ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ОДАҚТАРҒА СТРАТЕГИЯЛЫҚ ӘРІПТЕС МӘРТЕБЕСІ БЕРІЛЕДІ - Тоғжанов

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ОДАҚТАРҒА СТРАТЕГИЯЛЫҚ ӘРІПТЕС МӘРТЕБЕСІ БЕРІЛЕДІ - Тоғжанов

Биыл 2021 жылы 23 маусымда ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, "Ақ жол" партиясы фракциясы мүшесі Қазыбек Иса Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановқа еліміздегі шығармашылық одақтарды қаржылық қиындықтан құтқару мәселесін көтерген «Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалын жариялаған еді.

Жақында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е.Тоғжановтың жауабы да келді. Шығармашылық одақтарға стратегиялық әріптес мәртебесі берілетінін хабарлаған жауапты жариялар алдында жаздағы депутаттық сауалымыздың маңызды тұстарын еске сала кетейік.

-Ұлттық идеологиямызды қолға алып, ұлттық болмысымызды ұлтшылдық негізде қалыптастырмасақ, көрген күніміз қиын.

Рухани жаңғырудың негізі – Ұлттық мүддемізді қорғайтын Ұлттық болмысты қалыптастыратын ең алдымен ұлттың руханияты мен мәдениеті. Әдебиеті мен өнері! Білім мен ғылымы! Яғни, ұлттың зиялы қауымы біріккен шығармашылық одақтар.-дейді ақжолдық депутаттар.

-Көзіміз жеткендей, іс жүзінде мемлекеттің стратегиялық серіктесі және қоғамдағы ұлттық идеялардың қозғаушы күші болуға тиіс шығармашылық одақтар қазір қаржылық қиындықтардан шыға алмай, өз күндерін зорға көріп келе жатыр.

Қандай елдің дамуында да, ең алдымен мәдениеттің маңызы зор. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Англияның әйгілі премьері Черчилльге қаржы министрі ел бюджетін көрсетеді. Сонда ол «Мәдениеттің шығындары қайда?» деп сұрайды. «Қайдағы мәдениет соғыс кезінде?» депті министр. Сонда Черчилль: «Ал біз онда не үшін соғысып жатырмыз, егер мәдениетті қорғап қала алмасақ?» деген екен.

Иә, «Егер Тілің мен Мәдениетіңді сақтай алмасаң, шекараңды аша сал, бәрібір неңді қорғайсың? Бұл енді сенің елің емес!»-деп, Нельсон Мандела турасын айтқандай, елдің ең басты қорғаны – Тілі мен Мәдениеті.

Мәдениетімізді қолдауға баса назар аударып келе жатқан Қазақстан Президенті Қ. Тоқаевтың тапсырмасымен былтыр Шығармашылық одақтарды қолдау қоры құрылған еді. Қазір бұл қордың жұмысы әлі жүрмей жатыр. Шығармашылық одақтар шырылдауда, қаржы жоқ деп, ал Мәдениет министрлігіндегі шығармашылық одақтарды қолдау үшін бюджеттен бөлінген 257 миллион теңге де игерілмей қалды. 

Себебі, шығармашылық одақтар құжаттары конкурстық талаптарға сәйкес келмеді дейді министрлік. Өздері күн көре алмай отырған шығармашылық одақтар осылай құдайдың өзі жіберіп тұрған өздеріне тиесілі сыбағасынан айырылып отыр. Мұны қазақ «Кедейдің аузы сүтке тигенде, мұрны қанайды» дейді...

Мұндай, қаржылық қиын жағдайда, шығармашылық одақтар өз мүшелеріне қалай қолдау жасай алады? Негізінен, шығармашылық одақтардың қиын жағдайы оларды қаржыландыру тетіктерінің заңнамалық тұрғыда тиімді жолға қойылмағандығынан болып отыр.

Шығармашылық одақтардың мұңын да, министрліктердің жырын да түсінуге болады. Өйткені, біздің заңымыз бойынша ұлттық мүддемізді қорғауға рухани нәр беретін, ұлтшыл рухты ұрпақтар тәрбиелейтін Жазушылар, Композиторлар, Суретшілер, театр, кино одақтары, яғни Ұлттық тәрбиеге үйрететін одақтар мен ...ит үйрететін одақтардың рөлі бірдей. Мұндай, 22 мың ұйымның бәріне бір көзбен қарап отырғанда, бұл мәселе ешқашан шешілмейді.

Сондықтан, Ұлттық болмысымызды қалыптастыруда маңызы зор шығармашылық одақтардың рөлін арттыру үшін мемлекеттің стратегиялық серіктестігі ұғымын енгізу кезек күттірмес мәселе деп білеміз.

Биыл Тәуелсіздігіне 30 жыл толып жатқан елімізде, соғыс кезі емес, құдайға шүкір бейбіт кезеңде Мәдениетіміз бен Тілімізді сақтап қала алмасақ, біз не үшін отырмыз бұл жерде?

