Әрбір әкім өз елдімекеніне тікелей жауапты

Әрбір әкім өз елдімекеніне тікелей жауапты

         Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерімен ауыл әкімдерін сайлау мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, бұл аса жауапты науқанға қатысты нақты тапсырмалар берді.

– Осы оқиғаны еліміздің тарихындағы айтулы белес деп айтуға болады. Негізі, бұл біз үшін стратегиялық мәні айрықша міндет. Азаматтарымыз тұңғыш рет жергілікті атқарушы биліктің басшысын тікелей сайлау мүмкіндігіне ие болмақ. Біз бұған біртіндеп, жоспарлы түрде келдік, – деді Мемлекет басшысы.

         Мемлекет басшысы Қазақстан халқының 40 пайыздан астамы ауылда тұратынына тоқталып, бұл саяси шара, ең алдымен, ауыл тұрғындарының мүддесі үшін жасалып жатқанын жеткізді. «Алдағы сайлау біз жүзеге асырып жатқан саяси реформаларға тың серпін береді деп сенемін. Сондай-ақ тұрғындарды ел басқару және шешім қабылдау үдерісіне тартуға жол ашады» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы партиялық бәсекені күшейту мәселесіне назар аударды. Партиядан үміткер ұсыну мемлекеттің институционалдық тұтастығын бекемдей түседі және саяси үдерістің барынша ашық болуына септігін тигізеді. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті атқарушы биліктің жауапкершілігі жоғары болуға тиіс екеніне баса мән берді.

– Әкімдер – биліктің әрбір елді мекендегі тікелей өкілі. Жұрт олардың қызметіне қарап бүкіл мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін бағалайды. Сондықтан тиімді мемлекет және әділетті қоғам талаптарына сай болу үшін алдағы сайлауды дұрыс ұйымдастыру өте маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

qazaquni.kz