ОЛЖЕКЕҢ ҚАНДАЙ ҚАЗАҚТАРДЫҢ “АЛМА-АТАСЫН” АЙТУДА?!.
2021 ж. 22 қыркүйек
2072
4
Белгілі ақын Олжас Сүлейменов «Вечерний Алматы» басылымына берген сұхбатында «Алма-Ата – это чисто казахское название, а суффикс «ты» в Алматы – китайский» деп мәлімдегені қоғамда үлкен дауға ұласты. Қазақтың зиялы қауым өкілдері бұл бастамаға қарсы шығып, өз пікірлерін айтуда.
«Қазақ үні» ақпарат агенттігі танымал ақын, Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның осыған қатысты пікірін ұсынады.
***
Олжас Сүлейменов ағамыз тағы да баяғы әуеніне басып, қандай қазақтардың “Алма-Атасын” айтуда?
Қазақтар Алматыны бұл қала пайда болғалы бері атам заманнан, “Алмалы”, “Алматы”деп атап келе жатыр. Мысалы біздің бағзы бабаларымыздан бізге дейін, балаларымыз да “Алма-Ата” деп атаған емеспіз, “Алматы” деп әнге қосып, жыр арнап келеміз.
Егер Олжекең “Алма-Ата” деп, өзінің тілдестерінің тілінде айтып жүрсе, онда олай “қазақша Алма -Ата” болады, қазақтар бұрыннан осылай атайтын” деп ҚАЗАҚТАРДЫҢ сыртынан жала жабуға болмайды.
Олжекеңнің ойынша, “Алма-Ата” деген “Алманың атасы” деген сөз екен, сондықтан ел бұрыннан “Алма-Ата” деп атаған-мыс. “Алмалы”, “Алматы” деген атаулар да, “алмалы жер”, яғни, “Алманың отаны” деген сөз қазақша.
Ал “-ті”, “-ты” жұрнақтарын қиырдағы қытайдан іздемей-ақ, қазақша Шідерті, Мойынты, Сілеті, Тарақты секілді талай атаулардан тауып алуға болады.
Сондықтан “Алматыны” Алма-Ата” деу керек” деп армандау артық.
Ең дұрысы, Олжас ағамызға айтар інілік кеңесіміз, өзі сөйлемейтін тіл туралы сөйлемей-ақ қою керек қой.
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні