Лұқпан ОРАЗБЕКОВ: Ел арасында көз ауруы көбейіп барады

Лұқпан ОРАЗБЕКОВ: Ел арасында көз ауруы көбейіп барады

Лұқпан ОРАЗБЕКОВ, Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институты Балалар бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымының кандидаты, жоғары санатты дәрігер:

ЕЛ АРАСЫНДА КӨЗ АУРУЫ КӨБЕЙІП БАРАДЫ

– Лұқпан Нұрланұлы, қазір – компьютерлік ғасыр. Бүгінгі заманды компьютерсіз елестету мүмкін емес. Үйде, мектепте, қызмет орнында адамдар компьютермен жұмыс істейді. Көз ауруының көбеюіне осының әсері болуы мүмкін бе? Деректерге сүйенсек, тіпті жас балалардың арасында да көз аурулары жиі кездеседі екен. Мұның себебі неде?

– Қазір біздің өмірімізге смартфондар енді. Қай жерде жүрсеңіз де, балалардың қолында смартфондар жүргенін байқайсыз. Оның ересек адамға тигізер зияны көп, балаларға да солай. Оның үстіне, мектеп оқушылары екі жылдан бері онлайн түрде оқыды. Бұл да балалар арасындағы көз ауруларының көбеюіне ықпал етіп отыр. Әзірге біз оның анализін жүргізген жоқпыз. Өйткені, пандемия әлі біткен жоқ. Аты жаман індеттен құтылғаннан кейін оның нәтижелері белгілі бола бастайды. Көзі нашар көретін балалардың саны әжептеуір өседі деген болжам бар.

– Жалпы, офтальмология саласында мамандар жеткілікті ме? Оның ішінде балалар офтальмологтары қаншалықты қамтылған?

– Дұрыс айтасыз, Қазақстанның көп өңірлерінде мамандар жетіспейді. Офтальмология саласы қат мамандықтардың қатарына жатады. Әсіресе, балалар офтальмологтары өте аз. Өйткені, балалардың өзінің ерекшеліктері бар. Әр адам баламен жұмыс істей алмайды. Олардың тілін таба білу керек. Баламен байланыс қиындау. Бірақ өзіме қатысты айтатын болсам, мен ересектерден гөрі, балалармен жұмыс істегенді ұнатамын. Балаларды жанымдай жақсы көремін. Себебі, балалардың жаны таза және өмірге сеніммен қарайды. «Бала тілі – бал» демекші, олармен сөйлескенде жағымды энергия аласың. Әрине, бұл салада мамандар жетіспеушілігі мәселесі бар.

– Жастарды бұл салаға көптеп тарту үшін не істеу керек? Мемлекет тарапынан қандай да бір шаралар жүргізу қажет пе?

– Жастарды бұл салаға тарту үшін ынталандыру жұмыстарын жүргізу қажет. Дәрігерлердің көбі үлкендермен жұмыс істеуді қалайды. Ал балалар көз дәрігерлерін көбейту үшін мемлекеттік деңгейде көмек беру қажет. Егер бұл саладағы мамандардың айлық-жалақысын көтеріп, ынталандыру үшін бірқатар жеңілдіктер қарастыратын болсақ, онда жастар да офтальмологияны таңдайтын еді. Сонымен қатар, бұл жерде адамның өзіне де байланысты. Кейбір әріптестеріміз балалармен жұмыс істей алмаймын деп жатады. Тіл табысу, түсінісу қиын дегенді алға тартады. Бірақ жас мамандарды ынталандыратын болсақ, балалар көз дәрігерлерін де жеткілікті деңгейде қамтуға болады. Осы арқылы балалар көз ауруы саласындағы көптеген проблемаларды шешуге мүмкіндік болады. Мысалы, балаларға скрининг жүргізу мәселесі шешілетін еді. Яғни, балалардың көз ауруын дер кезінде анықтап, ем-шара жүргізетін болсақ, олардың аурулары асқынбайды.

– Республика мектептерінде көз дәрігерлері кабинетін ашу керек дегенге қалай қарайсыз?

– Өте маңызды мәселені көтеріп отырмыз. Шынында да, мектептерде көз дәрігерлері кабинеттерін ашуымыз қажет. Бізде мынадай зерттеулер жүргізілді. Бірінші сыныпқа баратын жеті жастағы балалардың көзін тексердік. Сосын дәл сол балаларға 11 сыныпта, мектеп бітірерде тағы да бақылау жүргіздік. Сонда олардың 40 пайызында көз көруінің төмендеуі анықталды. Бұл аз сан емес. Әсіресе, Азия елдерінде жақыннан көретін, алыстан нашар көретіндер адамдардың саны көбейіп жатыр.

– Еліміздің дәрігерлері дәрменсіздік танытатын кейбір ауру түрлері бойынша науқастарды шетелдерге емдеуге жібереміз. Көз ауруларына байланысты осындай мәселе бар ма?

