Шымкентте қарапайым ота жасатуға келген қыз өлім аузында жатыр
2021 ж. 08 маусым
2621
0
Шымкентте ота жасатуға келген қыз өлім аузында жатыр. Төлеби ауданының тұрғыны Айдана Қалдықұл тілінің астынан өскен етті бес минуттық операцияда алдырып тастау үшін облыстық балалар ауруханасына барған, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Телеарна мәліметінше, қарапайым отаны дәрігерлер күрделендіріп жіберген. Біреуі наркозды көп беріп қойса, ота үстінде апараттары өшіп қалып 15 жастағы науқастың бірер минутқа жүрегі тоқтап қалған. Енді миы қабынған оқушы қыз 10 күннен бері ауыл халде жатыр.
Төлеби ауданының тұрғыны тілінің астына шыққан етті алып тастау портал арқылы 27 мамырда Шымкенттегі облыс балалар ауруханасына келген. Ота кезінде салғырттық танытқанын дәрігерлердің өзі туыстарына мойындапты.
"Наркоз көп берген, салғырттығы, біріншіден. Олар қарамаған, болмаған. Апараттары істен шыққан екен. Кейін өздері мойындап отыр", - дейді Айдананың анасы Фарида Өтегенова.
Отбасындағы төрт баланың тұңғышы Айдана биыл 9-сыныпты бітірген. Миы қабынған қыз 10 күннен бері жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатыр. Операцияға өз аяғымен кірген жеткіншектің мұндай жағдайда екеніне жақындары сене алар емес. Олар Айдананың қалай болса да аяғынан тұрғызып беруін талап етіп отыр.
"Білікті мамандарын шақырсын, қызымды аяғынан тұрғызсын. Сол айтар нәрсем. Өрімдей қыз еді, өз аяғымен келіп, мынадай жағдайға түсіп отыр. Кінәлілер жазалансын. Титтей нәрсеге менің қызымды қорлап отыр", - дейді Айдананың әжесі Зияда Молдыбаева.
Айдананың жақындары ота жасаған дәрігерлермен кездесуді талап еткен. Бірақ жауаптылардың біреуі сырқаттанғанын айтса, екіншісі сөйлесуден бас тартыпты. Ал телефонмен тілдескенде бар жауапкершілікті бір-біріне сілтеген. Ал жансақтау бөлімінің меңгерушісінің сөзінше, бес сағаттық отадан шыққан Айдананың бөлімге түскенде миының 90 пайызы қабынған. Сондықтан аяғына тұрып кетуі екіталай екен.
"Телемедицина болатын болса, телемедицинамен сөйлесеміз. Егер жоғары жақтан кеңес берсе, бәрін істейміз. Алматыға, институтқа жөнелтуге ол жақтан келісім болса. Бірақ барысын бақылаймыз. Қазір баланың жағдайы ондай тасымалдауды көтере алмайды, жағдайы ауыр", - деді Түркістан облысы балалар ауруханасы жансақтау бөлімінің меңгерушісі Гүлзира Құдайбергенова.
Дәрігерлердің сөзінше, Айдана аяғынан тұрғанымен, бұрынғы қалпына енді келмейді екен. 15 жастағы қыз аман қалса да, мүгедек болып қалу қаупі бар. Сондықтан оқушы қыздың жақындары қарапайым отада қолы қалт кеткен дәрігерлер жазасын алсын деп талап етті. Бүгінде дәрігерлер тобына қатысты ішкі тексеріс жүріп жатыр.