БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ ҚАЛЫС ҚАЛМАДЫ
2021 ж. 06 қыркүйек
895
0
ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында елдің бүгінгі тыныс-тіршілігіне талдау жасалып, алдағы атқарылар шаруалардың бағыт-бағдары берілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауларында қашанда өзекті мәселелер көтеріліп, нақты іске асып отыратын. Бұл үрдіс қазіргі президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кезінде де жалғасын табуда.
ҚР Президенті білім сапасын арттыру, ұстаздардың жалақысын көтеру, ғылымды қаржыландыру мәселелері бойынша үкіметке нақты тапсырмалар берді. Өткен жылғы Президенттің халыққа жолдауындағы тапсырмалар нақты орындалып жатыр. Мектепті айтпағанда, жоғары оқу орындарында да мұғалімдердің жалақысы біршама өсті. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Президент тапсырмасы бойынша ЖОО ректорларына оқытушылардың жалақысын көтеру жөнінде тапсырма беріп, шектік жалақы көлемін белгіледі. Осы тапсырмалардың орындалғанына Президенттің жолдауы алдында көзімізді толық жеткіздік. Өзім қызмет ететін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректорының бұйрығымен ұстаздар жалақысы бекітіліп, үлкен қуаныш сыйлады. ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың шешімімен енді Қазақ ұлттық университетінде оқытушы – 200 000 теңге, аға оқытушы – 280 000 теңге, доцент – 330 000 теңге, профессор 500 000 теңге жалақы алады. Сонымен бірге ректордың тапсырмасымен Scopus деректер базасының халықаралық рейтингтік басылымдарында мақала жариялаған 234 ғалым 74,8 млн қаржылай сыйақымен марапатталған болатын.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жолғы жолдауында да мұғалімдерді қолдау саясаты жалғаса беретінін айтып, ғылымға қолдау көрсету туралы тапсырмалар берді. «Ғылым саласын гранттық қаржыландыру мерзімін бес жылға дейін ұзарту мәселесін қарастырған жөн. Ұлттық ғылыми кеңестер шешімдерінің әділдігі туралы мәселе де күн тәртібінен түспей тұр. Осыған орай, апелляция институтын енгізу қажет деп санаймын. Жалпы, еліміздің білім беру және ғылым саласы алдында кезек күттірмес ауқымды міндет тұр», – деген Президент ғалымдарымыздың ғылыми жобаларды қысқа уақытта жоспарламай, нақты нәтижеге қол жеткізуге қажетті уақыт мәселесін шешті. Ғылыми кеңестерден әділдікті талап ету арқылы жас ғалымдарға үлкен үміт сыйлады. Президент жолдауында Қазақстандағы цифрландыру үрдісіне де қолдаудың жалғасатынын айтты. Пандемия кезінде еліміздің цифрландыру жүйесінде «Цифрлық Қазақстан» жобасының тиімділіктері мен кейбір кемшін тұстары анық білінді. Сол олқылықтарды, әсіресе елді мекендерді интернетпен қамту мәселесін барынша шешуге тырысты. Пандемия кезінде электронды үкімет жүйесінің жұмысы барынша халықтың игілігіне қарай дами түсті. Қашықтан ЭЦҚ алу, биометрия бойынша тұлғаны тану жүйесі, мобильді электронды үкімет жүйесі іске қосылды. Сондай-ақ коронавирусқа байланысты адамдардың статусын анықтайтын «Ашық» қосымшасы дәл уағында жасалған ұтымды жоба болды. Бұл жолғы жолдауында Мемлекет басшысы отандық жоғары санатты IT мамандарды әзірлеу керектігін айтты.
«Цифрландыру туралы ұлттық жоба аясында кем дегенде 100 мың жоғары санатты IT маман әзірлеуіміз керек. Экспорттық және цифрлық сала бойынша тауар қызметі 2025 жылға қарай кем дегенде 500 млн АҚШ долларына жетуі тиіс. Мемлекеттік секторды цифрландыруда осы және өзге де міндеттерді қайта қарастыру қажет. Бұл жердегі басты мәселе – мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесінде интеграцияның жоқтығы. Бұл сұрақ шұғыл шешім мен күрделі өзгерісті талап етеді», – деді мемлекет басшысы.Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесі арасындағы интеграция орнату өте маңызды. Мемлекеттік мекеме ғана емес, түрлі қызмет көрсету, ұлттық компаниялар, денсаулық сақтау саласы, білім беру салалары ақпараттық жүйелерінің арасында интеграцияның болғаны жөн. Мысалы, әлі де қызметкердің еңбек кітапшасы қолмен толтырылады. Егер еңбек кітапшасы электронды үкімет жүйесіне қосылып, оқу орындарының ақпараттық жүйелерімен интеграцияланса, онда цифрлық еңбек кітапшасына қол жеткізе аламыз.
Ал жұмыс орнына, мектепке, университетке медициналық анықтама өткіземіз, оның орнына медициналық орталық пен жұмыс орнымыздың ақпараттық жүйесінде интеграция болса, онда бұл қағазбастылықтан да құтылатын едік. Президенттің осы жолғы тапсырмасы орындалса, осы сияқты көптеген мәселенің түйіні шешілер еді. 100 мың жоғары санатты IT маман әзірлеу – бізге берген Президенттің тапсырмасы. «Экспорттық және цифрлық сала бойынша тауар қызметі 2025 жылға қарай кем дегенде 500 млн АҚШ долларына жетуі тиіс» деген мақсат орындалуы үшін Білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлы айтқандай, IT бағытында білім беруде өндіріс орындарын тарту керек. Дуалды білім беру жүйесі даму үшін оқу орындарымен бірге ІТ бағытындағы компаниялар да көп болуы және жоспарды орындайтындай деңгейде дамуы қажет.
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин ІТ компанияларға «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие берілетінін айтқан болатын. Ал Президенттің жолдауында бұл бағдарлама 2022 жылға жалғасатынын айтты. Бұдан ІТ компаниялары өз жобаларын жетілдіру үшін қаржылық көмекке әлі де қол жеткізе алатынын көруге болады. Бұл жолдаудағы білім мен ғылым, ІТ саласының дамуына қозғаушы күш болар тұстары. Бұдан бөлек, пандемиядан кейінгі экономикалық даму, денсаулық сақтау саласы, мемлекеттік тіл мәртебесі, саяси жаңғыру, адам құқықтары туралы Қ.Тоқаевтың көптеген бастамалары жарияланды.
Алдағы уақытта осы бастамалардың жемісін көреміз деген сенімдемін.
Құрметқан Тұрдыбек,
ҚАЗҰУ Ақпараттық жүйелер кафедрасының аға оқытушысы