Полиция - халық қорғаны болуға тиісті

Полиция - халық қорғаны болуға тиісті

Қазіргі уақытта «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясы» мемлекеттік мекемесі ішкі істер органдары үшін кадрларды даярлау, біліктілігін арттыру және қайта даярлау функцияларын жүзеге асыру үшін мекеменің ұйымдастырушылық-құқықтық нысанында құрылған, заңды тұлға мәртебесіне ие коммерциялық емес ұйым болып табылады. Алматы академиясын құру үшін негіз болған ведомстволық оқу орындары құрылғаннан бері 20 мыңнан астам жоғары кәсіби мамандар білім алды, олар тек қана Қазақстанда емес, ТМД-ның көптеген елдерінде еңбек етіп, ішкі істер органдарының үлкен ұжымдарын басқарып жүр.

              ҚР ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясы 1956 жылы Қазақстан мен Қырғызстанның милиция кадрларын даярлау үшін құрылған мемлекетіміздің ІІМ-нің ең көне оқу орны болып табылады, биыл оған 65 жыл толғалы отыр. 1956 жылдың 23 шілдесінде Мәскеуде екі республика – Қазақстан мен Қырғызстан милиция кадрларын даярлау үшін КСРО ІІМ Алматы арнайы орта милиция мектебін құру туралы КСРО Ішкі істер министрінің № 00237 бұйрығына қол қойылды. Республикамызда алғашқы кәсіби милиция мектебін құрудың бастамашысы және бас ұйымдастырушысы Қазақ КСР Ішкі істер министрі, ішкі қызмет генерал-лейтенанты Қабылбаев Шырақбек болды.1961 жылы сырттай бөлім факультеті, ал кейінірек КСРО ІІМ Мәскеу жоғары мектебінің күндізгі-сырттай бөлімінің факультеті құрылды. 1969 жылы ол КСРО ІІМ жоғары мектебі болып қайта құрылды, оны Қарағанды қаласына ауыстырды.

        1965 жылдан бастап мектеп жанында өрт күзетінің басшы құрамын даярлау бойынша он бір айлық курстар жұмыс істеді, олардың базасында 1973 жылы Алматы өрт-техникалық училищесі құрылды. 90-шы жылдардың соңында республиканың ІІМ жүйесінде басшылық құрам кадрларын дайындауда кадр мәселесі өзекті болды. Осы санаттағы қызметкерлерді елден тыс жерлерде оқыту ТМД республикаларының заңнамасында айтарлықтай айырмашылықтардың салдарынан және қымбат болғандықтан тиімсіз болды.

1991 жылдың 27 шілдесінде «КСРО Ішкі Істер Министрлігі Алматы жоғары мектебін ұйымдастыру туралы» КСРО Министрлер Кабинетінің № 519 Қаулысы қабылданды, ал оның негізінде 1991 жылдың 30 шілдесінде КСРО ІІМ-нің Алматы факультетінің негізінде Қазақ және Қырғыз Кеңестік Социалистік Республикалардың милиция кадрларын дайындау үшін КСРО ІІМ Қарағанды жоғары мектебінің факультетін және КСРО ІІМ Алматы жоғары мектебін құру туралы № 255 бұйрығы шықты. Аталмыш оқу орнын 12 жыл бойы үзіліссіз милиция генерал-майоры М.Е. Есболатов басқарды.

1996 жылы 3 маусымда Қазақстан Республикасы МТК № 103 бұйрығы негізінде Қазақстан Республикасы ІІМ Алматы жоғары мектебі ҚР МТК АЖМ болып қайта құрылды. Екі жылдан кейін МТК таратылуына байланысты мектеп қайтадан Қазақстан Республикасы ІІМ қарамағына өтіп, 1998 жылғы 27 сәуірде Қазақстан Республикасы ІІМ № 134 бұйрығына сәйкес Қазақстан Республикасы ІІМ Алматы заң институты болып өзгертілді.

Осы мәселенің өзектілігін ескере отырып, 1998-2005 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы ІІО ведомстволық білім беруді одан әрі жетілдіру және дамыту бағдарламасында Қазақстан ІІМ-нің жеке академиясын құру қарастырылды. Осы тармақты орындауда және ІІО үшін мамандарды даярлауды одан әрі жетілдіру мақсатында, 1999 жылғы 1 маусымда Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақстан Республикасы ІІМ Академиясы» мемлекеттік мекемесін құру туралы» № 675 қаулысы қабылданды. Қаулыға сәйкес, Академия Алматы заң институты мен Қазақстан Республикасы ІІМ Алматы техникалық институтын біріктіру жолымен құрылды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 18 ақпандағы № 79 қаулысымен «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Алматы академиясы» республикалық мемлекеттік мекемесіне Мақан Есболатовтың есімі берілді.

