ЕЛІМІЗДЕ ЕРІКТІЛЕР САНЫ ЕСЕЛЕП ӨСІП КЕЛЕДІ
2021 ж. 14 шілде
1373
0
Алматы облысының Қапшағай қаласында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай және «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы аясында «Asyl jurek» республикалық волонтерлер слеті өтті. Іс-шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тлепов, Алматы облысы әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаев, жастар ресурстық орталықтарының өкілдері және волонтерлер қатысты.
Республикалық слеттің басты міндеттері - республиканың үздік волонтерлік топ жетекшілерінің тәжірибе алмасуы, оларды өзара ынтымақтастыққа шақыру, волонтерлік бағыттар бойынша біліктілікті арттыру. «Мемлекеттің көздегені - халықтың волонтерлікке деген қызығушылығын арттырып, олардың күнделікті қайырымды істерге қатысуын дәстүрге айналдыру. Бұл бағытта бірқатар нақты қадамдар жүзеге асуда. Бірінші, заңнамалық деңгейде өзгерістер енгізу аясында, волонтерлерге оқуға түсу және жұмысқа орналасу кезінде жеңілдіктер беру, басқа да құқықтар мен міндеттерді кеңейту көзделуде. Екінші, өткен жылы құрылған волонтерлердің республикалық және 17 өңірлік фронт-офистерінің жұмысы жаңа қарқын алды. Үшінші, бірқатар қайырымдылық және әлеуметтік маңызы бар іс-шаралар Мемлекет басшысының бастамасы бойынша қолға алынған «Қайырымды істер марафоны» шеңберінде іске асып жатыр. Төртінші, былтыр БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші сессиясында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлерді жұмылдырудың Халықаралық жылын жариялау туралы бастамасын ұсынды. Осы идеяны соңына дейін жеткізу мақсатында халықаралық серіктестермен бірлескен жұмыстар жүргізілуде», - деп атап өтті Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тлепов. 2020 жылы пандемиямен күресте 500 000 волонтер күш біріктіріп, еліміздің 1 миллионға жуық азаматына көмектесті. Бүгінде Алматы облысында волонтерлер саны екі есе артып, 7 мыңға жетіп отыр.
qazaquni.kz