Жаңаөзенде жүздеген мұнайшы митингіге шықты
2021 ж. 13 қазан
1593
0
Жаңаөзенде мұнай бұрғыларын жөндеумен айналысатын "КЕЗБИ" компаниясының жұмысшылары тағы ереуілге шықты. Олар екі ай бұрын қабылданған бітімгерлік комиссияның шешімі орындалмай отырғанына наразы. Өйткені өткен айда жалақыға уәде етілген қосымша сыйақы төленбепті, деп хабарлайды КТК арнасы.
"КЕЗБИ" компаниясында қазір жұмыс тоқтап тұр. Мұнайшылар сыйақы төленбейінше, мұнай бұрғыларына жоламаймыз деп отыр. Олар ереуілге осыдан төрт күн бұрын шықпақ болыпты. Бірақ жергілікті шененуіктер келіп басу айтқан. Қосымша ақыларының да бірер күнде төленетініне уәде беріпті. "Бірақ ол сөз күйінде қалды" - деп күйінеді мұнайшылар.
"Өзенмұнайгаздың" мұнай бұрғыларын жөндеуді мойнына алған "КЕЗБИ" компаниясында мыңнан аса жұмысшы бар. Олар шілде айында да ереуілге шығып бітімгерлік комиссиясы талаптарына қатысты хаттама қабылдаған болатын. Онда жалақыны 50 пайызға өсіріп, ай сайын үстемақы берілетіні және қос мерекеде сыйақы төленетіні көрсетілген еді. Бұл жолғы ереуілді компания басшылары мен еңбек инспекторлары заңсыз дейді. Талап қойып наразылық білдіретіндерін білмедік және алдын ала ескертпеді деп отыр.
Қайрат Қосмағанбетов, жұмысшы:
Осы айда шешім бұзылды. Былайша айтқанда, басшылар сол шешімді сыйақы дейді. Ақшамыз толық төленген жоқ. Сол себептен жұмысшылар жұмысын тоқтатып, бүгін қайтадан наразылық ереуілге шығуға барлығы жиналып тұр.