Қазақстанда міндетті вакциналау енгізілетін болды
2021 ж. 29 маусым
1141
0
ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды, деп хабарлайды zakon.kz primeminister.kz-ке сілтеме жасап.
Халықты вакциналау барысы мен қазіргі жағдай туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов, Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов баяндады.
Қазақстандағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай өзгеруде. COVID-19-бен сырқаттанушылық өсіп келеді. Алматы қаласында және басқа өңірлерде коронавирустың дельта штаммының өсуі байқалады. Вирустың репродуктивтік индексі 1,2-ге дейін өсті, инфекциялық төсек орындар 27%, реанимациялық төсектер 24% толы.
Коронавирустың таралу қарқыны бойынша "қызыл аймаққа" Нұр-Сұлтан қаласымен қатар Алматы қаласы, Атырау, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстары кірді. "Сары аймақта" – 5 өңір: Шымкент қаласы, Ақмола, Ақтөбе, Қостанай және Маңғыстау облыстары. Қалған 7 өңір "жасыл аймақта".
Бүгінгі таңда 3,3 млн-ға жуық адам бірінші компонентті, 2 млн-ға жуық адам екінші компонентті алды.
Премьер-Министр "қызыл аймақтағы" барлық өңірде шектеу шаралары қолданылып, мониторингтік топтардың жұмысы күшейтіліп, резервтік инфекциялық төсек орындардың дайындығы, дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың жеткіліктілігі қамтамасыз етілуі тиіс екенін атап өтті.
Әкімдер, әсіресе, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарында вакциналау қарқынын күшейтуі қажет. Еңбек ұжымдарында, қызмет көрсету және білім беру салаларында міндетті вакциналауды енгізу қажет екені анық байқалып отыр, – деді А. Мамин.