және одан кейінгі кезеңде ем жасайтын жансақтау арнайы бөлімдері бар. Шұғыл кардиологиялық және кардиохирургиялық маман­дандырылған және жоғары маман­дандырылған көмек көрсету бойынша Қалалық кардиология орталығы Қазақстан бойынша екінші орында, ал Алматы қаласы бойынша бірінші орында тұр. Біздің мамандарымыз қашан болса да сырқаттарға көмек көрсетуге дайын.

– Сіз соңғы сайланған жетінші шақырылымдағы қалалық Мәслихат депутатысыз. Бұл да қосымша уақыт пен күшті талап етеді, негізгі қызметіңізге кедергі келтірмей ме?

– Әрбір адам өзі өмір сүріп отырған қоғамына қандай пайда келтіріп, оның дамуына қанша­лықты үлес қосып жатырмын деген ойда болғаны жөн. Қалалық мәслихаттың негізгі міндеті де шаһар тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған. Әрине, түрлі салалар бойынша қаралатын мәселе өте көп. Қаланы абаттандыру, адамдарды жұмыспен қамту, тұрғын үй, жол құрылысы сияқты болып кете береді. Өз мамандығым дәрігер болғандықтан мені қала тұрғындарының денсаулығы көбірек алаңдатады. Бұл салада да атқаратын жұмыстар жетерлік. Мысалы, енді ғана оқу бітірген жас мамандарды қызметпен қамту ерекше дер едім. Жасыратыны жоқ, қазір білікті деген жастарымыз шетелге көптеп кетіп жатыр. Олар еріккендіктен кетпейді, жоғары жалақысы бар лайықты қызмет іздеп кетеді. Ал, сол жағдайды өзіміз жасап, өз мамандарымызды тұрақтандырсақ ұтарымыз көп. Жастар бұл саланың ғана емес, еліміздің болашағы ғой. Сол сияқты бізде аурухана, емхана мәселесі де толық шешілген жоқ. Қала үлкен болған соң көше кептелісі науқастарды тез жеткізуге мүмкіндік бермейді. Осыған байланысты кардиология орталықтарын қаланың әр жеріне орналастыру қолға алынды. Қазір «Қалқаман» ықшамауданында, және Бостандық ауданында жұмыс істеп жатыр. Енді бірінші Алматыда №4 аурухана жанынан ашылмақшы. Сондықтан депутаттық өз жұмысыма кедергі келтіреді деп айта алмаймын.Керісінше бірін-бірі толықтыра түседі.

– Әңгімеңіз үшін рақымет, еңбе­гіңіз жемісті бола берсін!

Cұхбаттасқан

Зейнолла АБАЖАН

qazaquni.kz