Солтүстіктің білім басқармаларына Аятжан Ахметжанұлын жіберу керек - Қазыбек Иса

Солтүстіктің білім басқармаларына  Аятжан Ахметжанұлын жіберу керек - Қазыбек Иса

“МЕН ОРЫСША БІЛМЕЙМІН” деп МАҚТАНЫШПЕН АЙТАТЫН МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ 


Бүгін мен астанамыздағы #90 гимназияға бардым. Сырты ұлттық оюлармен көмкерілген төрт қабатты әсем ғимарат екен. 

Биыл 9-шы сыныпқа баратын қызым Әминаны осы мектепке бермекші болып шештім.

Елордадағы қаптаған мектептердің ішінен неге осы гимназияны таңдадым?.. Өйткені ол гимназияның директоры - белгілі зиялы, білім қайраткері, химик, ақын, ең бастысы Ұлтшыл Аятжан Ахметжанұлы!

Неге Аятжан басқаратын мектепті таңдадым?

- Ең алдымен Аятжанның Ұлтшылдығы үшін;

-Гимназиясын Ұлттық білім ордасына айналдыруға ұмтылысы үшін;

-Өзі басқарған жеке “Қазбілім” оқу орталығындағы ҰБТ-ның жоғары нәтижесін енді мемлекеттік гиназияда қайталауға қайрат танытып жатқаны үшін;

-Тәуелсіздікке 30 жыл толса да, сол баяғы құлдық санамен балаларын орыс мектептеріне беріп жатқан ата-аналар балаларының жолын байлап жатқандықтарын нақты дәйектермен дәлелдеп бергені үшін;

-Түйіндемені қазақша жаза алмайтындар мен жазбайтындарды төмен санайтыны үшін;

-Ресей тілінде арыз жазғандарды жұмысқа қабылдамайтыны үшін;

-Мектебіндегі іс қағаздары тек бір ғана тілде - Мемлекеттік тілде болғаны үшін;

-Алдына келіп, Ресей тілінде сөйлегендерге “МЕН ОРЫСША БІЛМЕЙМІН” деп МАҚТАНЫШПЕН ҚАСҚАЯ ҚАРАП ТҰРАТЫНДЫҒЫ үшін.

Аятжанмен еліміздегі мемлекеттік тіл, шетелдегі, әсіресе Қытайдағы қандастардың ауыр жағдайы, білім, аралас мектеп тб туралы пікір алыстық.

-Алда пандемия басылып, жағдай дұрысталса, Қытаймен шекараны кемінде екі жыл ашып қою керек. Сол кезде Қандастарымызды жаппай көшіріп алуымыз керек! Сонда да келменен қазақтар одан соң қазақ болудан қалады”-дейді 

Мен әлеуметтік желіде дау болған астанада BI group салатын 5 заманауи мектеп туралы сұрадым.

-Олардың алғашқы салып жатқан мектептері ғана аралас мектеп. Қалғандары таза қазақ мектебі болуы тиіс. Аралас мектеп таза орыс мектебінен гөрі тәуір емес пе? Бірақ аралас мектептің іс қағаздары, жұмыс жүргізу, жиындары мен іс-шаралары мемлекеттік тілде болуы керек. Осы мәселеде өткенде қаладағы бір қазақша-орысша аралас мектеп директорымен, өзі қазақ, айтысып қалдым. “Сіз мектепте бір ауыз қазақша сөйлемейсіз, мыңдаған қазақ балаларының құқын таптап, тілдік дискриминацияға ұшыратып отырсыз” деп ашық айттым. Астанада ондай директорлар толып жүр,-деді Аятжан.

-Өткенде бір ата-ана келіп маған орысша сөйлейді. “Мен орысша білмеймін”-деп едім, көзі шарасынан шыға талып қала жаздады. “Орысша білмей де мектеп директоры болуға бола ма?”- деп таңғалған құлсанаға: “Мен Қазақ елінің мектеп директорымын, Ресейдің емес”деп жауап бердім”-дейді ол.