Егер үкімет бұл мәселені жақын арада шешпей, сүйрете беретін болса, біз заңға өзгерістер енгізуді өз қолымызға аламыз.-деп, түйіндеген Ақ жол» фракциясы мүшелері Үкіметке үш ұсыныс жасады:

1. Шығармашылық одақтарды қаржыландыруды заңнамалық тұрғыдан шешу үшін оларға мемлекеттің стратегиялық серіктесі статусын беру керек;

2. Шығармашылық одақтардың мемлекетпен әріптестік қызметін жандандыру үшін мәдениет пен өнерді дамыту гранттарын тағайындау қажет;

3. Ұлттық болмысымызды жат болмыстан қорғау үшін ұлттық идеологиялық, Ақпараттық-рухани қауіпсіздік тетіктерін жасауды шұғыл қолға алу керек.

Енді вице-премьер Ералы Тоғжановтың жауабына келейік.

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ОДАҚТАРҒА СТРАТЕГИЯЛЫҚ ӘРІПТЕС МӘРТЕБЕСІ БЕРІЛЕДІ - Тоғжанов

Қазақстан Республикасы

Парламенті Мәжілісінің

«Ақ жол» фракциясының

мүшелеріне

(тізім бойынша)

Қазақстан Республикасы

Парламенті Мәжілісінің

«Nur Otan» фракцияcының

депутаты Ә.М. Әбсеметоваға

Құрметті депутаттар!

Сіздердің шығармашылық одақтарды қолдауға қатысты сауалыңызды қарап, мынаны хабарлаймын. 

Үкіметтік емес ұйымдармен, соның ішінде шығармашылық одақтармен стратегиялық әріптестік орнату және оларға мемлекеттік грант ұсыну тәртібін жетілдіру мәселелері «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне волонтерлік қызмет, қайырымдылық, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасында (бұдан әрі – Заң жобасы) қарастырылған.

Заң жобасына сәйкес орталық мемлекеттік органдар ұлттық дамудың басымдықтарын ескере отырып, өз құзыреттерінің шеңберінде үкіметтік емес ұйымдармен стратегиялық әріптестік орнату мүмкіндігіне ие болады. 

Әрбір мемлекеттік орган стратегиялық әріптесті Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен қағидаларға сәйкес конкурс арқылы айқындайтын болады. Мұндай конкурстары мемлекеттік сатып алу рәсімдерінен тыс ұйымдастыру көзделуде. Стратегиялық әріптестік үш жылға жасалынады.

Сонымен бірге Заң жобасында орталық мемлекеттік органдарға мемлекеттік грант ұсыну құзыретін ұсыну көзделіп отыр. Бүгінгі күні грант ұсыну құзыреті Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен жергілікті атқарушы органдарда ғана қарастырылған.

Қазіргі таңда Заң жобасы мүдделі мемлекеттік органдармен келісілуде. Қазақстан Республикасы Үкіметінің Заң жобалау жұмыстарының жоспарына сәйкес Заң жобасы ү.ж. қыркүйекте белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына енгізіледі.

Заң жобасы қабылданғаннан кейін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі (бұдан әрі − Министрлік) мәдениет саласының әрбір бағыты бойынша (кино, театр, музыка, жазушылар және т.б.) шығармашылық одақтарға стратегиялық әріптес мәртебесін ұсынуды жоспарлап отыр. 

Дәстүрлі құндылықтарды дәріптеу және еліміздің зияткерлік әлеуетін арттыру үшін ағымдағы жылғы ақпанда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырудың жол картасы қабылданды. Жол картасында 3 бағыт бойынша 88 іс-шара қамтылған. 

Бірінші – «Тұлғалық даму» бағыты аясында азаматтар арасында прагматизм мен бәсекеге қабілеттілікті дамытуды, цифрлық сауаттылықты арттыруды көздейтін 25 іс-шара жоспарланған. Осы бағыттың аясында балалар арасында кітап оқу дағдысын дамытуға екпін беріледі. 

Атап айтқанда, «Ұлттық кітап оқу жылын» жариялау, «Кітап оқитын мектеп» жобасын іске асыру, әлемдік балалар әдебиетінің озық туындыларын қазақ тіліне аудару жоспарланған.

Екінші – «Ұлттық бірегейлік және халықаралық танымалдық» бағыты аясында халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын одан әрі жаңғырту бойынша 32 іс-шара қарастырылған. Бұл бағыттың шеңберінде балаларды қазақ тілін үйренуге ынтыландыру көзделген. Мысалы, танымал балалар телеарналарын (Nickelodeon, TiJi) қазақ тілінде тарату жоспарланған.

Үшінші – «Мемлекеттің және азаматтық қоғамның дамуы» бағытында тарихи жетістіктерді, қайырымдылықты, экологиялық мәдениетті насихаттауға бағытталған 27 жоба іске асырылады. Олардың қатарында «Үнем − қоғам қуаты», «Құқықтық мәдениет» жобалары және «Бірге − таза Қазақстан» ұлттық акциясы бар. 

Сонымен қатар алдағы уақытта 2021 – 2025 жылдарға арналған «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы қабылданады. Жобада тарихи-мәдени мұраны сақтау, қоғамдық сананы жаңғырту, жаңа технологияларды дамыту, мемлекеттік тілді дәріптеу, жастарды қолдау міндеттері қарастырылған.

Осы бағытта жұмыс жалғасуда және ұдайы Үкіметтің бақылауында.

Е. Тоғжанов