Қандай банк салымдары танымал?

Қандай банк салымдары танымал?

Қазіргі уақытта банк салымшылары арасындағы ең танымал салым – мерзімділік талаптарына сәйкес келмейтін (мерзімсіз) салымдар. Әрине, бұған таң қалуға болмайды. Өйткені бұл кез келген уақытта үстінен ақша салуға және ақша алуға болатын өте икемді әрі қарапайым салым.

Таяуда Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (Қор) депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердің сайттарына жасаған мониторингін жариялады. Соған сүйенер болсақ, жүйеге қатысушы 20 банктің 17-сі, яғни басым бөлігі мерзімсіз салымдарды қабылдайды. Олардың ішінде 11 банкте салымның ең жоғары сыйақы мөлшерлемесі Қор ұсынған максималды мөлшерлемемен деңгейлес, яғни - 9%-ға тең. Ал 6 банкте мөлшерлеме Қор ұсынған деңгейден төмен. Үш банк мұндай салымды мүлдем қабылдамайды.

Танымалдығы жағынан екінші орында – жинақ салымдар. Банктердің жартысына жуығы (8 банк) толықтыруға болатын түрін, ал 11 банк толықтыруға болмайтын түрін әртүрлі мерзімге қабылдайды. Бұл ретте тек екі банк толықтыру құқығы бар 6 айлық салымның сыйықы мөлшерлемесін (10,3%) және бір банк толықтыру құқығы жоқ 6 айлық салымның сыйақы мөлшерлемесін Қор ұсынған деңгейде (10,8%) бекіткен. Қалған салымдар бойынша сыйақы мөлшерлемелері барлық банктерде Қор ұсынған деңгейден төмен.

Банктер ең аз ұсынатын салымдар – мерзімді салымдар. 20 банктің ішінде тек бесеуі ғана салымның толықтырылатын және толықтырылмайтын түрін әр түрлі мерзімге қабылдайды. Бірақ барлығында да сыйақы мөлшерлемесі Қор ұсынатын шекті мөлшерлемеден төмен.

Осылайша нарықта тауар бағаларының өсіп жатқандығына қарамастан, салымшылар арасында мерзімсіз және жинақ салымдардың танымалдығы сақталуда. Бұған мына мәліметтер де дәлел бола алады: 2021 жылдың 1 тамызына қарай теңгедегі мерзімсіз және жинақ салымдардың көлемі сәйкесінше 4 трлн 233 млрд теңге және 881 млрд 376 млн астам теңге болса, 1 қыркүйекке қарай 4 трлн 242 млрд астам теңгені және 919 млрд 701 млн астам теңгені құрады. Бір ай ішінде теңгедегі мерзімсіз салымдар бойынша өсім 0,2%-ды, ал жинақ салымдар бойынша 4,3%-ды көрсетті.

Банк салымы әрине, сыйақысымен тартымды. Ол жоғары болған сайын, адамдар сол банкке ақшасын сеніп тапсыруға бейім тұрады. Оның үстіне Қор теңгелік салымдардың ең жоғары сыйақы мөлшерлемелерін банктерге ай сайын ұсынып отырады. Ондағы мақсат - банктердің халықты тым жоғары пайыздық сыйақымен қызықтырып, қаражаттарын негізсіз жинауларына жол бермеу. Дегенмен көп адам мұны: «Банктер Қордың сыйақылар бойынша ұсынысын бұлжытпай орындаулары керек» деп түсінеді. Жоқ, олай емес. Бұл тек ұсыныс қана. Бағыт-бағдар ретінде берілген ақпарат. Әрбір банк Қордың ұсынысын ескере отырып, салымдар бойынша сыйақы мөлшерлемелерін өзінің депозиттік саясатына, тәуекелдерді бағалау жүйесі мен бизнес-моделіне сүйене отырып бекітеді. Яғни, салымдардың пайызын өзгертуге немесе бұрынғы деңгейінде қалдыруға құқылы. Сондықтан сыйақылар Қор ұсынған деңгейге тең немесе одан әр түрлі дәрежеде төмен не болмаса жоғары болуы мүмкін. Егер жоғары болса, салымдарды сақтандыру аясында банктің Қорға үш ай сайын төлейтін міндетті жарнасының көлемі артады.

2021 жылдың үшінші тоқсанында мерзімсіз салымдар бойынша максималды мөлшерлемелер бұрынғы деңгейінде сақталды. Оған себеп: банктердегі нарықтық мөлшерлемелердің орташа деңгейі төмендеді. Бұл ретте 3 және 6 айлық мерзімді және жинақ салымдардың танымалдығының артуына байланысты олардың шекті мөлшерлемелері 0,3 пайыздық тармаққа өсті. Оны мына кестеден көруге болады.



Депозиттер санаты Толықтырылатын депозиттер бойынша, % Толықтырылмайтын депозиттер бойынша, %

 2021

Шілде 2021

Тамыз 2021

Қыркүйек 2021

Шілде 2021

Тамыз 2021

Қыркүйек

Мерзімсіз депозиттер 9,0 9,0 9,0 9,0 9,0 9,0

 Мерзімді депозиттер

3 ай 9,0 9,0 9,3 9,5 9,5 9,8

6 ай 9,0 9,0 9,3 9,5 9,5 9,8

12 ай 10,3 10,3 10,3 10,7 10,7 10,7

24 ай 9,1 9,1 9,1 9,4 9,4 9,4

 Жинақ депозиттер

3 ай 10,0 10,0 10,3 10,5 10,5 10,8

6 ай 10,0 10,0 10,3 10,5 10,5 10,8

12 ай 12,3 12,2 12,2 14,0 13,9 13,9

24 ай 10,7 10,7 10,7 12,2 12,2 12,2


Айта кетелік, Қор салымдар бойынша ең жоғары мөлшерлемелерді қолданысқа енгізілерден бір ай бұрын белгілеп, банктерге ұсынады және бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды. Егер Ұлттық Банк әлемдік және ішкі нарықтық жағдайларға байланысты базалық пайыздық мөлшерлемені шұғыл түрде өзгертетін болса, Қор депозиттер бойынша шекті сыйақыларды сол күні қайта қарап, банктерге жолдайды. 


Гүлмира САДЫҚ

qazaquni.kz