ЕЭО: Жұмыссыздар бойынша Қазақстан көш бастап тұр
2021 ж. 12 қазан
1425
5
Қазақстан жұмыссыздық деңгейі бойынша Еуразия экономикалық одақ елдері ішінде алдыңғы қатарда тұр. ЕАЭО комиссиясы берген статистикаға сүйенсек, республикада жұмыспен қамту орталығына тіркелгендер саны бір жылда, яғни 2020 жылдың тамызынан 2021 жылдың тамызына дейін, 1,6%-ға өсіп, жұмыссыздар қатары 222,6 мың адамға жеткен. Бұл жалпы жұмыс күшінің 2,4 пайызы екен, - деп хабарлайды abai.kz.
Ал, Қырғызстанда биыл жұмыссыздық деңгейі 2,4%-ға артып, жұмыс күшінің 3,1% құрады. Есеппен 80,5 мың адам жұмыссыз болып саналады. Ендеше жұмыссыздық мәселесі жөнінен қырғыз елі көшті бастап, біз қоштап тұр екенбіз.
Одан кейінгі орында Армения тұр. Мұнда жұмыссыз ретінде тіркелгендер саны 60,8 мың адамға жетіп, бір жылда 1,2%-ға көбейген.
Ресейде және Белоруссияда керісінше жұмыссыздық деңгейі былтырғы көрсеткіштен әлдеқайда азайған. Ресейде жұмыссыздар қатары 984,5 мың адам (жұмыс күшінің 1,3%) болса, Белоруссияда 7,6 мың (жұмыс күшінің 0,2%) адам. Статистика бойынша Ресейде жұмыссыздық деңгейі 73%-ға, Белоруссияда 23,2%-ға кеміді.
Жалпы одақ елдері бойынша ресми тіркелген жұмыссыздар саны – 1,4 млн адам және былтырғы көрсеткіштен үш есе аз.
Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі биылғы маусым айындағы көрсеткіш бойынша 20,9%-ды көрсетті. Бұл – Еуразиялық экономикалық одақтың өзге елдеріндегі жұмыссыздық деңгейімен салыстырғанда Қазақстанның жағдайы мәз емес екенін айқын көрсетті.