Біздегі баға саясаты кімнің мүддесін қорғайды?

Біздегі баға саясаты кімнің мүддесін қорғайды?

   Кез-келген мемлекеттің қуаттылығы ел экономикасына, оны басқарып отырған басшылардың қандай саясат ұстанып отырғанына тікелей байланысты. Түрлі салалардан тұратын, әртараптандырылған экономикасы дамыған ел ғана өз халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жоғары деңгейге көтере алады. Ал халқының тұрмыстық жағдайы төмен болса ол өзін ешқашан «Дамыған елдер қатарындағы қуатты мемлекетпіз!» деп айтуға қақысы жоқ. Ол көзбояушылық, халықты алдау болып табылады...

      Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жақындағы Жолдауында 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін көбейту, соңғы он жылда кәсіпорын иелерінің табысынан 60 пайызға артта қалып келген еңбекақы қорын, жұмысшылардың жалақысын көтеруді тапсырды. Сонымен бірге 2022 жылдан 2025 жылға дейін мәдениет қызметкерлерінің, мұрағатшылардың, кітапханашылардың, техникалық қызметкерлердің, қорықшылардың, көлік жүргізушілерінің және басқалардың жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіруді міндеттеді. Ашығын айтсақ, Жолдаудың ең алдымен осы бағыттары халықтың қолдауын тапты. Бірақ жалақыны көтеру мәселені түпкілікті шешпейді. Қайта-қайта көтерілетін баға қосылған жалақыны жұтып қояды. Сонда кім ұтып, кім ұтылады? Ұтылатын қарапайым халық пен қыруар қаржы бөлетін мемлекет. Ұтатындар...

         Жолдау халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталғаны түсінікті. Дұрыс, бұл мемлекетіміздің ең маңызды және ең берік ұстанатын бағдары болғ тиісті. Мемлекеттің иесі халық, сондықтан жұрттың есебінен байыған жекелеген байлар ғана емес, бүкіл тұрғындары бақуатты өмір сүруге құқылы. Мәселе Жолдаудағы тапсырманың іс жүзінде нақты орындалуында болса керек. Олай дейтініміз бұған дейін де талай жолдаулар жарияланған, ол жағынан кемістік жоқ. Сол жолдауларда айтылған ұсыныстар мен міндеттердің бәрі толық іске асырылды деп ешкім айта алмайды. Өйткені Жолдау жарияланысымен жаппай қолдау басталады бізде. Сенбесеңіз соңғы Жолдау жарияланған күннен бергі БАҚ-та жарияланған материялдарға қараңыз. Оның әрбір тармағын талқылап жер-көкке сиғыбай мақтай жөнелеміз. Қызу «қолдайтынымыз» соншалық Президенттің ойына келмеген пікірлерді қосып «дамытып» та әкетеміз. Тіпті мемлекет басшысын әлемде теңдесі жоқ данышпан деп дәріптеп кететіндер де бар. Ал шын мәнінде жаңағы Жолдау бір ай өтпей жатып қызуы мен қызығы басылып, соңы сұйылып кетеді. Басында жоямыз, қырамыз деп айқайлайтын министрлер мен әкімдердің де үні өшеді. Сөйтіп ақырында жолдаулар әдеттегі мінберден оқылатын кезекті баяндама деңгейінде қалып қояды. Жыл сайын жарияланатын жолдаулардың орындалу тарихына көз жүгірткен адам бұны бірден байқайды. Яғни біздің қоғамды әбден тамырланып алған жемқорлықтан басқа, науқаншылдық деген созылмалы «сырқат» та меңдеп алған.

       Экономиканы әртараптандыру, импортқа деген тәуелділікті жою, еліміздегі нарықта әділ, ашық бәсеке қалыптастыру, жемқорлықпен аяусыз күрес жүргізу сияқты толып жатқан ұрандарды біз отыз жыл бойы жырлап келеміз. Оны саясаткерлер ғана емес, бесінші сыныптың оқушысы да жатқа айтып бере алатын жағдайға жеттік. Ал нәтиже қайда? Жоқ! Бәрі сол бәз қалпында. Жемқорлық жеңісті жолын жалғастыруда, халықтың сатып алу қабілеті төмендеп, соған байланысты тұрмысы да нашарлап барады. Оның да себептері көп, санасаңыз саусағыңыз жетпейді. Соның бір ғана себебін қарастырып көрелік. Айталық елдегі - баға саясаты. Тағы да айтамыз, баға саясатын экономикамыздан бөліп алып жеке-дара қарастыруға болмайды. Бұл өмірде барлығы бір-бірімен тығыз байланысты. Көп жылғы тәжірибеге қарасақ, елдегі бағаның өсуі ешқандай жолдауларсыз, ешқандай үкіметтің қаулы-қарарынсыз, бұйрығынсыз-ақ тұрақты түрде өсумен келеді. Бұғаусыз кеткен біздегі баға қазір Президенттің де, Премьер-министріңнің ұсыныстары мен қаулыларын құлағына қыстырып жатқан жоқ, ешқандай ашық бәсекесі жоқ жабайы нарықты қалауынша жаулап алған.

    Сонымен баға деген бәленің алдымен басын ашып алайық. Ол да аяғы аспаннан салбырап түспейді, жеті қат жердің астынан екі құлағы қалқиып кенеттен шыға келмейді, оның да белгілі бір заңдылықтары бар. Баға тауарға немесе көрсетілген қызметке қатысты пайда болады. Сондықтан бағзы заманнан бері экономикада тауардың өзіндік құны деген түсінік бар. Ол тауарға жұмсалған материалдық шығынға, жұмсалған күш пен уақытқа тікелей байланысты. Одан кейін ғана оның сапасы, тауарға деген сұраныс, қосымша құн сияқты көрсеткіштер есепке алынады. Енді осыған байланысты біздегі тауарлар мен бағаны салыстырып көріңізші, бір-біріне мүлдем сәйкес келмейді. Арасы жер мен көктей, біреуі Солтүстік мұзды мұхитта, екіншісі ыстық Африкада жүргендей. Осыған байланысты біздегі баға неге бұлай бұғаусыз кеткен деген сұрақ өзінен өзі туындайды.

     Бүгінгі жедел дамыған заманда көптеген жұмыстар техниканың күшімен атқарылатыны түсінікті. Қарапайым ғана мысал, тауарды бір жерден екінші жерге жеткізу үшін көлік керек Ал техника атаулыға жанармай қажет, онсыз ол аттап баспайды. Сол сияқты тауар өндіретін зауыттар да электр қуатынсыз ештеңе шығара алмайды. Басқасын қойып тек осы бір мысал төңірегінде ойланып көрелікші. Қуат көздері экономиканың қозғаушы күші екені бәрімізге белгілі. Ол негізінен бізде мұнай мен электр қуатын өндіруге қажет көмірден тұрады. Бұл екі шикізат бізде жетіп артылады. Оның басым бөлігін өңдемей-ақ экспортқа шикілей арзанға сатып жатырмыз. Сөйте тұра елімізде жанар май мен электр қуаты тым қымбат. Осыған байланысты басқа да өнімдер мен көрсетілетін қызмет бағалары да жоғары. Әсіресе жанар майдың әлсін-әлсін қымбаттауы тұрақты құбылысқа айналды. Қастық қылғандай көктемгі егіс пен күзгі орақ кезінде бағасын көтеріп жұртты қанқасатады. Сонда бұл не, халыққа жасалып отырған арнайы ұйымдастырылған қастандық, арандату ма?

      Мұнайдың бағасына тәуелдіміз, әлемдік нарықта оның бағасы түсіп кетті деген жаттанды сылтауды үнемі естиміз. Ал сонда мұнайдың бағасы көтерілгенде немесе түскенде жанармайдың арзандағанын біздің елден көрдіңіз бе? Жоқ, ондай жақсылық тарихымызда болып көрген емес. Жанармай мен электр қуатының қымбаттауы басқа тауарлар мен қызметтің бағасын бірден көтереді. Сонда қалай болғаны? Бағаны нарық реттейді, біз оған араласа алмаймыз дейтін биліктегілердің сол айтқан нарығы қайда? Оны біз отыз жылда да көре алмадық.

      Әсіресе азық-түліктің қымбаттауы қарапайым халықтың жанына қатты батады, өйткені алған айлығы тамағына да жетпейді. Бағаны реттейтін заң керек деп айтқан халықтың айқайы айдалада қалды, оны елеп жатқан ешкім жоқ. Рас, әр жылдарда халықтың наразылығы күшейіп, көшеге шығып кетпес үшін шала-шарпы шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, әлеуметтік азық-түлік қоры. Ол да ешқандай нәтиже берген емес. Арзан бағамен тұрғындарға берілетін азық-түліктің қайда кетіп жатқаны белгісіз. Осыған жауапты түрлі деңгейдегі әкімдердің есебіне қарасақ аталмыш қор қарапайым халықты қарық қылып жатқандай көрінеді. Бұл таза өтірік, көзбояушылық. Сауда орындарында баға сол қымбат күйінде сақталып, керек кезінде өсіп шыға келеді. Осыны әкімдер мен министрлер көрмей отыр ма? Әрине көріп отыр, бірақ онымен нақты күресуге деген ниет атымен жоқ оларда.

      Осы жақында ғана Сауда және интеграция министрлігі азық-түлік бағаларының шарықтап кетпеуіне тікелей жауапты орган болып бекітілді. Бұрындар бірнеше министрліктер мен түрлі толып жатқан әкімдіктер түгелдей осыған жауапты болатын. «Қойшы көп болса қой арам өледі»» деді ме, енді бұл шешілуі екіталай істі бір министрліктің мойнына іліпті. Олар азық-түлік түрлері қымбаттай бастаса, бұрынғыдай «сен салар да мен салар, атқа жемді кім салар?» деп жергілікті әкімдіктерге сілтеп отырмауға тиісті. Бұдан былай аталмыш министрлік азық-түлік тауарларының бағасын өндірушіден тұтынушыға дейінгі аралықта бүкіл тізбекті қадағалап отырады. Сондықтан Сауда министрлігі бір ай мерзім ішінде Ұлттық экономика министрлігі мен басқа да тиісті органдардан азық бағасын қадағалау міндеттерін өзіне тұтастай аударып алуы керек. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің, оның ішінде жеке шаруашылықтардың көтерме-тарату орталықтары жүйесіне қол жеткізуі жеңілдетілмек. Сол арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу нарығы кеңейе түспекші. «Біздің мақсатымыз азық-түлік тауарларының ағындары мен бағаларын мониторингтеу мен болжаудың дұрыс және тиімді жүйесін құру. Бұл мемлекетке нарық конъюнктурасы мен баға өзгеруіне уақтылы және жедел ден қоюға мүмкіндік береді» - дейді ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Ержан Қазанбаев. «Вице-министрдің бұл сөзінен не түсінуге болады? Тауар ағымы мен оның бағасының өзгеруін сырттан бақыламай-ақ біз өзіміз күнделікті көріп, қалтамызды қағып жүрміз. Бағаны көтертпейтін нақты іс-қимыл көрсетпесе сырттан қадағалап отыратын органнан не пайда? Осы жағын жоғарыдағылар неге ойламайды? Бұл шараларынан ешқандай нәтиже шықпасын біле тұрса да жоспар ретінде ұсынып отыр. Халықты уақытша тыныштандыратын кезекті көзбояушылықтың керегі қанша?» -дейді осы хабарламаны естіген кейбір мамандар мен халық өкілдері.

           Бұлай деп қаттырақ айтуға халықтың толық қақысы бар. Бұғаусыз кеткен бағаның қиыншылығын солар көріп отыр. Ал, басқа көлденең табыстарын есептемегенде, айына миллиондап жалақы алатын министрлер мен әкімдердің ештеңесі кетпейтіні белгілі.

     Былай қарасаңыз бізде баға саясаты деген ұғым мүлдем жоқ сияқты. Ал шын мәнінде баға саясатының халық тұрмысына әсері мол, оны мамандар жақсы біледі. Неге екенін баға туралы өте сирек айтылады. Жоғары мінберден сәнге айналған, адам түсініп болмайтын небір саяси терминдерді үсті-үстіне төпелеп жатса да бағаны ауыздарына сирек алады. Өйткені баға мәселесі көтерілсе бастары бәлеге қалатынын жақсы біледі.

      Біздің Үкімет баға қымбаттауының себебімен емес, салдарымен ғана күрес жүргізіп жатыр. Дәлірек айтсақ, күрескен кейіп көрсетіп отыр. Әйтпесе монополияға қарсы комитет, басқа да құқық органдары бізде толып жатыр. Шын ниеттері болса жемқорлықты, өзге де кемшіліктерді толық жоятындай мүмкіндіктері бар. Митингіге шыққандарды пытырлатып ұстағандай жемқорларды түгелдей түрмеге тығып, қатаң заң қабылдау қолдарынан келеді ғой. Арам шөпті жұлып тастасаңыз ол қайтадан шығады. Өйткені тамыры түбінде қалады. Қоғамдағы кеселдер де сол сияқты. Оның түп-тамырына үңілу керек. Оның қайдан, неліктен пайда болғанына назар аудару қажет. Оны тамырымен құртқанда ғана құтыламыз.

          Бағаны әдетте монополистер көтереді. Бір саланы толықтай өз меншігіне алғандар қанағат дегенді баяғыда ұмытқан, арандары мүлдем ашылып кеткен. Өздеріне бәсекелес ешкім болмаған соң бағаны еркінше көтеріп, білгенін істейді. Оған ортадағы делдалдарды қосып қойыңыз. Оларды «еншілес компания» деп әспеттеп атайды. Олар да сол мықтылардың еншісінде. Ал қылмысқа қарсы күресуге міндетті толып жатқан органдардың біздің елде, мына қалыптасқан жүйеде оларға тісі батпайды, маңайына жолай алмайды. Өйткені ірі өндіріс салалары мен ең мол шикізат қорлары сол елімізге танымал байлардың қолында. Олар бизнестерін таза, адал жолмен жүргізіп жатпағаны да белгілі. Соны білсе де үкіметтік орындар үндемейді. Өйткені оларға қысым жасаса ертең өздеріне сор болады. Ол байлар тегін байлар емес, мемлекеттік жоғары орындарда мықты тіреушілері, туыстары бар. Сол тіреуішілері түскен пайданың қомақты бөлігін өздері алып отырады. Одан кейін жемқорлықпен, халықты қанаушылармен қандай күрес болуы мүмкін? Біздің елде қарапайым адам өз еңбегімен байыған емес. Байып бара жатса жаңағы мемлекеттік орындар өкілдері салықпен, түрлі шетеулермен өздері-ақ өшіре салады, байларға бәсекенің қажеті жоқ. Бүгінгі біздің миллиардер мен миллионерлердің тірлігі мен түп-тегіне назар аударсаңыз соны түсінесіз. Түсінесіз де түңілесіз. «Елімізде қарапайым халықтың тұрмыстық жағдайы түзеледі!» деген ұрандарға одан кейін өлсеңіз де сенбейсіз. Халықтың қанын сорып жатқан бағаға енді міндеттелген жауапты минстрлік қатаң бақылау жасайды, темірдей тәртіп орнатады деген ертегілеріне қарағанда Тазша баланың қырық өтірігі әлдеқайда нанымды...

Зейнолла АБАЖАН

qazaquni.kz