Арыс апатынан алмаған сабақ Жамбылдағы жарылысқа жалғасты

Арыс апатынан алмаған сабақ Жамбылдағы жарылысқа жалғасты

Жамбылдағы жарылыс!

Арыс апатынан кейін тағы да әскери қару-жарақ қоймасы жарылысы! Бұл қашанға дейін жалғаспақ?!.

2019 жылы 24 маусымда Арыс қаласында алапат жарылыс болып, қалың елдің қайратымен бүкіл қала тұрғындары эвакуацияланды. Үш адам мерт болды.

Сол күннің ертеңіне “Ақ жол” партиясы Президиумының Арыс қаласындағы апатқа байланысты жасаған МӘЛІМДЕМЕСІНДЕ:

“Біз уәкілетті мемлекеттік органдардан аталмыш жағдайдан қорытынды шығарып, жарылыс қаупі бар әскери қоймаларды Арыс қаласының маңындағы аймақтардан және еліміздегі БАРЛЫҚ ҚАЛАЛАРДЫҢ АУМАҒЫНАН АЛЫП ТАСТАУДЫ, жергілікті аймақтардан тыс орналасқан қару-жарақтарын қауіпсіз жерде сақтау және жою жұмыстарын ұйымдастыру мен реттеуді талап етеміз!”деп атап көрсеткен болатын.

Арыстағы апаттан соң Азат Перуашев бастаған “Ақ жол” партиясы басшылары мен депутаттары бірден Арыс қаласында болды. “Адамы жоқ Арыс қаласын” көшесінде шашылып жатқан оқтұмсұқты снарядтарын аралап жүріп көрді.

Енді міне, екі жылдан бері “Ақ жол” партиясы мәлімдемесінде арнайы айтылған: “…Жарылыс қаупі бар әскери қоймаларды Арыс қаласының маңындағы аймақтардан және еліміздегі БАРЛЫҚ ҚАЛАЛАРДЫҢ АУМАҒЫНАН АЛЫП ТАСТАУДЫ, жергілікті аймақтардан тыс орналасқан қару-жарақтарын қауіпсіз жерде сақтау және жою жұмыстарын ұйымдастыру мен реттеуді талап етеміз!”-деген талаптың орындалмағанының айқын айғағы - Жамбылдағы жарылыс!

Кеше 26 тамызда сағат шамамен 19:00-де Жамбыл облысының Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінен өрт шығып, жарылыс болды. Жарылыстан зардап шеккендер саны 66 адамға жетті.

4 әскери қызметші мерт болды. 28 адам ауруханада жатыр.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысындағы әскери бөлімдегі жарылысқа байланысты:

«Өрт салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр. Құтқарушылар, әскери қызметшілер, дәрігерлер және жұмылдырылған барлық адамдар белсенді жұмыс атқаруда. Өкінішке қарай, зардап шеккендер саны артып келеді. Бірақ, жағдай бақылауда. Тараз қаласы мен ауыл тұрғындары сабырлы әрі сақ болуы керек»,-деп мәлімдеді.

 “Ақ жол” партиясы атынан партия төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Телеграм парақшасында қайғылы оқиғада қаза болғандардың отбасына көңіл айтты:

“Тараздағы әскери қоймада болған жарылысты бүкіл қазақстандықтар жүректерімен ауыр қабылдап, қайғылы оқиғаға алаңдаушылық білдіруде. Әзірге дейін жарияланған деректерге қарағанда жарылыс салдарынан 4 әскери қызметші қаза тауып, жарақат алған 28 адам ауруханада жатыр. Оның 6-ауы хал үстінде.

«Ақ жол» демократиялық партиясы бейбіт уақытта беймезгіл қаза тапқан азаматтарымыздың отбасына қайғырып көңіл айтады, иманды болсын!

Жарақат алғандардың жазылып кетуіне тілектестік білдіреді.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!”-деп жазды.

Арыс апатынан алмаған сабақ Жамбылдағыдай жарылыстарға жалғаса беретінін ұмытпайық!

Құдай сақтансаң ғана - сақтайды!

Қазыбек ИСА,

Қазақ үні