-Шіркін мені, Солтүстік Қазақстан немесе Павлодар облыстық білім басқармасына жіберсе ғой, екі-үш жылда қазақшалап шығар едім барлығын!-дейді Аятжан бауырым екі көзі оттай жанып.

-Біздің үкімет солтүстікті қазақыландыру үшін, ол өңірге, мысалы Петропавлға астанадағыдай, Түркістандағыдай қарқынды құрылыстар салуы керек. Сонда қай жерде құрылыс болса, сол жерге шымкенттіктер, оңтүстіктегілер барады. Ал оңтүстіктіктер барды деген сөз-қазақыланды деген сөз,-дейді ол.

-Иә, дұрыс айтасың. Бірақ дәл қазір біздің үкіметтің солтүстікті алып құрылыстар алаңы ете қоюы қиын-ау. Бірақ солтүстікке әкім етіп оңтүстіктің қазақы, ұлтшыл азаматтарын неге тағайындамасқа?!. Сонда шымкенттіктердің көбісі солай қарай жиналар еді. Кезінде мен жазып едім, солтүстікті қазақыландыру үшін Солтүстік Қазақстан облысына Ресейден алдырып Иманғали Тасмағамбетовты, Павлодар облысына түрмеден шығарып Ислам Әбішті жіберу керек деп. 

Сол секілді олардың білім басқармаларына басшы етіп сені жіберу керек шынында”-дедім мен де қуана қолдап.

Қазақша білмейтін астанаға орысша білмейтін Аятжанды мектеп директоры еткен Білім министрі Асхат Аймағамбетовке мың алғыс! Мемлекетке Тәуелсіздіктің мәнін түсініп, Ел Азаттығын қорғай алатын болашақ патриоттарды тәрбиелеу керек болса, бала тәрбиесіндегі барлық жерде Аятжандарды көбейтуіміз керек!

Ал қазақ-орыс аралас мектептерді қазақша білмейтін немесе сөйлемейтін, солай заңды белден басып, іс қағаздарын тек Ресей тілінде жүргізіп, мыңдаған оқушыларының құқын таптайтын директорлардан тазарту керек!

Вице-премьер кезінде “Еліміздегі балабақшаның барлығы қазақ тілінде болуы керек” деп мәлімдеген Иманғали Тасмағамбетов Алматыға әкім болып барғанда қалалық білім басқармасына қазақ тілінің маманы Рахат Шимашеваны басшы қылды. Ол “Ойбай-ау, мен орысша білмеймін ғой!”-деп қашқақтағанда, Имекең “Мен сені сол орысша білмейтіндігің үшін Алматы қаласы Білім басқармасына басшы етейін деп отырған жоқпын ба?”-деп, табандап тұрып, тағайындаған еді. Айтса, айтқандай, Рахат Шимашева білім басқармасы құжаттарын, қаладағы мектептерді мемлекеттік тілді басым етуге көп еңбек сіңірді. 

Сол секілді мен де бір кезде “Қазақ үні” газетінде жазып едім, “Орысшыл үкімет қазақша сөйлеу үшін министрлердің көбісін қандастардан тағайындау керек” деп.

-Мұқтар Шахановтан кейін парламентке қазақтың сөзін сөйлейтін сіз барғанда бәріміз қуандық. Парламент төріндегі Ұлттық мүддемізді қорғаған әр депутаттық сауалыңызды, әр қадамыңызды қуана қолдап, жалымыз көтеріліп, жігеріміз тасып отырамыз. Ең негізгісі - Мемлекеттік тіл туралы заңды қабылдату -халықтың сізге артқан ең басты аманаты!-деді Аятжан бауырым шығарып салып тұрып.

Аятжанның арманы - гимназиясын ұлттық білім ордасына айналдыру!

Арманыңа жете бер Аятжан деп, Ақ жол тіледім.

Алла жар болсын Алашқа!

Қазыбек ИСА, 

ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутат