«Ұлағаттың» ұтымды істері

«Ұлағаттың» ұтымды істері

         Қазіргі кезеңде қоғамдық бірлестік, қоғамдық серіктестіктер сияқты бұқаралық ұйымдарға мемлекет тарапынан үлкен мән беріліп, олардың дамуына мүмкіндіктер жасалып жатыр. Оның да өзінді маңызды себептері бар. Біріншіден, бұқараның белсенділігі артады, екіншіден, осы ұйымдар мемлекеттік бағдарламалардың іске асуына өз үлестерін қосады. Сондықтан елімізде қоғамдық бірлестіктер саны жалдан жылға артып келеді.

     Осындай бірлестіктің бірі Шығыс Қазақстан облысында табысты жұмыс істеп келеді. Ол - 2007 жылы құрылған «Ұлағат» жастар қоғамдық бірлестігі. Қазір бұл бірлестік өзінің нақты істерімен Шығыс аймақта жақсы танымал. Әрине, әр ұйымның алдымен көздеген мақсаты, белгілі бір бағдарламасы болары анық. «Ұлағатты» құрудағы басты мақсат – Шығыс Қазақстан облысы жастарының жан-жақты дамуына әлеуметтік-экономикалық және басқа жағдайлар жасау, олардың рухани, адамгершілік, интеллектуалдық мүмкіндіктерін, әлеуметтік мәртебесін жоғарылату болатын. Сол сияқты қазақстандық патриотизм сезімін, демократиялық мәдениеті мен азаматтық танымын қалыптастыру, Тәуелсіз Қазақстан идеясы төңірегінде белсенді жастарды біріктіру, Шығыс Қазақстан облысы жастарының қарқынын бір арнаға біріктіру негізге алынды.

       Ұжым жұмысына алғашқы күннен белсенді жастар араласып, көптеген істер тындырды. Ұйымда қазақ және орыс тілдерінде жұмыс істейтін тәжірибелі мамандар түрлі оқыту семинарларын, тренингтерді және басқа оқыту шараларын өткізеді. Біздің жаттықтырушылар Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ШҚО филиалымен бірлесе серіктестікте жұмыс істейді. Мемлекеттік қызметшілерге арналған семинарлар мен тренингтер өткізуді өз мойындарына алған.

Осы жылдарда «Ұлағат» жастар қоғамдық бірлестігі өткізген іс-шаралардың бәрін бірдей атап өту мүмкін емес, солардың кейбіріне ғана тоқтала кетелік. Бүгінгі күні ақпараттық технология кімді де болса қызықтыратыны белгілі. Осы орайда ақпараттық технологиялармен әуестенетін жастар арасында «Алтай-2019» хакатоны өткізіліп, аймақ бойынша ірі шараға айналды. Сол сияқты облыстағы жастар әлеуетін жүзеге асыру бойынша Тарбағатай, Күршім ауданы жастарына арналған семинар-тренингтер өтті. Онда қатысушылардың әрбірінің мүмкіндгі мен оны іске асыру жолдары талқыланды. Сол арқылы бірқатар жастар болашақта айналысатын кәсіптері туралы толық мағұлымат алды.

      Бүгінгі күні дін мәселесі де қоғам назарында. Діни сауаттылық жоқ жерде өзге ағымдарға еріп адасу да орын алатыны белгілі. Осындай келеңсіздіктерді болдырмау және оның алдын алу үшін көптеген шаралар атқаруға тура келеді.

 БАҚ өкілдеріне арналған дін тақырыптарында мақала жазуға қатысты 2-күндік семинар-тренинг болып, бұл тақырып қалам ұстағандар арасында қызу талқыланды. Нәтижесінде аудандық, облыстық басылымдарда бірқатар тәлімді материалдар жарық көрді. Бұның бәрі қарапайым оқырмандардың діни сауатын ашуға, дұрыс бағдар ұстануға өз ықпалын тигізгені анық.

     Қарапайым адамдарға тек қана діни ғана емес, кейде заңдық, құқықтық сауаттылық та жетіспей жатады. Сол себепті күнделіікті өмірде көптеген мәселелерге тап болады. Өйткені жұрттың бәрі бірдей заңгер емес, бірақ өз құқығын білуге әрбір азамат міндетті. Міне осы мәселе бойынша бірлестік мүшелері халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға арналған республикалық «Қорғау» жобасына белсене қатысып, өз біліктіліктерін арттырды.

      Елімізде жыл сайын, тіпті күн сайын түрлі саяси, мәдени шаралар өтіп жатады. Осы шараларды өткізуде бірлестік жастарына зор міндеттер жүктелген. Айталық түрлі деңгейдегі өтетін сайлауға бақылаушыларды даярлау, өздері де бақылау процесіне қатысу да үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ол өз кезегінде заңдылықты қатаң сақтап, сайлаудың ашық, әділ өтуіне әсер етеді.

       Қазақстан бойынша волонтерлер жылы болып өткені белгілі. Бұл шара бүкіл елімізді қамтып, жастардың белсенді екенін көрсетті. Әсіресе төтенше жағдай кезінде волонтерлердің жұмысы аса қажет болды десек артық емес. Пандемия кезінде бұл қозғалыс өзінің өміршең екендігін дәлелдеп берді. Жастардан құрылған топтар белсенді жұмыс істеді. Сондықтан аймақта алдымен волонтерлерді дайындауға көп көңіл бөлінді. Оларды оқыту, тәжірибе алмасу сияқты шаралар атқарылды. Төтенше жағдай кезінде кез келген ақпарат маңызды. Сол арқылы дер кезінде шұғыл көмек ұйымдастырылып, жұмыс нәтижесі артты. Оған төтенше жағдайға мобильді қосымша жасау да оң шешім болды. Сөйтіп карантин кезінде жалғызбасты қарттар мен мектеп жасындағы балалары бар әл-ауқаты төмен отбасыларға тұрақты түрде көмек көрсетілді.

      Атқарылған жұмыстар жетерлік, алда жоспарланған шаралар да аз емес. Бірлестік бағдарламаларына сәйкес түрлі бағыттарда жұмыс істей бермекші.


Аяужан ӘШІМОВА,

«Ұлағат» бірлестігінің төрайымы.

 Шығыс Қазақстан облысы.

qazaquni.kz