ТІЛІ ӨЛГЕН ЕЛ - ТІРІ ӨЛГЕН ЕЛ

ТІЛІ ӨЛГЕН ЕЛ - ТІРІ ӨЛГЕН ЕЛ

Емханадамын. Тамырға УЛьтрадыбыстық зерттеу жасауға ұзын-сонар кезек.

Кезек алып тұрдым. Соңымнан орыс апа келді. Орысша сұрағына, иа мен соңымын деп қазақша жауап бердім. 

Орыс апа шап етті, неге орысша айтпайсың дейді. 

Сөйтіп маған ақылдылығын көрсеткісі келді ме, жұлынып ағылшынша сөйлейді. 

Орыс апа ағылшын тілінің мұғалімі болар?!

Бірақ маған өз елімде ағылшынша емес, қазақ тілінде жауап берсін. 

Ағылшынын шетелге барғанда айтсын. Өзі бір күн өмір сүрмеген елдің тілін біліп алып, нанын жеп жүрген Отанының тілін неге білмейді? 

Одан кейін келген әйел апама қосыла ұрса жөнелді.

«Апам, у нас три государственного языка» дейді.

Айтатынымды айтып болып, тып-тиыш отырсам, екеуі отырып пыш-пыштап, первый раз с такой шовинисткой столкнулись, у нас три государственного языка. Узнаю ее фамилию, напишу Президенту, пусть наказывают ее, она прекрасно знает русский язык и специально не говорит деп маған тиісіп отыр.

Осы жақтың қызымын ғой. Целиноград болған кез, орыстардан көрген құқайым, өз жерімде жүріп, өз тілімде сөйлегенім үшін “калбитка, черная, мамбетка” деп қорлайтыны, өздерін бізден артық ұстап, “вы как бараны, мы вам культуру принесли”,- деп биіктен қарайтыны есіме түсіп кетті. 

Орыс тілі мен орыстың осындай өктемдігін көріп өстік ғой. Солтүстік жақтың байырғы тұрғындары мұны біледі.

Одан бері 50 жыл уақыт өтсе де, әлі сол тілдің бітпейтін жыры, ол кезде тәуелді ел болсақ, бүгінде тәуелсіздігіміз бар, шекарамыз шегенделген, өз туымыз, өз мемлекеттік тіліміз, өз Президентіміз бар елміз, сөйте тұра 40 жыл бұрын мені менсінбей, шекесінен қарайтын өзге ұлт маған неге өктемдік көрсетеді?

Қан басқа шапты. Айтып-айтып тастадым. Ана екеуі маған жабылды...

Кезекте тұрған топан қазақта үн жоқ.

Тіпті сыртқа шыққан қазақ мейірбике де орысша сөйлеп, УДЗ келген қап қара қазақтар: кто крайний?,-деп бір-бірінен орысша сұрап жатты.

Не деймін? Анау орекең апа мен жанындағы орыс қатын отыр масаттанып, намыссыз қара қазағым үшін мен отырмын жер болып...

Ар-намысты ту еткен, жерім, елім, тілім дейтін халықтың ұрпағы қайда?,-деп жыларман болдым.

Біз осы кімбіз? Намыс қайда? Екі орыс у нас три государственного языка, шовинист деп жабылғанда қорғап, қолдайтын бір ауыз сөз естімек түгілі, солардың тілінде шүлдірлеп отырған қаракөздеріме қарап намыстан жарылып кете жаздадым.

Осы біз қазақ болып қаламыз ба? 

Өз елімде қазақша сөйлегенім үшін мен шовинист болсам, туғаннан Қазақ жерінде тұрып, адал суын ішіп, нанын жеп, пәленбай жыл өмір сүрсе де, қарапайым сөздердің өзін үйренбеген, мемлекеттің тілі қазақ тілі саналатын Қазақстанда ол меннен өзге тілде сөйлеуді талап етіп, мені шовинист деп қорлап отырған олар кім сонда, ә?

Негізі тіл мәселесінде радикалды шараны қолдану, қолданбау жағы жайлы ылғи екі ұдай пікірде едім.

Бірақ кейінгі кезде тіл мәселесінде түбегейлі шара болмаса, тілсіз, мылқау ұлтқа айналатынымыз жайлы ой маза бермей жүр.

Ең басты құндылығымыз, ұлтымыздың жаны -тіл десек, бүгінде Ана тіліміздің осындай мүшкіл халіне қарап бұған бүгін тағы көз жетті. 

Тіл мәселесі ушығып тұрған індет. 

Тән ауруы жазылар, ұлттың жаны, рухы саналатын, тіл ауруы жазыла ма?

Тілге деген сұранысты, қажеттілікті тудырмай, тілдің көсегесі ешқашан көгермейді.

“Бір халықты жойып жіберу түк емес, оған қос тілділікті енгізу керек. 

Өйткені үстем мемлекеттің тілі халық саны аз ұлттың тілін жойып жібереді”,-деген екен Дэвид Кристал.

Біздің елде мемлекеттің тілі -қазақ тілі болғанымен, үстем тіл орыс тілі болыпты тұр. 

Тіліміздің осындай мүшкіл халіне қарап, ана тілін, жерін, ұлттық құндылықты аманаттап кеткен бабаларымыздың алдына барғанда не дейміз?

Аманатына қиянат жасағанымыз үшін арқалар күнәміз қандай болар екен, тілінен безген, намыссыз ұлттың бойындағы рухын, намысын ояту үшін қандай сілкініс, серпіліс жасау керек деген ойға кеттім.

Сіз не дейсіз?

Тұрар Шәкен,

Фейсбук парақшасынан