Мықты ұлт ретінде жетілу үшін мемлекеттік тілдің үстемдігін орнату керек - Жоғары Сот өкілі
2021 ж. 29 маусым
2671
4
Халықтың 70 пайыздан астамы қазақ тілді қауым екенін ескеретін кез жетті!
Ақмола облыстық соты мен Ш.Уәлиханов атындағы КМУ бірлесіп, «Әлем елдерінің мемлекеттік тілдерге деген көзқарасы" тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізді. Аталмыш жиынға облыстық, аудандық сот төрағалары, мемлекеттік қызметкерлер, адвокаттар, ЖОО өкілдері т.б. қатысты.
Конференция қорытындысы ретінде арнайы ҚАРАР қабылданды. Осы келелі жиынға қатысып, сөз сөйлеген барлық спикерлердің баяндамалары "Қазақ үні" ақпарат агенттігінде жарияланатын болады.
Алқалы отырысқа қатысқан Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Нұргүл Қарағойшинаның баяндамасын оқырманға ұсынамыз.
***
Мемлекеттік тіл мәселесінің өзектілігіне үнемі назар аударып, жанашырлығын танытып жүрген Ақмола облыстық сотының төрағасы мен ұжымына алғысымды білдіргім келеді.
Біз үнемі мемлекет, мемлекеттің келешегі, елдің тәуелсіздігі деген тақырыптарда сөз қозғағанды ұнатамыз. Өз балаларымыздың тәуелсіз Отанында өмір сүріп, тарықпағанын қалаймыз. Сондықтан тәуелсіздіктің басты символы болып табылатын – мемлекеттік тілге қатысты жобаларды жүзеге асыру маңызды.
Ұлттық мәдениет – ұлттың иммунитеті. Ал иммунитеті әлсіреген адамның аурушаң болатыны секілді, ұлттық мәдениеті әлсіреген халықтың да болашағы бұлыңғырлау болып келеді. Мықты ұлт ретінде жетілу үшін ана тіл мен мәдениетімізді көтерудің қажеттілігін бәріміз жақсы түсінеміз. Оның бір кілті – заң саласында мемлекеттік тілдің үстемдігін орнату.
Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген сот және құқық қорғау жүйесіндегі реформаны жүргізуде қазақ тілінің маңызы зор.
Қазақ тіліндегі сот актілерін жазуда қолданылатын заң терминдері мен стилистикалық бірізділік мәселесі бірнеше жылдан бері талқыланып жүрген тақырып.
Жоғарғы Сот мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты бірқатар жобаларды қолға алды. Жоғарғы Сот Төрағасының сот шешімдерінің сапасын арттыру туралы тапсырмасын орындау және Жоғарғы Сотта қабылданған нормативтік қаулыларға сәйкес біз «Сот актілерінің мемлекеттік тілдегі үлгілері» жинағын шығардық. Бұл қылмыстық және азаматтық істер бойынша 300-ге жуық сот актілері енген көлемі 700 бетке тарта кітапты жасауға 1 жылға жуық уақыт жұмсадық. Ғылыми тұрғыдан талдау үшін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің заң және филология факультеттерінің ғалымдарына, ал заңдылығын облыстық және Жоғарғы Сот судьяларына тексертіп, сараптамадан өткіздік. Көп сатылы тексерістен кейін шыққан кітапты облыстарға тараттық.
Сот актілерінің үлгілері жасалды. Бірақ мәселе өзінің өзектілігін әлі күнге дейін жойған жоқ.
Әсіресе, бүгінгі күні қазақ тілінде жүргізілетін тергеу сапасы сын көтермейді. Қылмыстық-процестік кодекстің 30-бабында көрсетілген нормада: «Қазақстан Республикасында қылмыстық сот iсiн жүргiзу қазақ тілінде жүргiзiледi, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал қажет болған кезде басқа тiлдер де қолданылады» - деп жазылса да, тергеу тарапынан кемшіліктер жіберілуде. ҚПК-нің 30-бабына сәйкес тергеу амалдары ең алдымен тек мемлекеттік тілде жүргізілуі тиіс. Бірақ уәжді қаулы шығарылмай тұрып, бастапқы тергеуді орыс тілінде жүргізе салу қалыпты жағдайға айналған. Сот процесі кезінде ойларын орысша жеткізе алмай, аудармашы көмегіне жүгінетіндер көп. Аудармашы біліктілігі де кей кезде қалаған талапқа сай емес. Біз жұмыс барысында мұндай жайттармен жиі кездесудеміз. Шағымданушының өз таңдауы десек те, кілең қазақ ұлтының азаматтары жиналған сот отырысында бір қазақтың сөзін екінші қазақ аударып тұратын сорақы жағдайға жеттік. Бұл біреу үшін күлкілі көрінер. Бірақ таразы басында адам тағдыры тұрған шақта күлетін емес, жылайтын өзекті мәселе.
Әр тергеуші, анықтаушы құжаттарды өз деңгейінде рәсімдеп, орысшадан қазақ тіліне тікелей аударып жүр. Қате жазылған құжат прокуратура, сотқа түсіп, құжаттағы жазылған сөздерді өзгертуге болмайтындықтан, қате сөздер өзгеріссіз қалуда. Бұл жағымсыз үрдіс мемлекеттік тілдегі заң терминдерінің әралуандығына әкелуде. Сотқа келіп түсетін тергеу құжаттарында кеткен кемшіліктер сот процесінің сапасына тікелей әсер етуде. Бұл сала бойынша жетілдіруді талап ететін тұстар көп.
Қылмыстық-процестік кодекстің 30-бабын орындау үшін тергеудің процестік құжаттарын жетілдіру, методикалық тұрғыдан практикалық көмек көрсетуді қажет деп санаймыз. Бұл заман талабы және қажеттіліктен туындап отырған мәселе.
Судьялар жұмысын жеңілдету және барлық тергеу саласының қызметкерлеріне көмектесу мақсатында біз «Құқық қорғау органдарына ортақ сотқа дейінгі тергеп-тексеру бойынша қылмыстық іс жүргізудің процестік құжат үлгілері» жинағын дайындаудамыз.
Қылмыстық істерді қарайтын судьялардың жұмыс тобын құрып, әр тарау бойынша жеке бір судьяның жауаптылығын белгіледік.
Жинақталған 1000-нан астам парақтан тұратын материалды түгел өңдедік. Республиканың белгілі, тәжірибелі тергеушілерінің көмегімен, ҚР Бас Прокурорының қолдауымен прокуратура қызметкерлері қайта тексеру мен сараптамадан өткізді.
Қоғамда жиі қайталанатын 15 бағыттағы қылмыс түрлерін таңдап алып, әр тарау бойынша нақты іс негізінде үш сатылы тергеу бойынша макет сұлбасын дайындаудамыз. Олардың ішінде: Кәмелетке толмағандарға қарсы құқық бұзушылықтар: (Баланы ұрып-соғу; Жезөкшелікке тарту;), Меншікке қарсы құқық бұзушылықтар: (Ұрлық; Бопсалау; Тонау; Қарақшылық.), Алаяқтық, Терроризм актісі. Терроризмді насихаттау, Есірткімен байланысты құқық бұзушылықтар т.б. бар. Бұл тергеу тарихында түңғыш рет жасалып отырған Жоғарғы Сот, Бас прокуратура және барлық құқық қорғау органдарына ортақ үлкен жоба биылғы жылы жарыққа шығатын болады.
Ең бастысы, сол құжаттардың дұрыс толтырылуының негізін қалауға назар аудардық. Емле үлгісі, стилистикалық және заң техникасының дұрыс сақталуы құжаттарды сауатты дайындауға ықпалын тигізеді деп үміттенемін.
Халықтың 70 пайыздан астамы қазақ тілді қауым екенін ескеретін кез жетті. Күн санап, халықтың тілге қатысты талабы күшейе береді Сондықтан бізге осы бағытта бірлесе жұмыс жүргізіп, нәтижеге қол жеткізу қажет.
Нұргүл Қарағойшина,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасы хатшылығы
меңгерушісінің орынбасары