– Өкінішке орай, офтальмология саласында мұндай мәселе бар. Мәселен, ретинобластома – бұл көздің онкологиялық ауруы. Көбінесе ол жас балаларда дамиды. Ретинобластома көздің тор қабығында пайда болатын ісік. Тор қабық – көздің артындағы жүйке тінінің жұқа қабаты. Сетчатка жасушалары жарық пен түстерді таниды. Ретинобластома бір көзге немесе екі көзге әсер етуі мүмкін. Егер науқас бастапқы сатысында келсе, онда көмек беруге болады. Ал асқынып кететін болса, онда көзді алып тастауға тура келеді. Ал көз жанарын сақтап қалу үшін арнайы ем жүргізу қажет. Елімізде ол емді жүргізуге мүмкіндік болмай тұр. Сондай-ақ жасанды тор қабық дейміз, пигментті ретинопатия – көздің ішкі қабығының зақымдануы. Пигментті ретинопатияның негізгі себебі – зат алмасу бұзылуына әкелетін генетикалық ауру. Бұл операция да Қазақстанда жасалмайды. Өйткені, Қазақстанда ондай аппараттар қондырғылар, жасанды тор қабыққа қызмет көрсететін инженерлер жоқ. Яғни, мемлекеттің дамуы жоғары деңгейде болуы керек. Оны біз инженерлермен ғана жасай аламыз. Оның үстіне, оның бағасы да өте жоғары болады. Оның бір операциясы 120 мың доллар шамасында тұрады.

– Қазір медицина саласы қарыштап даму үстінде. Шетелдерден неше түрлі озық технологиялар алып жатырмыз. Тіпті ағза алмастыру мәселесі де жолға қойылып келе жатыр. Осы ретте елімізде көз алмасуының трансплантациясы қандай сатыда? Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институты мамандары көз алмасу трансплантациясын жасай ала ма?

– Бұл сұрақ бізге жиі қойылады. Әсіресе, жарақат алған немесе ауруы асқынып кеткен науқастар осы жөнінде көп сұрайды. Тіпті, кейбір ата-аналар өз көздерін балаларына ұсынғысы келеді. «Менің көзімді балама салуға бола ма?» деп жатады. Көз кішкентай болғанымен, оның құрылысы өте күрделі. Оның ішіндегі тор қабық деген зат мидың бір бөлігі болып саналады. Яғни ми дамығанда соның ішінде тор қабық пайда болады. Демек, ол мидың бір бөлігі. Ал миды ауыстыру мүмкін емес. Сондықтан тор қабық та ауыстырылмайды. Өкінішке орай, дүние жүзінің медицинасы көз алмастыру операциясын жасамайды. Дегенмен көздің кейбір бөліктерін ауыстыруға болады. Мысалы, қасаң қабық дейміз. Көздің сыртқы капсуласының мөлдір дөңес линзасы. Оған кератопластика операциясы жасалады. Кератопластика (көздің қасаң қабығын трансплантациялау операциясы) – жоғары дәлдіктегі медициналық қондырғылардың көмегімен жасалатын хирургиялық операция. Мұндай трансплантацияны жасауға болады.

– Осы сұхбат барысында қойылмай қалған сұрақтар, көкейде қалып қойған ойларыңыз болса, ортаға салсаңыз...

– Негізгі айтқым келгені, біздегі бір мәселе, шекараға жақын науқастардың көпшілігі шет елге барып емделеді. Мәселен, солтүстікте тұратындар Ресейге кетеді, оңтүстіктегілер Өзбекстанға барып жатады. Енді оның әртүрлі себептері бар. Мүмкін біздің сол аймақтағы дәрігерлеріміздің деңгейі төмендеу шығар. Операция жасайтын жаңа қондырғылар болмауы мүмкін. Бірақ өкінішке орай, шет елге барған науқастардың біразы бізге түрлі асқынулармен келіп жатады. Осындай науқастарға реабилитация жасауға тырысамыз. Кейде көмектесе алмайтын жағдайлар да кездеседі. Менің ойымша, шет елдегі дәрігерлердің жауапкершілігі Қазақстан дәрігерлеріне қарағанда төмендеу секілді. Сондықтан біз өңірлердегі мамандардың деңгейін, білімін жетілдіруіміз қажет. Сонда жаңа операциялардың түрлерін енгізгеніміз дұрыс. Бұл ретте біз мүмкіндігімізше оларға көмектесіп жатырмыз. Мысалы мен Оралға барып, витреоретинальды хирургияны бастадық. Павлодарға, т.б. өңірлерге барып, жергілікті мамандарға, әріптестерімізге көзге жасалатын отаның жаңа түрлерін үйреттік. Бұл ретте біз әріптестерімізге әрқашан үйретуден жалықпаймыз. Ашықпыз. Қолымыздан келгенше көмек беруге әзірміз. Егер өңірлердегі әріптестерімізден қызығушылық болса, үйренгісі келсе, біз бүкіл жұмысымызды тастап, сол жаққа барамыз. Қазір Нұр-Сұлтан, Шымкент филиалымызда осындай операциялар жүргізіледі. Енді Ақтау, Атырау қалып отыр. Мына жақта Қызылорда, Тараз қаласында әлі мұндай қызмет түрі жоқ. Жасыратыны жоқ, бұл операцияларды жасау үшін көп қаражат керек. Арнайы аппарат, жаңа қондырғыларды сатып алып, мамандарды үйретуіміз тиіс. Жергілікті ауруханалардың бас дәрігерлері осы жұмысты жүйелі ұйымдастыратын болса, біз онда барып, операция түрін үйретуге дайынбыз. Бұл ретте қазір оң тенденция, ілгері басу бар. Ары қарай бұл сала дамиды деп сенемін. Біз бұған бар күшімізді салатын боламыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Серік ЖҰМАБАЕВ.

qazaquni.kz