               Кез келген дамыған мемлекеттердің саяси құрылымында ішкі істер органдары маңызды орынға ие. Себебі – ішкі істер құрылымдарының қызметі қоғам өмірімен етене байланысты. Полиция – қоғамның күнделікті тұрмыс-тіршілігінің барлық саласында халықпен тығыз қарым-қатынаста екені белгілі.

         АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Германия сияқты әлемнің алпауыт елдерінде қоғамның даму тенденцияларына байланысты полиция реформасы да уақыт талабына сай үздіксіз жүргізіліп келеді. Полиция – ел ішіндегі саяси тұрақтылық пен қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей жауапты орган. Сондықтан оның жұмысын жетілдіріп, бүгінгі күннің талабына сай реформалап, дер кезінде дамытып отыру өте маңызды.

             Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Егемен Қазақстан» гәзетінде жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында ел Тәуелсіздігінің алдағы төртінші онжылдығында атқарылуға тиісті саяси реформалардың маңыздылығы туралы айтқан болатын. «Алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу. Бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет», - деді Мемлекет басшысы. Сананы жаңғырту деген міндетке қоғамның барлық саласын жатқызуға болады. Соның ішінде ішкі істер органдары құрылымын да. Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда Қазақстан полициясының имиджіне, ел ішіндегі бет-бейнесі мен беделіне қатысты әртүрлі пікірлер айтылып жататыны бар. Ашығын айтсақ, айтылар сын да аз емес. Қазақстан полициясына қатысты қоғам пікірін айтпағанда, сол полиция өкілдерінің өздері де – «басты міндетіміз – қылмыспен күресу ғана», -деген түсінікпен жүргендер де бар. Әрине бұл біржақты түсінік. Полиция тек қана қылмыспен ғана күресіп қоймай, соны болдырмас үшін де қызмет етуі қажет. Ал ол өте ауқымды жұмыс, ол үшін халықпен тығыз байланыста болып, әсіресе жастар тәрбиесіне үлкен мән беру керек.

           Бүгінгі таңда республикада Алматы академиясының түлектері қызмет етпей жүрген бірде-бір полиция органы немесе бөлімшесі жоқ. Ең жауапты және шешуші учаскелерде жұмыс істей отырып, олар қылмысқа қарсы күрес және қоғамдық тәртіпті сақтау ісіне елеулі үлес қосып келеді. Олардын ішінде 28 генерал және жүздеген полковниктер бар. Барлығы әртүрлі уақытта осы оқу орнын басқарған ішкі істер органдарының көрнекті басшылары. Оқу процесін ұйымдастыру, білім берудің тиісті деңгейлерінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарына сәйкес жүзеге асырылады. Академияда оқыту және тәрбиелеу қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі.

         Академияда оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру офицерлер – жоғары заң білімі бар білікті мамандарды дайындау; Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары үшін басқарушы кадрларды даярлау; ІІМ басшылары мен қызметкерлерінің, оның ішінде оқу орындарының оқытушылар құрамының біліктілігін арттыру мақсатында жүзеге асырылады. Болашақ кәсіби қызмет аясында курсанттар негізделген шешімдер қабылдау, ішкі істер органдарында басқару жүйесін құру бойынша білім мен дағдыларға ие болады. Сабақты жоғары білікті профессор-оқытушылар құрамы, оның ішінде ғылым докторлары мен кандидаттары, PhD докторлары жүргізеді. Академияда инновациялық білім беру технологиялары апробациядан өтіп отырады, атап айтқанда, 2009 жылдан бастап интерактивті компьютерлік бағдарламалар негізінде модульдік жүйе іске асырылып, 2011 жылдан бастап қашықтықтан оқытуды пайдалана отырып, қызметкерлердің біліктілігін арттыру бойынша білім беру бағдарламалары енгізілді.

           Қазақта «Әкім бол, халқыңа жақын бол», деген қанатты сөз бар. Соны бүгінгі таңда «Полиция болсаң халқыңа жақын бол», - деп айтсақ болғандай. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында айтылған басты міндет те осыған саяды. Әділетті қоғам. Тиімді мемлекет. Халыққа жақын полиция. Міне, осы негізгі үш бағытты – полиция реформасының өзегі деп түсінсек қателеспейміз.

