Қазақстанда банктік алаяқтық көбеюде

Қазақстанда банктік алаяқтық көбеюде

Несиелер біздің өміріміздің бір бөлігіне айналды, күнделікті өмірде біз оқуға, сатып алуға, демалысқа, отбасылық шараларға, тіпті үйлену тойларына несие аламыз. Несие кейбір маңызды жоспарларды жүзеге асыруға, бұл өмір сүру сапасын жақсартуға, қажетті заттарды сатып алуға мүмкіндік береді: тұрмыстық техника, жиһаз, автокөлік, жер телімін, үй және т.б.

             Алаяқтардан банктер, дүкендер мен клиенттер зардап шегеді

 Әрине, қарызға ақша алмас бұрын, алдын ала жан-жақты ойластырып, таразылап алу керек. Осыған байланысты біз банктік несие шартының қыр-сырын жете түсініп, алты айда, бір жылда қанша несиелік пайыз болатынын және нәтижесінде қанша сома банкке төленуі керек болатынын есептеп білу үшін қаржылық сауаттылығымызды арттыруымыз керек. Несиеге байланысты сұраққа жауап беру үшін барлық шығыстарды алдын-ала есептеу керек: біздің кірістер кесте бойынша алынған несиені өтеуге және тұрақты ағымдағы шығындарды төлеуге – тамақтануға, коммуналдық қызметке, емделуге, білім алуға және т.б. жетеді ме?

Біз «өмір матрицасын» өзгертетін цифрлық дәуірге қадам бастық. Қазіргі уақытта сіз үйден шықпай-ақ коммуналдық қызметтерге төлем төлей аласыз, банктік операциялар жасайсыз, интернет-дүкендерден тауарлар сатып ала аласыз, құжаттарды электронды түрде жібере аласыз, тіпті онлайн режимінде де жұмыс жасай аласыз.

Бірақ соңғы онжылдықта жаңа банктік технологиялармен бірге бізге банктік алаяқтықтар да келді, біз олардын құрбаны болмау үшін оған дайын болуымыз керек.

Егер клиенттің банктік картасы мен телефонында банктік қосымшасы болса, онда басқа адам бұл жағдайда алаяқтықпен осы клиентке жаңа несие «жүктеп» қаражатын алып кетеді немесе депозитіндегі каражатын иемденіп алады.

Соңғы жылдары Қазақстанда банктік алаяқтық саны көбейе түсуде. Банктік операцияларға байланысты алаяқтық істердің көптігі: кейбір банктердің қауіпсіздік қызметінің деңгейінің төмендігін, алдын-алу шараларын қолданудың жоқтығын және клиенттің жеке деректерінің қауіпсіздігінің төмендігін көрсетеді.

Қазіргі кезде қаржылық алаяқтар көп. Олардан банктер, дүкендер мен клиенттер зардап шегеді. Мысалы, несиелер – ұрланған, жоғалған және жалған жеке куәліктермен беріледі. Жыл сайын мыңдаған адамдар алаяқтардың құрбаны болып жатады. Бірақ көбісі ешқайда хабар бермейді. Жалған интернетдүкендер де бар.

Сондай-ақ, кейбір банктер кірістерін растайтын құжаттарсыз несие бере береді, соның ішінде жұмыссыздарға, студенттерге, зейнеткерлерге және т.б.

                         Алаяқтар сіздің жеке деректеріңізді пайдаланады

Мысалы, 15 жыл бұрын тиісті жалақысыз несие алу мүмкін емес еді. Міндетті түрде қағаз жүзінде келісімшарт жасалып, адам өз қолымен өз қолтаңбасын қоятын. Адамның өз еркімен, өзінің ақылойымен несие алатынын көруге болады – мас емес, есірткінің әсерінен емес, жанында ешкім тұрмайды және оны мәжбүрлемейді. Ең бастысы, оған ешкім жалған несиені мойнына іліп қоя алмайтын.

Банктер онлайн режимінде «3 минут ішінде» несие бере бастаған кезде, шарттар жеңілдетілген кезде, оларды беру процедурасында үлкен проблемалар басталды. Проблемалық және мерзімі өткен несиелер көлемі мен алаяқтар да күрт өсті. Сонымен қатар, кейбір адамдар шын мәнінде өздері рәсімдемеген несиелерді алған болып шықты. Немесе банктік карталардан ақша жоғалып жатты, шын мәнінде клиент оларды алмаса да.

