ҚАЗЫ-ҚАРТАНЫҢ ОРНЫНА КАРТОН ЖЕЙМІЗ

ҚАЗЫ-ҚАРТАНЫҢ ОРНЫНА КАРТОН ЖЕЙМІЗ

Қазір ұмытыла бастағанмен, бұрынғы ата-әжелеріміз «Мал-жан аман ба?» деп амандасатынын талай рет естіп, көргенбіз. Бала кезде мән бермегенмен, оның да маңызы зор екен. Мал мен жан бір-бірімен тығыз байланыста екенін ата-бабаларымыз бағзы заманнан жақсы білген. Бүгінгі өзіміз кеудемізді қағып, мақтана айтатын дамыған, өркени өмірімізде тым болмаса сол қарапайым қағиданы жете түсіне алмаған біздер жетесіз екенімізді ашық мойындауымыз қажет. Биылғы басталған қуаңшылық соны анық көрсетіп, еске салып берді...

Екі жыл бойы есеңгіретіп тастаған коронавирус індеті аздай енді міне еліміз бойынша қуаңшылық орын ала бастады. Қыста қардың жылдағыға қарағанда тым аз жауғаны белгілі. Оған қоса көктем мен жаз бойынша жаңбыр өте сирек болды. Осыған байланысты астықты аймақтарымыз биыл егіннен мол өнім алудан күдер үзген сыңайлары бар. Қуаңшылық егістікке ғана кесірін тигізген жоқ, бірқатар аймақтарда жазғы жайылымдарды да күйдіріп, төрт түлік малды азықсыз қалдырды. Ресми мәліметтерге қарағанда тек қана Қызылорда мен Маңғыстау облыстарында екі мыңға жуық бас ірі-қара мал аштықтан өлген екен. Бұл ресми мәлімет, ал шын мәнінде оның саны әлдеқайда көп болуы мүмкін.

Қол қуысырып отырған фермерлер жоқ, олар да күн көріп отырған қолындағы малдан айырылып қалғысы келмейтіні белгілі. Алайда арадағы делдалдардың әдеттегідей «қызметіне» байланысты басқа өңірден жеткізілетін мал азығының шарықтап кетуінен жем-шөпке қол жеткізе алмай қор болуда. Мәселен, бір бума шөптің бағасы Маңғыстау өңірінде 17 мың теңгеден асып кеткен. Бұл орташа есеппен алғанда еліміздегі бағадан төрт есе қымбат деген сөз.

Қызылорда облысының Арал ауданында да қуаңшылықтан төрт түлік мал қырылып жатқаны жайлы жағымсыз хабар әлеуметтік желіде тарап кетті. Қабырғасы қаусаған малға қарауға дәтің шыдамайды. Бұл жерде де сол су тапшылығы себеп болып отыр. Шөпті көрші Қазалы ауданынан шамалы уақыт жеткізгенмен оның бағасы екі есе өсіп кеткен. Малдан түгелдей айырылып қалмас үшін кейбіреулер оның санын шұғыл азайтып арзанға сатып жатыр. Әдетте кем дегенде 600 мыңға бағаланатын құлынды биелердің бағасы мұнда 250 мыңға бір-ақ құлдыраған. Егер өлтіріп алмас үшін малдың бәрін сатып, пышаққа жықсақ елімізде мал қала ма? Бұл ауыл тұрғындарының тұрмысының күрт төмендегенін көрсетеді.

Құрғақшылықтан ең қатты зардап шеккен Маңғыстау облыстық әкімдіктетегілердің әр тұрғынның іс-әрекетіне түсініктеме бере алмайтындығын айтып, сондықтан жұрттың «не істеу керектігін өздері білетінін» білдіргенін zakon.kz. жазған болатын. Осыны дәп кімнің айтқаны белгісіз, бірақ кім де болса елге, шаруашылыққа жаны ашитын маманның сөзі емес. Ал облыс басшысы Серікбай Тұрымов 10 маусым күні онлайн режимде өткен халыққа есеп беру кездесуінде қуаңшылыққа байланысты мал басын сақтап қалу мақсатында қолға алынған шаралар туралы баяндап, түсінік берді. Оның айтуынша, мал азығы қорына жергілікті бюджеттен 200