       Жоғарыда айтқанымыздай, ішкі істер органдарын реформалау басталып та кетті. Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде полиция реформасына қатысты бірқатар маңызды тапсырмалар мен міндеттер жүктегені белгілі. Соның бірі – кадр саясаты. Полиция қызметін жаңғыртудың жол картасы аясында ведомстволық оқу мекемелері қайта ұйымдастырылуы керектігін, қызметкерлерді қайта даярлықтан өткізу арқылы іріктеу жүргізілуі керектігін айтты. Осы бағыттағы атқарылып жатқан шаралар туралы азды-кем айта кетсек, Қазақстан Республикасы ІІМ Макан Есболатов атындағы Алматы академиясында қазір ведомстволық білім беру жұмысын жетілдіру бойынша Ішкі істер органдарының қызметкерлері қайта даярлық курстарынан өтіп жатыр.

Қазіргі уақытта, біздің академияның кафедра басшыларымен бірлесіп, сервистік полиция моделі мен қылмыстық сот өндірісінің үш буынды моделі, осы бойынша сотқа дейінгі іс жүргізудегі қадамдар мен оларды шешу т.б. өзекті міндеттер, ведомстволық білім беру жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстар талқыланды. Біздің академияның басты мақсаты – полиция қызметкерлерін жан-жақты білім, ғылым мен практикалық қызметте қазіргі заман талабына сай озық тәжірбиелерге даярлау. Білім беру практикасында ІІМ ардагерлерінің тағылымдамаларын тыңдату арқылы жас полицейлер мен ардагерлер арасында ұрпақ сабақтастығы дәстүрін қалыптастырдық. Бұл дегеніңіз – ең алдымен, ұрпақтар сабақтастығын сақтап, сонымен қатар білім берудің инновациялық әдістерін де енгізіп, кәсіби маман дайындап шығару деген сөз. Мысалы, аталған бағытта біздің Академияда «Қылмыстық сот төрелігінің үш буынды моделі – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Оған ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев бастаған ІІМ өкілдері мен депутаттар, сарапшылар қатысты. Бұл Халықаралық конференция – Ішкі істер органдарының жұмысын жетілдіруде ерекше маңызға ие. Өйткені, бізге ел азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету кепілдігі ретінде сот төрелігінің үш буынды моделіне арналған бірінші халықаралық ғылыми-практикалық конференцияны өткізу жүктелді. Сонымен қатар, мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында біздің Академияда даярлықтан өтіп жатқан ІІМ қызметкерлерін Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрына, сонан соң М.Әуезов атындағы Мемлекеттік акдемиялық театрға апардық. Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімовпен арнайы кездесу өткіздік. Онан соң, Қазақстан Республикасы ІІМ Макан Есболатов атындағы Алматы академиясы мен М.Әуезов атындағы Мемлекеттік академиялық театр арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

     Биыл наурыз айында ҚР ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев өзі келіп, Алматы Академиясында ашғашқы факултетті ашты. Қазіргі таңда Республикамыздың әр облысынан, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларынан департамент басшыларының орынбасарлары келіп, оқып жатыр. Бұл факултетте бүкіл Қазақстан бойынша басшылық құрам дайындалады. Олар үш ай осында оқиды. Мақсат – полиция басшыларын даяндап шығару. Сондай-ақ, біздің Академияда полиция қызметкерлеріне көпшілікпен диалог орнату, көпшілік алдында сөйлеу өнеріне қатысты даярлық курстарын ұйымдастыруда. Бұл да өз кезегінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан ІІМ қызметкерлеріне жүктелген жаңғырту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар десек болады.

            Қазақстан полициясының саяси мәдениетін көтеру үшін – әуелі олардың санасын жаңғырту маңызды. Бүгінгі полиция қандай болуы керек? Қазақстан полициясы – қоғам сеніміне ие ме? Қоғам алдындағы «жақсы полиция» образы қандай? Жауап біреу – ол қоғаммен тығыз интеграцияланған полиция! Ендеше, алдымызға қойған мақсатымыз бар. Әлемдік практика және бар. Біз ашықпыз. Қол жетімдіміз. Ынтымақтасып жұмыс жүргізуге де дайынбыз. Біз үшін Академия жұмысын жетілдіруде түйткілді мәселелерді шешуде қоғам пікірі маңызды.

 Айдар САЙТБЕКОВ,

ҚР ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясының бастығы, заң ғылымының кандидаты,полиция полковнигі.

qazaquni.kz