БАҚ Алматыда халықты микрокредиттеуге байланысты алаяқтық оқиғалары жиілеп кеткенін жазды. Киберқылмыскерлер азаматтарға онлайн-несие жасаған. Жәбірленушілер бұл туралы бірнеше айдан кейін коллекторлық агенттіктер оларды қорқыта бастаған кезде ғана білген. Мысалы, Алматы қаласының тұрғыны Александр Марченко оған несие 2020 жылдың қазан айында берілгенін білді. Анықтай келе, жазда оған Sofie Finance микрокредиттік ұйымынан несие берілген.

Несие оның ағасына да берілген. Жалпы сомасы шығындарды қосқанда 300 мың теңгеден асқан. Келісімшарттарда олардың ЖСН және жеке куәлік деректері көрсетілген. Бірақ сонымен бірге телефон нөмірлері мен тұрғылықты мекен-жайы шынымен сәйкес келмеген. Адвокат Рахман Абдрахмановтың қолындағы бар ақпаратына сәйкес, Алматы қаласының полиция департаментінде бір тергеушінің 300-ден астам осындай мәлімдемесі бар екен. Олардың барлығында онлайн-несиелер рәсімделген.

Заңгердің айтуынша, банктер мен микрокредиттік ұйымдар пайдаланушылардың жеке деректерін толықтай нақты тексеруді қамтамасыз ете алмайды.

Интернет базасынан көптеген адамдардың жеке куәлігінің көшірмесін табу қиын емес екен. Себебі қайда барсаңыз да жеке куәлігіңізді түсіруге келісесіз. Алаяқ сіздің жеке куәлігіңізге өз телефон нөмірін тіркеп, онда көрсетілген барлық деректерді микрокредиттік ұйымның сайтына енгізіп, банктік шотты көрсетуі жеткілікті. Оны онлайн режимінде де ашуға болады. Адвокаттың айтуынша, полицияда мұндай эпизодтарды тергеуге жеткілікті ресурстар жоқ.

Биылғы жылдың 8 маусымында ғана Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мадина Әбілқасымова Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты биометриямен немесе екі факторлы аутентификациямен микрокредиттер беру кезінде клиенттерді сәйкестендіру тетіктерін қатайту туралы хабардар етті. Енді клиенттерді тексермей шағын несие беруге тыйым салынады.

Тыйымның қаншалықты тиімді болатынын уақыт көрсетеді, бірақ қазір кейбір банктер кіріс мөлшері расталмай-ақ миллионға дейін несие береді. Бұл жағдайды ел басшылығы байқап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаржы нарығын реттейтін заңға өзгертулер енгізді. Заңға сәйкес, 2020 жылдың қаңтарынан бастап табысы күнкөріс деңгейінен төмен адамдарға несие беруге тыйым салынады, яғни 31 183 теңге.

Алайда, кейбір банктер осы заңсыз несиелерді беруді биыл да жалғастыруда. Кірісі дәлелдемейтін онлайн-несие беру соңғы жылдары кең таралды және алаяқтық әрекеттердің көбеюіне ықпал етті.

Мысалы, алаяқтар өзін менеджер немесе банктік қауіпсіздік қызметкері ретінде таныстырып, басқа адамдар сіздің атыңыздан несие алмақшы деп жалған мағлұмат беріп өз құрықтарына түсіреді.

Ал ешқашан несие алмаған және оның қалай рәсімделетінін білмейтін жастар алаяқтың жеміне оңай түсіп кетуі мүмкін. Деректердің сыртқа шығып кетуі де анық. Мысалы, олар мектеп оқушыларға қоңырау соқпайды, бірақ студенттерге қоңырау шала алады – олардың банктік карталары бар. Алаяқтар кезекпен бәріне қоңырау шалмайды, бірақ тәжірибесіз жастарды, жасырақ қыздарды немесе қарт адамдарды, тіпті зейнеткерлерді таңдайды.

Алаяқтар ұялы телефон нөмірлерін қайдан алады – бұл нақты банктік қауіпсіздік мәселесі, оған нақты жауап жоқ.

                            Көп жайылған алаяқтық схемалар

«Полиция банктерді түсіндіру жұмыстарына қатысуға шақырды. Жиналыста алаяқтардың құрбандарының бірі алаяқтар оны несие алуға қалай мәжбүрлегенін егжей-тегжейлі айтып берді. Жалған менеджерлердің сенімді және сауатты банктік терминдермен сөйлеуі олардың сөздерінің дұрыстығына күмәндандырмады. Олар оған фамилиясын, атын, әкесінің атын айтты. Бұл жеке мәліметтер туралы мағлұмат полицейлердің назарын аударды». Бұл Петропавлдан келген жаңалықтардан.

Міне, тағы бірнеше мысал. «Олар менің досыма қоңырау шалып, оның депозитінен 8 миллион теңге алып шықты. Келісімдерге сәйкес, егер клиент қателесіп ақшасын жоғалтса, банк оны өтемейді».

«Банктің қауіпсіздік қызметкері» студентке қоңырау шалып, алаяқтар 1 миллион теңгеге несие алуға жүгініп жатқанын және алаяқтардың алдын алу үшін банктік операцияларды жедел түрде жүргізу керек екенін айтты. Ол үшін бірнеше несие беріледі, бұл ақша алынып, QIWI Кошелек арқылы студенттің телефонына «несие төлеу үшін» жіберіледі. «Табыс» бағанында стипендия көрсетіледі – 20 мың теңге. Нәтижесінде миллион теңгеге жетпейтін ақша жоғалады, оны студент енді банкке қайтаруы керек».

Ең көп таралған схема – алаяқтар қоңырау шалып, банк қызметкері болып көрініп, клиенттің шоттарындағы ақшаның ұрланғандығы туралы хабарлайды және жедел түрде «айна шотына», «сақтандыру агентіне» немесе «сақтандыру ұяшығына» ақша аударуды ұсынады. Алдаудың тағы бір қарапайым нұсқасы: несие сіздің атыңыздан басқа қалада ашылғандай және банктің «қауіпсіздік қызметкері» сізге бұл туралы ескертеді және ақшаның алынуын болдырмау үшін шұғыл шаралар қабылдауды ұсынады.

Алаяқ өзін банк қызметкерімін деп таныстырады және WhatsApp мессенджері арқылы клиенттің қаржылық балансын аудару туралы жалған келісім жібереді, сонымен бірге банктің логотипі мен атрибуттарын заңсыз қолданады.

Немесе қаскүнем өзін басқа қаланың сатып алушысы ретінде көрсетіп, өнімге қызығушылық танытады. Кейінірек ол сатушыны сол тауарлар мен олардың жеткізілімі үшін ақша төлеп қойғанына сендіреді. Ақша алу үшін төлем картасының реквизиттерін қажет параққа жіберуін сұрап, сілтемені көрсетеді.

Дәл осындай схема жалған сатушы зат немесе объект үшін аванстық төлем сұраған кезде және сатып алушыны жалған параққа бағыттайтын кезде қолданылады.

Осындай схема автомобильдер, жер учаскелері, пәтерлер сатылған кезде де қолданылады, ал басқа қаладан келген «сатып алушы» сатушының депозиттік шотының нөмірін сұрайды, оның толық құнын төлеймін деп. Себебі үлкен сома болғандықтан банк бұл шотқа пайыздық төлем жасамайды. Нәтижесінде депозитегі ақшадан айырылып қалуға болады.

Кейде өзін банк қауіпсіздігінің қызметкеріміз деп таныстырған алаяқтар картадағы ақшаны ұрлаудан қорғау үшін «арнайы мобильді қосымша» орнатуды сұрайды. Қосымшаны орнатқаннан кейін жәбірленушілер ақша жоғалтады.

Кейбір мәліметтерге сәйкес, алаяқтардың «банктен» жасаған қоңырауларының көп бөлігі Ресей аумағынан орыс тілінде жасалады, олар қазақша сөйлемейді, бірақ танысқанда қазақша аты-жөндерін айтады. Егер сіз қазақ тілінде жауап берсеңіз, онда алаяқтар әңгімені жалғастыра алмайды.

Сондықтан әлеуметтік желілерде және бейтаныс адамдарға жеке құжаттарыңыздың фотосуреттерін жібермеңіз. Банктік картаңызға қатысты ақпаратты жарияламаңыз. Ақша аудару үшін алдыңғы жағында көрсетілген 12 таңбалы нөмірді білу жеткілікті. Карточкадағы төлемдер мен басқа әрекеттерді растайтын кодтарды құпия ұстаңыз.

Егер сізде несие немесе депозит болса, «банктерден» қоңырауларға жауап бермеңіз, егер сіздің несиеңізге қатысты мәселелер туындаса, банкке өзіңіз қоңырау шалыңыз.

Шындап келгенде банктер клиенттермен ешқандай қоңыраусыз оңай жұмыс істей алады – банктен хабарламалар жіберу жеткілікті. Сонымен қатар, банк кейбір ерекше жағдайларда өте сирек қоңырау шала алады, сондықтан банктер клиенттермен қоңыраусыз жұмыс істей алады, бұл келісімшартта қарастырылуы мүмкін.

Қалай болғанда да, барлығымызға онлайн-банктегі сақтық пен сауаттылық өте қажет. Несие немесе депозит рәсімдеу кезінде, сіз алаяқтарға жол бермес үшін, смартфоныңыздағы банктің қосымшасынсыз да жасай аласыз.

                                                                                                Дастан ЕЛДЕС

                                                                                                qazaquni.kz