ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ҚАРСЫ ШЫҚҚАН ҚАЗАҚ ҮКІМЕТІНІҢ НЕ КЕРЕГІ БАР? - Қазыбек Иса
2021 ж. 27 қыркүйек
2441
4
Үкімет Тіл заңының сақталуын бақылауды қолдамады
“Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы бойынша біз, бірнеше депутат ұсынған Кәсіпкерлік кодекстің 138-бабына Тіл туралы заңнаманың сақталуын бақылайтын бапты қайта енгізу туралы ұсынысымызға
Қазақстан Республикасы Үкіметі қарсы шығып, қоллау таппауда. Айтатын жауаптары - “кәсіпкерлік субьектілерге қосымша ауыртпалық жүктейтіндігі және аталған функцияның мақсатсыз екендігіне орай түзету қолдау таппады”-дейді.
Бұл қарсылық Ұлттық экономика министрлігі мен “Атамекен” ұлттық палатасынан шығып отыр.
Ал қандай “қосымша ауыртпалық жүктейтіндігі” туралы нақты айта алмайды.
Осындай негізсіз қарсылықтарға қалай сенуге болады?
Кәсіпкерлік кодекстің 138-бабында берілген Бақылау жүзеге асырылатын кәсіпкерлік субъектілері қызметінің салаларының тізіміне Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасының сақталуын бақылауды енгізген жағдайда кәсіпкерлерге ешқандай қысым жасалмайды. Мен мұны халықпен бірге кәсіпкерлер құқын қорғап жүрген "Ақ жол" партиясынан сайланған депутат ретінде айтамын.
Себебі тіл туралы заңнаманың сақталуын бақылау іс-шарасы кәсіпкерлік нысанның жұмысына ешқандай кедергі келтірмейді, кері әсер етпейді:
1. Өнім шығару, сауда-саттық жасау, қызмет көрсету, қоғамдық тамақтандыру және т.б. сияқты өндірістік процестер тоқтатылмайды. (Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары тоқтатуы мүмкін.)
2. Кәсіпкерлердің банктегі жеке есеп-шоты бұғатталмайды. (Салық немесе қаржы бақылау органдары бұғаттауы мүмкін.)
3. Кәсіпкерлік нысан орналасқан үй-жайды немесе ғимаратты пайдалануға уақытша тыйым салынбайды. (Өрт қауіпсіздігін бақылау мекемелері тыйым салуы мүмкін)
4.Кәсіпкерлікті тексеруге мараторий деген уақытша шара, сондықтан ол қолданыстағы заңнамаға өзгерту енгізуге бөгет бола алмайды.
Бұл жерде МОРАТОРИЙ туралы сөз жоспарлы тексеру туралы. Ал бақылау органдарына арыз-шағым түсіп, ол бойынша жоспардан тыс тексеру қажет болса, оған мараторий жарияланғандығының қатысы жоқ., тексеріле береді.
5.Кәсіпкерлік кодекстің 138-бабында бұрын берілген Бақылау қайта қосылғанда бюджеттен ешқандай шығын қажет етпейді.
Дәл осы Кәсіпкерлік кодекстің 138-ші бабын алып тастағандықтан кәсіпкерлік нысандар, сауда орындары тауар мәліметтерін мемлекеттік тілде жазуды жиыстырып қойған. Өйткені Тіл басқармалары тексере алмайды.
Сондықтан тіл жанашырларының өздері дүкендер мен мейрамхана-кафелердегі заңсыздықпен күресуде. Шу содан шығуда. Павлодарда Руза Бейсенбайтегі, Өскеменде Жұлдызай Форттарды осы Тіл заңының сақталуын талап еткені үшін қудалауда. Үкіметтен де, Прокуратурадан да ешқандай бақылау болмағасын Тіл туралы заңды - Мемлекеттің Президент қол қойған заңын талап еткендердің бәрі қудаланып, алды шетел асып кетуге мәжбүр болды!
Егер осы Тіл заңнамасының сақталуы Кәсіпкерлік кодексте болған болса, ешкім көше аралап, сатушылармен дауласпаған болар еді. Яғни, біздің үкімет, атап айтқанда Ұлттық экономика министрлігі (министр Әсет Ерғалиев) және “Атамекен” ұлттық палатасында (төраға Тимур Құлыбаев) мүдделі болып отыр ма деген ойға қаласың.
Себебі, Кәсіпкерлік кодекстен дәл осы Тіл заңнамасы сақталуын талап еткен бап алынып тасталған 2015 жылдан бері жылына 13 мыңға жуық шағым түскен. (2018 жылы - 12886, 2019 жылы-12900).
Ал сауда орындарындағы мемлекеттік тілдегі мәліметтер өрескел қателерге толы. Бұл әр адамның Конституциялық құқына зиян тигізеді.
Егер Кәсіпкерлік кодекстің 138-бабына Тіл заңына байланысты Бақылау қайтарылмайтын болса, онда осы баппен сабақтас, бақылауды Кәсіпкерлік кодекске байлап қойған Тіл заңындағы 25-4 бапты да алып тастау керек.
Өйткені бұл бапты 2011 жылы қосқан соң, 2013 жылы осыған сәйкес Кәсіпкерлік кодекске Тіл заңына байланысты бақылау функциясы қосылды. 2015 жылы ол функцияны алып тастағанда, 25-4 бапты да алу керек еді.
Бақылау функциясын қалай жүзеге асыру керек, Әкімшілік кодекстің 75 бабын қалай пайдалану керек туралы министрлік заң аясында нормативті акт жасауы қажет.
ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ САҚТАЛУЫН БАҚЫЛАУҒА ҚАРСЫ ШЫҚҚАН ҚАЗАҚ ҮКІМЕТІНІҢ НЕ КЕРЕГІ БАР?!.
Қазыбек ИСА,
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты