128-шi орын. Қазақстан демократиясы Зимбабве мен Конгомен бірдей
2021 ж. 18 тамыз
1381
1
Ұлыбританиялық The Economist журналының The Economist Intelligence Unit талдау бөлімі демократия рейтингісін жасаған. Қазақстан 167 елдің арасында 128-орынға ие болды, деп хабарлайды zakon.kz inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Қазақстан индексі – 3,14. Бұл авторитарлық режим деңгейіне сәйкес келеді. Тізімде еліміз Зимбабве (127-орын) мен Конго (129-орын) арасында тұр.
Индекс мемлекеттегі демократия деңгейін бағалайды және елдердегі сараптамалық бағалау әдіснамасына, қоғамдық пікір нәтижесіне негізделген. Ол 5 негізгі санатқа топтастырылған 60 негізгі көрсеткіштен тұрады.
ЕАЭО және Орталық Азия елдерінің арасында Армения (89-орын) және Қырғызстанның (107-орын) Қазақстаннан көрсеткіші жоғары. Қос мемлекеттің басқару моделі гибридті режимге сәйкес келеді.
Рейтингте Ресей де Қазақстаннан жоғары тұр. Бірақ РФ еліміз сияқты авторитарлы мемлекет санатына еніп, Эфиопия мен Нигер арасында 124-орынға тұрақтады.
Беларусь (148-орын), Өзбекстан (155-орын), Тәжікстан (159-орын) және Түркіменстан (162-орын) көрсеткіштері өте төмен. Рейтингтің соңында Солтүстік Корея (167-орын) тұр.
Сондай-ақ 2021 жылғы бірінші жартыжылдықта Қазақстан қоғамдық тәртіпке, қауіпсіздікке, сондай-ақ құқықтық, сот және қылмыстық атқару қызметіне 423,9 млрд теңге жұмсаған.
Бұл 2020 жылғы алғашқы 6 аймен салыстырғанда 2,7% артық. Бұл тиісті кезеңдегі мемлекеттік бюджеттің барлық шығынының 5,2% тең. Бір жыл бұрын сегменттің үлесі 5,6% болған, жалпы соңғы бесжылдықта ол 6% деңгейінде сақталады.
Мемлекеттік бюджеттің тағы 350,1 млрд теңгесі қорғаныс саласына жұмсалды. Биыл аталған салалардағы шығын мемлекеттік бюджеттің барлық шығынының шамамен 10% тең болды.
Жалпы Қазақстанның мемлекеттік бюджетінің шығысы жарты жылда 8,14 трлн теңгеге жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10,1% артық.