миллион теңгеден астам қаражат бөлінген. «Өлкенің жеке шаруашылықтарын мал азығымен қамтамасыз ету үшін жақын орналасқан Ақтөбе облысымен келіссөздер жүргізілді. Оның ішінде мал азығын қажетті мөлшерде жеткізуге және Маңғыстау облысының шаруашылықтарына жайылымға, шабындыққа жер учаскелерін беруге келісілді», - деді Тұрымов орталық коммуникациялар қызметінде. Біріншіден, 200 млн. теңге малға түпкілікті азық болып жарытпайтыны белгілі. Оған қарағанда бүгінгі азығы картон сенімдірек. Жазда жем-шөп жетіспей жатқанда қақаған қыста не істемек? Екіншіден, Ақтөбе облысы көрші аймақтарды мал азығымен толық қамтамасыз етеді дегенге кім сенеді? Олардың өздерінің де мал шаруашылықтары бар емес пе? Қуаңшылық оларды да айналып өткен жоқ.

Әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбаны көрсеңіз жаныңыз түршігеді. «Міне, Маңғыстаудың түйелері картон жеп жүр. Жылқылар ғана емес, түйелер де жейді. Картонмен күн көріп жүр. Оларды айдап жібереміз, бірақ қайтып келеді. Картонды осылай қораның қасына салып қоямыз. Ал мынау арық-арық тайлар. Шөп жоқ. Мынаның бәрі – картон. Осылай майдалап-майдалап картон береміз», - дейді видео авторы. Сенбейік десек бейнежазба дәлел және өзге де ақпарат құралдары жазып, көрсетіп жатыр. Жануарлардың қандай кінәсі бар десеңізші?..

Қалай болғанда да бұл еліміз үшін төтенше жағдай ретінде бағалану керек-ті. Рас, Мәжіліс депутаттары осыған қатысты кейбір аймақтарда төтенше жағдай енгізу керектігі туралы бастама көтеріп, елімізде жем-шөп мәселесі шешілмегенін айтып, министрлер кабинетін шұғыл шара қолдануға шақырды.

Осыдан кейін Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Маңғыстаудағы жылқылардың өліміне жауапкершілік облыстық әкімдіктерге жүктелгенін айтты. «Иә, бұл облыстық әкімдіктерден кеткен кемшілік деп санаймын. Олар тұрғылықты жердегі жағдайды министрліктен немесе облыстық әкімдіктен гөрі жақсы біледі. Егер олар алдын-ала дабыл қағып, қолдау шараларын ұсынған болса, біз, әрине, үкіметтен қазіргідей көмек көрсетер едік» - деді министр. Министрдің қандай көмек беріп жатқанын кім білсін, бірақ бұл ең қажетті сала басшысының аузынан шығатын сөз емес қой. Оны да түсіндіре кетейік.

Бізде мынандай бір «заңдылық» бар. Қандай қиын жағдай болса да алдымен халық шулайды. Іле БАҚ өкілдері оған үн қосады. Басылымдарда жазып, телеарналардан көрсетеді. Оған әлеуметтік желілерді қосып қойыңыз. Яғни бүкіл ел жанайқайға басады. Бірақ неге екенін біздің атқарушы билік соны естімейді де, көрмейді де. Ақырында депутаттар араласып, жағдайды түзеуге шақырады. Сонда ғана қимылдағандай болады. Ал заң бойынша Үкімет –атқарушы билік қана, яғни халықтың тұрақты қызметшісі.

Біздің Үкіметіміз ондаған салаларды басқаратын, соны дамытуға міндетті министрліктерден тұрады. Олардың штаты туралы айтудың өзі артық. Құдаға арналған қоржындай қампиып тұр. Сол он мыңдаған қызметкерлердің бәрі халық есебінен жалақы алады. Әрбір министрлік өз саласына бірінші кезекте жауапты. Сол министрліктердің ішінде халыққа ең қажеттісі – денсаулық

сақтау, білім беру және ауыл шаруашылығы саласы. Ал жердің қазба байлығын игеру, оны сату саласы ешкімнен көмек күтпейді. Өз иелігіне бүкіл қазба байлықтарды жеке алып байығандар халық мұңын қайтсін, керек болса олар Үкімет түгіл, Мемлекет басшысынан да ақыл сұрамайды. Құрғақшылық пен елдегі ашаршылық немесе жауын-шашын түні-түні болса да олардың мұрттарын балта шаппайды. Ал жаңағы аталған үш саланың жөні бөлек.

