9-шы қыркүйекті «Тоғызқұмалақ күні» деп белгілеуді сұраймын – Әлихан Байменов
2021 ж. 16 қыркүйек
2175
1
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі
А.Ұ. Маминге
Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!
Өзіңіз білетіндей, тоғызқұмалақ – ұлтымыздың адамзат мәдени мұрасына қосқан үлесінің жарқын үлгісі. Ғасырлар бойы тоғызқұмалақ ойшылдар күш сынасатын зияткерлік ойын да, зерде, зейін, қисынды ойлауды жетілдіретін тәрбие құралы да болып келді. Ұлы Абайдың тек өзі ойнап қоймай, маңайында мектеп қалыптастырып, жарыстар ұйымдастыруы да соның бір айғағы болса керек.
Кеңестік унификация салдарынан мыңжылдық тарихы бар зияткерлік ойынымыз жоғалуға жақын қалған 1940-50 жылдары оны қайта жандандырып, алғашқы жарыстарды ұйымдастырушылардың басында Мұхтар Әуезов,
Сәрсен Аманжолов, Мәулен Балақаев, Қалибек Қуанышбаевтардың тұруы да тегін емес еді.
Бірте бірте шебер ойыншылар анықталып, республика біріншіліктері, қырғыз ағайындармен ойындар өткізіле бастады. Дегенмен, белгілі себептермен ұлттық ойынымыз кеңес дәуірінде бұқаралық сипат алған жоқ. Тәуелсіздік арқасында ғана саяси идеологиялық тұрғыда тоғызқұмалақ дамуына оңтайлы ахуал қалыптасты.
2000-шы жылдардан бастап ұлттық ойынды тек Қазақстанда ғана емес, шет елдерде де насихаттап, таратуға назар аударылды. 2006 жылдан бастап тоғызқұмалақ әлемдік зияткерлік ойындар олимпиадасы бағдарламасына енді. 2008 жылы 2 маусымда Орал қаласында Дүниежүзі тоғызқұмалақ федерациясының құрылтайы өткізілді.
Осы күнге дейін 5 Әлем, 4 Азия, 4 Еуропа чемпионаттары өтіп, оларға отыздан астам мемлекет өкілдері қатысты. Колумбия, Канадада, Литва мен Румынияда, Корея мен Ұлыбритания, Франция, Германияда жанашырлар мен қайраткерлер тоғызқұмалақ аясын кеңейтіге үлес қосуда.
Канадалық iggamecenter.com және польшалықтар жасаған playok.com сайттарымен әріптестік орнатып, интернет арқылы ойнау мүмкіндігіне қол жеткізілді. Отандық мамандар Android пен Ios жүйелері үшін арнайы қосымшалар әзірледі. Нәтижесінде, пандемия кезінде жүздеген онлайн жарыстар өтуде. Қазір 200 мыңнан астам адам 3000 дей жаттықтырушылардың көмегімен тоғызқұмалақпен айналысса, 10000 астам адам кәсіби деңгейде ойнайды.
2020 жылы 19 желтоқсан күні халықаралық ЮНЕСКО тоғызқұмалақты адамзаттың мәдени мұралары тізіміне қосты. Білім және ғылым, Мәдениет және спорт министрліктері қолдауымен қазір барлық денешынықтыру мұғалімдеріне тоғызқұмалақ үйретіліп, мектеп бағдарламасына енгізуге дайындық жүруде.
Осының барлығы тоғызқұмалақ ардагерлері, жаттықтырушы, төреші, ойыншылардың күнделікті еңбегі, Үкімет пен облыс, аудан, қала басшыларының оң көзқарасы, жанашыр азаматтардың демеуі, ақпарат таратып, насихаттап жүрген жорналшылардың қолдауы, облыстық және шет елдік федерациялар басшыларының қайраткерлігі арқасында мүмкін болды.
Таяуда менің атыма тоғызқұмалақ ардагерлері мен жаттықтырушыларынан тоғызыншы айдың тоғызыншы күнін, яғни 9-шы қыркүйекті «Тоғызқұмалақ күні» деп белгілеу туралы ұсыныс түсті.
Бұл күннің тағайындалуы біздің мәдени мұрамыздың мыңдаған жыл тарихы бар екенін, тереңнен тамыр алатын және ол мәдени мұраның ішінде ерекше күрделі интеллектуалды ойынның бар екенін паш ететін күн болатыны сөзсіз.
Соңғы жылдары көшеде тоғызқұмалақты ойнауға арналған түрлі-түрлі құралдар жасалған. Осының барлығын пайдаланып тоғызыншы айдың тоғызыншы күнінде бүкіл республиканың қалаларында тоғызқұмалақ ойналып жатса, ол біздің ұлттық рухымыздың жаңғыруына да серпін берер еді.
Осыған байланысты, жоғарыда аталған ұсынысты қолдай отырып, 9-шы қыркүйекті «Тоғызқұмалақ күні» деп белгілеу туралы үкімет шешімін қабылдауыңызды сұраймын.
Құрметпен,
Федерация Президенті А. Байменов
qazaquni.kz