Алашқа қызмет еткісі келгендердің бәрін де Алаш баласы қолдауы керек

Ал «Ақ жолдың» техникалық байқау туралы ісіне тиіскіштер медициналық байқаудан өткені дұрыс...

 

 

     

Желге ұшқан «Жебе»  арзан өсекпен алысқа барады ма?

  Таяуда әлеуметтік желілердің бірінен «Жебе» деген бір газет бір мақаласын  жанталаса жарнамалап жатқандарын көзіміз шалып қалды. Оқып қарасақ, жаңа ашылған басылым өздерінше қазіргі саяси ахуалға талдау-сымақ  жасамақ болыпты. Әрнәрсенің басын бір шалған шолақ-шолтаң ой-пікірлеріне қарап, тілші байғұс  тірсегі майысатын тақырыпқа бармай-ақ қойса да болар еді ғой дейсің аяп кетіп... Сондықтан болар, біраз адамды «көмекке» де шақырыпты...   Кеше Жармаханның ЖСДП-сы  есігінен қаратпай қуып жіберген (әрине, онысы өте дұрыс емес)  Әміржан Қосанов мырза: «Мәселен, Жаңаөзен қанды қырғыны кезінде неге бұл партия жұмған аузын ашпады?»-дейді бас-көз жоқ.  Ал «Ақ жол» партиясының 2011 жылы түнде Астанада президиум шақырып, ертеңіне «Жаңаөзен қырғынына кінәлілер жауап беруі тиіс» деген мазмұндағы мәлімдемесі көптеген басылымдар мен сайттарда жарияланған болатын. Ал «Ақ жолдың» президиум мүшесі, белгілі ақын Қазыбек Исаның «Мұнай орнына қан ағызғандар қатаң жазалануы тиіс! Атқызған кім, Атқан кім?..» атты батыл мәлімдемелі мақаласы http://www.qazaquni.kz/10050.html  «Жас қазақ үні»газеті мен бірнеше сайттарда  жарық көрді. Сонымен қатар Жаңаөзен қырғынының 100 күндігінде боздақтарды еске алу шарасына Алматы әкімшілігі Абай алаңын бермей қойып, ол жерде концерт өткізгенде «Жан қаза мен даңғаза. Жаңаөзен қырғынының 100 күндігін билік думандатып қарсы алды"  атты өткір сын мақала ...» http://www.qazaquni.kz/11195.html жазып, кейін интернетте жарияланған «Ел намысы – Жаңаөзен» атты жыры елге тарады. Ал «Ақ жолдағы» ақын-жазушылар мен зиялы қауым өкілдерінің де Жаңаөзенге байланысты өз пікірлерін ашық білдіріп жүргендері аз емес. «Жебеліктер»  «Ақ жолдың» мүшесі, белгілі ақын Серік Тұрғынбеков ағамызды да сөйлетіпті.  «Алаш идеясын ту еткен партияға ұлттық ұстанымдарды орнықтыруда, Алаш жолын жалғастыруда үлесімді қосу үшін кірген едім» деген, кешегі сайлаудан қалған өкпесі әлі тарамаған Секең «Ақ жолдың» Мәжілістегі депутаттарының түгелге жуығы мемлекеттік тілді білмейді» деп, артық сілтеп жіберіпті. 8 депутаттың бір-екеуі  болмаса,  қалғаны қазақ тілінде сөйлеп те, депутаттық сауалдар да жасап жүргені белгілі.   «Ақ жол» партиясының парламенттік тізімінде зиялылардың болмауы заңдылық. Себебі, бұл партияға қызмет көрсеткен зиялылардың өздері де оны білді, келісті деп ойлаймын. Олар - «жалдамалы» зиялылар» -деп соғады Қасым Аманжол. Бұл жерде мынадай сұрақ туады. Егер олар алдын-ала білсе, сайлаудан кейін «Жас қазақ үні» газеті мен өзге де порталдар мен БАҚ-тарда Амангелді Айталы мен Қазыбек Иса бастаған ақжолдық зиялылардың партия басшылығын қатты сынаған өткір мақалалары бірінен соң, бірі жарық көрер ме еді... Шамасы, бұл жерде интернетте  атыраулық Махамбет Ерғали тура жазғандай, қазақ тіліне қарсы болған Әблязовке  мол  ақшасына  бола жанталаса қызмет етіп, кейін оп-оңай Козловты сатып кете берген Қасым Аманжол өз тәжірибесіне сүйенген болар...  Аты бар жап-жас журналистің  мұндай абыройдан айыратын зу-зу «қайраткерлігіне» қарап, қарның ашып, ішіңді тартып қалады екенсің... Қысқасы «Ақ жолдың» Алаш ұранын ту етуі  «Жебеге» де жебедей   қадалыпты. «Бұл ескі «Ақ жолдың» ежелден бергі бағыты еді»-дейді тағы өз пікіріне өзі қарсы шығып журналисіміз Мұрат Алмасбекұлы. Ежелден бергі бағыты болса, партия өзгеріп кеткен жоқ, жаңа партия емес, басшысы ауысты екен деп, неге Алаш бағытынан бас тартуы керек? «Азат Перушевтың өз партиясын «Алаш мұрагерлеріміз» деп жариялауы, қазақша айтқанда – қасиетсіздік еді,»-деп езуін кереді әблязовтық «жалдамалы» журналист Қасым Аманжол. Қалайша қасиетсіздік болады, егер «Ақ жол» он жылдан бері Алаш бағытында жұмыс істеп келе жатса. Сонда жаңа басшы келіп: «Жоқ, енді біз Алашты ұмытамыз» деуі керек пе? Азат Перуашев Алаш бағыты тек «Ақ жолдың» ғана жеке меншігі емес, Алашпен бүкіл мемлекет, ел айналысуы тиіс « деп «Егемен Қазақстаннан» бастап,талай жерде айтты да, жазды да. Таяуда «Қазақ үні» газеті мен бірнеше басылымдарда кейбір кертартпаларға берген жауабында «Ақ жол» партиясы төрағасы орынбасары Қазыбек Иса жазғандай, «Ақ жол» Алаш ісін жалғастыруда  барынша тырысып келеді. Иә, былтыр  қазан айында Алаштың 95 жылдығын атап өту жайлы үкімет басшысына  ақжолдық депутат Нұрлан Жазылбеков депутаттық сауал жолдады. Ал қарашаның 22-сінде "Ақ жол" республикалық ғылыми-практикалық-теориялық конференция өткізді. Онда Дихан Қамзабек, Өмірзақ Айтбайұлы, Амангелді Айталы,Амантай Шәріп,Қайрат Сақ,Әбдіжәлел Бәкір секілді академик ғалымдар, Азат Перуашев бастаған 3 депутат, ,Ханбибі Есенқарақызы, Қазыбек  Иса т.б.  қаламгерлер бастаған 16 баяндама жасалып, сөз сөйленді. Олардың жартысынан астамы "Жас қазақ үні" газетінде жарияланды, енді тұтас кітап болып, баспадан шығуда. Кеше қаңтарда парламентте «Ақ жолдың» депутаты Алмас Тұртаевтың депутаттық сауалы бойынша Алаш қозғалысының 100 жылдығын атап өту үшін жалпымемлекеттік және аймақтық кешенді бағдарламалар даярлау ісі мен ХХ ғасырдың 20-50-ші жылдарында жүргізілген саяси репрессия материалдарына  қол жеткізу мәселесі көтерілді. Барлық облыстар мен қалаларда «Ақ жол» Алаштың 95-жылдығын атап өтті. Яғни, республика бойынша Алашты атап өткен тек «Ақ жол» партиясы ғана. «Ақжолдық» арқалы ақын, Шымкентте Алаштың 95 жылдығын атап өтуге бастамашы болған  Ханбибі Есенқарақызының ХХ ғасыр басында  «Қазақ» газетінен кейін Алаш үніне айналған, Алаштың біртуар мемлекет қайраткері Сұлтанбек Қожановтың басшылығымен 7 жыл  шығып тұрған, аты Сталинге дейін белгілі болған  «Ақ жол» газеті туралы екі томдық еңбегін «Ақ жол» партиясы қаржыландырып, 1- томы жарыққа да шықты... Ал 22 желтоқсанда Алматыда Халықаралық Бизнес Академиясында өткен, Алаштың 95 жылдығыны қарсаңында бірнеше БАҚ бас редакторлары мен зиялылар партия қатарына қабылданған, алаштанушы ғалым Мәмбет Қойгелді баяндама жасаған жиынға  қаншама уақыт интернет пен баспасөзде хабарландыру берілсе де, осы Қасымның атын алып жүрген журналистер де, ақ жолда жүрген партия туралы қара күйелі  пікір айтқыш саясаткерлер де барған жоқ.  Сонда бұлар Астанаға бармай-ақ қойсын, Алматыдағы Алашқа арналған жиынға бармаса, кімге барады? Тағы да Алаш туралы ауыз ашпақшы болады... Иә, Алаш атын ардақтап, Алашқа қызмет еткісі келгендердің бәріне де Алаш баласы қуанып, қолдауы керек емес пе? Бірақ, «Ақ  жолдың» Алаштан неге бас тартуы керек  екеніне өздері жауап бере алмайтын, оған бастары ауырмайтындар ауыздарын іске қосудан артыққа бара алмай  жүр.. Сонымен, «жебелік» тілші Мұрат Алмасбекұлының  қожайынның тапсырмасын орындасақ болды деген малайлық мақсатта жазған мақаласының бар ұсқыны осындай... Иә, айта берсек, істелер іс аз емес, бірақ «Ақ жолға» қара күйе жағу ісі одан да көбейіп келеді... Бұны бәсекелестіктің адал жолын емес, залал жолын таңдағандардың ісі деуге болады.  Тіпті, қысты күні көшедегі талға өрмелеу қиын болған соң, көп көріне алмай қалған Амантай қажы да ең оңайы- «Ақ жолға» тиісу» деп ойлаған болуы керек, құстар қайтып келе жатқанда өзін бір еске салып қойды... Сөйтсек, «Ақ жолдың» өмірдің өзінен алған шындығы- техникалық байқауды ерікті ету туралы ұсынысы «Аттан» қажының шамына қатты тиіп, аттан  салып ояныпты... Шамасы, көлігіңді тексермей-ақ, теңгеңді алып, тегін байып жатқан техбайқаудағылармен   жақсы байланысы болса керек... Негізі, «Ақ жолдың» әр қадамына қарсылық танытып, Алаш бағытына да, техникалық байқау туралы қарекетіне де тиіскіштерге айтарымыз, оларға медициналық байқаудан өту керек...

Қ.СЕЙХУНИ

www.qazaquni.kz