Қазыбек Иса. “Желтоқсанда ел алаңға пұл үшін емес - Тіл үшін шықты!
2021 ж. 20 шілде
3347
0
Бүгін, 20 шілдеде “Ақ жол” партиясының Алматы қалалық филиалы офисінде депутаттық жұмыс жоспарыма сай Желтоқсан ардагерлері және тіл күрескерлерімен кездесу өтті. Басты тақырып -Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығы және Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау мәселесі болды.
Дін мұсылманның ұлық мерекесі Құрбан айт мейрамы, демалыс күні болғанына қарамай шақырылған елдің бәрі келді.
Көпшілік алдында “Ақ жол” партиясы фракциясының Парламенттегі 6 айда атқарған істері туралы есеп бердім.
Желтоқсан көтерілісі мен Мемлекеттік тілдің маңызы мен байланысына баса назар аудардым.
“Осыдан 35 жыл бұрын Желтоқсан қаһармандары алаңға нан сұрап шыққан жоқ, пұл сұрап шыққан - Тіл сұрап шықты! Қарыны ашқаны үшін шыққан жоқ, қадірі қашқаны үшін шықты! Рухын сұрап, Тәуелсіздікті сұрап шықты! Дәл қазір де біз Тәуелсіздігімізге 30 жыл толса да, әлі Тілімізді сұрап жүрміз! Еліміз үшін ең басты мәселе -Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау!” деп қорыттым.
Келелі кеңесте белгілі қоғам қайраткері, “Ұлт тағдыры” ұйымының төрағасы Дос Көшім, филолология ғылымы докторы, профессор, академик Кәрімбек Құрманалы, қандастар көшінің қайраткері Мұқан Мамытхан, “Желтоқсан қоғамы” бірлестігінің төрағасы Нұрлыбек Қуаңбаев, Алматы қаласы әкімі Тіл орталығы басшысы Бақыт Қалымбет, Желтоқсан көтерілісі ардагерлері, ақын Аманғазы Кәріпжан, Қабдырахман Отарбай, Ләззат Жапаш, Гүлмәриям Тойболды, “Тіл майданы” ютуб арнасы жүргізушісі, тіл күрескері Қуат Ахмет және тб қатысып, өз ойлары мен ұсыныстарын айтты.
Жиынға “Ақ жол” партиясы белсенділері, БАҚ өкілдері қатысты.
Жиын соңында белгілі Желтоқсан ардагерлері мен тіл күрескерлерін “Қазақ Республикасына 100 жыл” естелік медалымен марапаттадым.
Кеңес өте маңызды, қызу пікірталаста өтті.
Ұсыныстар жазбаша жіберіліп, “Ақ жол” партиясы фракциясында қаралатын болады.
Толық мәлімет алда жазылады.
Қазыбек Иса,
Қазақ үні