Өткенде елімізде көкөніс атаулы күрт қымбаттап, әсіресе қарапайым адамдар үшін «екінші нан» санлатын картоптың бағасы аспандап кеткені естеріңізде. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров өз пікрін білдіріп, жұрттың ашу-ызасын тудырғаннын да білесіздер. Өткен жылғы өнімді алмай, биылғы жаңа шыққан картопты және оның бағасын төмендетуді талап еткен халықты кінәлағанын ешкім ұмыта қойған жоқ. Ол не себепті қымбаттады, халық қалай күн көреді деген ұғым ойына да келмеген министрге халық қалай реніш білдірмесін?! Енді міне мал өлімін әкімдердің мойнына іліп қойып қарап отыр. Сонда Ауыл шаруашылығы министрлігі не үшін керек? Кеңседе отырып делдал қызметін атқармай төтенше жағдай болған жерде жүруге тиісті министрдің сөзі осы! Бүкіл жағдайды өз көзімен көріп шешім қабылдай алмайтын министрдің лауазымына сай еместігін қарастыратын уақыт жеткен сияқты. Бұл туралы айтылып та жатыр. Бірақ бізде халық сөзін құлағына ілмейтін Үкімет оны тыңдап жатқан жоқ. Сондықтан халықтың бұл тілегі тағы да депутаттардың назарына ілігуі керек. Бірақ одан кейін де оның іске асуы екіталай. Өйткені министрді халық сайламайды, оны жоғарыдан тағайындайды. Үкіметте отырғандардың көбісінің қазақшасы кемшін болса да, екі езуінен майын ағызып қазақтың құнарлы тамағы - қазы-қартаны жегенді жек көрмейтінін жақсы білеміз. Сондықтан біздің биліктегілердің сол ата асымызды беретін малдың қамын да қарастырғандары жөн.

Біз негізінен атамзаманнан бері аграрлы ел болып саналамыз. Ауыл шаруашылығын дамытуға Жаратқан иеміз қазаққа мол мүмкіндіктер берген. Жеріміз кең, суымыз да көптеген елдерге қарағанда мол. Өкінішке орай сол мол мүмкіндіктің тым болмаса төрттен бірін пайдалана алмай келеміз. Тіпті біздің Үкіметте соған деген шынайы ниет те байқалмайды. Жерасты қазба байлықтары санамызды жаулап, көзімізді байлап, сол арқылы құлқынымызды ақшамен бітемек болғанмен табиғат заңын аттап кете алмаймыз. Қазақ атамыз оны «Алтын, күміс тас екен, арпа-бидай ас екен» деген бір-ақ сөзбен түйіндеген. Осыны ұмытпайық....

Қазақ жерінде талай рет жұт болған, тігерге тұяқ таппай қалған кездер де тарихтан белгілі. Сол жұттарда малын ғана емес, оған қоса жанын да жоғалтқан. Өйткені мал өмірдің өзегі, тіршілігінің тірегі болған. Бүгін де солай. Малдан айырылсақ, жанымыздың да аман қалуы екіталай. Жұт болады деп жаманшылық шақырмай-ақ қоялық, Құдай оның бетін аулақ қылсын. Бірақ биылғы қуаңшылықты, оның қандай қатер тудырып жатқанын көздері көріп, құлақтары естіп отырса да үнсіз отырған біздің үкіметтің бұл туралы не ойлағаны бар екен? Әлде әдеттегідей болары болып, бояуы

сіңгенде, сең соққан балықтай есеңгіреп барып естерін жинамақ па? Ол кезде тым кеш болады...

Зейнолла АБАЖАН,

«Қазақ үні».