ШАРДАРАДАН МАҢҒЫСТАУҒА 300 ТОННА МАЛ АЗЫҒЫ ЖӨНЕЛТІЛДІ

ШАРДАРАДАН МАҢҒЫСТАУҒА 300 ТОННА МАЛ АЗЫҒЫ ЖӨНЕЛТІЛДІ

Ауа райының қолайсыздығы еліміздің бірқатар өңірлерін мал азығынан тарықтырып жатқаны белгілі. Оның ішінде Маңғыстау халқы құрғақшылықтың қиындығын көруде. Алайда еліміздің түпкір-түпкірінен Батыс өңіріне көмек ретінде мал азығы жөнелтілуде. Бұл тұрғыда Шардара ауданы да көмек қолын созғандар қатарынан көрінуде.

Биылғы ауа-райының қолайсыз болуы, жауын-шашынның аз түсуі және қуаншылық пен құрғақшылықтың салдарынан зардап шеккен батыс өңіріне аудан тарапынан 300 тонна көлемінде мал азығы (бума жоңышқа, дала шөбі және жем өнімдері) жөнелтіліп, жәрдем көрсетілуде. Қазіргі таңда жөнелтуге қосымша мал азығы дайындалуда.

Қ.Тұрысбеков ауылының азаматтары 1000 дана бума шөп жіберді

Қ.Тұрысбеков ауылдық округінің азаматтары батыс өңірдегі шығынға ұшыраған шаруаларға жүк көлігімен 1000 дана бума шөп жөнелтті. Сауабы мол іске С.Әбдіраманов бастаған ауыл тұрғындары, мешіт жамағаты және «Шағалалы Шардара» қайырымдылық қорының мүшелері атсалысқан.

Шардаралық жомарт жандардың сөзінше, жиналмаған бума шөп әлі көп. Алдағы уақытта оларды тағы да жіберу жоспарлануда. Осылайша, қиындыққа тап болған батыс өңірінің жұртшылығына шардаралық шаруалар қолдан келгенше жәрдем беруде.


Қоссейіттіктер де қол ұшын созды

Батыстағы ағайынның малы жұтқа ұшырап жатқандығын естіген Қоссейіт ауылының белсенді азаматтары да қарап қала алмады. Олар қиналған жандарға көмек көрсету мақсатында ел ішінде үгіт-насихат жүргізіп, көпшілікті игі істерге жұмылдыра білді. Нәтижесінде ауыл азаматтары 800 дана бума шөп жинап, батысқа аттандырды.

Ауыл тұрғындары осы істің басы-қасында жүрген Сансызбай Жүсіпов, Марат Шынтаев, Жалғас Теміров, Данияр Рамашовтардың жақсы істерге ұйытқы болғандарына дән риза.

–Елдің басына қиындық түскенде қол ұшын созу адами міндетіміз әрі парызымыз,-дейді қоссейіттік белсенді жастар.

Рүстем Ерғалиұлы.