ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЕСТЕЛІКТЕР

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЕСТЕЛІКТЕР

Термин деген не? Бұл белгілі бір саладағы (ғылым саласындағы, өндіріс саласындағы, т.б.) қандай да бір ұғымды нақтылап белгілеп, осы ұғымның сол саладағы өзге ұғымдармен ара қатынасын дәл анықтап көрсетуге арналған сөз немесе сөз тіркесі. Қолданылатын саласында терминдер шектеуші, мамандандырушы қызмет атқарады және олар сол саладағы терминдер жүйесінің шеңберінде ғана қолданыла алады. Идеалды жағдайда әр термин тек бір ғана ұғымды белгілеуі тиіс, стилистикалық тұрғыдан алғанда бейтарап болуы шарт (мысалы, бәрімізге таныс, экологиялық емес терминдерді алып отырмын, «үдеу», «кернеу», «қысым» және т.б.). Қазіргі кезде ғылымның бір де бір саласы өз терминдер жүйесін, яғни терминологиясын қалыптастырмай жұмыс істей алмайды. 

Экология саласындағы және экологиямен сабақтас табиғатты қорғау, табиғат ресурстарын пайдалану салаларындағы терминдер қазақ тілінде шын мәнінде Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта ғана сұранысқа ие болды, сол кезден бастап қана терминдер жүйесі қалыптаса бастады деуге болады. 

2014 ж. жарық көрген салалық терминологиялық сөздік жасау тобына осы жұмыстың басы-қасында болып, ұйымдастырып жүрген еліміздегі белгілі ағартушы, Педагогикалық Ғылымдар Академиясының президенті, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Асқарбек Қабыкенұлы Құсайынов тарапынан ұсыныс түскен кезде бірден келісіп, бірлесе жұмыс жасаған кезімізді мақтана еске аламыз. Өйткені ұлттық ғылымның дамуы үшін жүйелі түрде жасалған, қазақ тіліндегі терминологиялық сөздік өте қажет екені баршаға белгілі.

Алғашқы, ұйымдастыру жиналысына республикамыздың алдыңғы жоғары оқу орындарында жұмыс істейтін, білімді де білікті азаматтардың бірқатары келіпті. Олармене құшақ жая амандасып, амандық-саулық сұрасып қалдық. 

Сонымен, терминдер сөздігінің жаңа нұсқасын құрастыратын болдық. Асекең (Асқарбек Құсайынов) өз қоластындағы қызметкерлерімен бірқатар жұмыс атқарып қойыпты, қолымызға 10000-ға (он мыңға) жуық терминдер тізілген бір-бір бума қағаз үлестірілді. Сол тізімді әрқайсымыз қолымыз жеткен сөздіктерден алынған терминдермен толықтыруымыз керек екен. Сөйтіп жұмыс басталды да кетті. 

Бұл жерде жұмыстың ұйымдастырылу ерекшелігіне біраз тоқталғымыз келіп отыр. Өзге топтарда да жұмыс реті біздегідей болған шығар, сондықтан өзіміз қатысқан «экологтар» тобының жұмысын баяндап өтейік. Ең алдымен өз ішімізден «термин құрастыру тобының жетекшісі» ретінде бір белсенді азаматты сайлап алу керек болды. Ақылдаса келе «ішіміздегі жасымыз, соңғы жылдары экология бағыты бойынша біраз еңбектері жарық көрген, белсенді, еңбекқор жігіт» – деп, биология ғылымдарының кандидаты, доцент А.Т.Қуатбаевты таңдадық. Онан соң, әлгі қолымызға тиген 10000 терминді 35-40 бетен бөліп алып, екі аптадан соң толықтырып әкелетін болып келістік. Әр 2-3 апта сайын кездесіп, жинап-тергенімізді ортаға саламыз. Ортаға салғанда, жазғы демалыс кезі ғой, бір бос аудиторияға компьютер мен проектор алып барамыз да, әр терминді экраннан оқып отырып талқылаймыз. Айта кету керек, топ мүшелері өздері ұсынған әр терминнің аудармасын мұқият ойластырып келеді де, оншалық түзету, өзгертудің қажеті болмайды. Дегенмен көптің талқысынан өткізген жақсы ғой, «келісіп пішкен тон келте болмас» демекші. Осындай талқылаулармен жазғы каникулдың қалай өтіп кеткенін байқамай да қалыппыз. 

Ғылымның қай саласы болмасын, «бәрін білемін, менен асқан білгір жоқ», – деп айту мүмкін емес. Дегенмен, сол бізбен сабақтас салалардың ішінде ең күрделісі экология ма деген ой да келді. Өйткені бұл сала биология, химия, физика, геология, география және т.б. көптеген ғылым салаларының барлығымен дерлік байланысты. Көп жағдайларда тіпті соларда қалыптасқан ұғымдарды пайдалануға тура келеді, ал сол ұғымдарды терминге айналдыру, оның неғұрлым жақын келетін қазақша аудармасын табу оңай жұмыс емес. Екінші жағынан, кейде сол салаларда қалыптасып қалған қате аудармалар да кездеседі. Соларды талқылауға келгенде іргелес салалардың мамандары «өліспей-беріспеуге» бар. 

Ең қызығы теминдерді бірнеше топ қосылып талқылаған кезде басталды. Әр апта сайын медицина, биология, химия, дене тәрбиесі, экология салаларының және А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының мамандарымен бір бөлмеге жиналып талқылағанда, бір терминнің өзі әр салада әртүрлі мағынада қолданылатыны байқалды. 

Бұл жерде осы жұмыстың жоғары деңгейде жүргізіліп, сөздіктердің өз уақытында аяқталып баспадан жарық көруінде Асқарбек Қабыкенұлының рөлі өте үлкен болды деп айтуға болады. Өйткені әрбір саланың өз ерекшеліктерімен қатар бір сөздің өзі әр салада әртүрлі мақсатта қолданылатыны белгілі. Сонда әр саланың осы ерекшеліктерін ескеріп қана қоймай, сол сөздің баламаларын табу немесе қолдану аясын кеңейту, оны әр топ мүшелерімен талқылау өте үлкен төзімділік пен қажырлылықты, еңбекқорлықты қажет ететіні белгілі. Мұнымен қоса әр сала бойынша жиналған білікті мамандармен тіл табысып, ортақ мәмілеге келу, осы топтарда жақсы жұмыс атмосферасын қалыптастыру кез-келген адамның қолынан келе бермейтіні анық. Сондағы риза болғанымыз, Асекеңнің әрбір сөзді жекелей талқыға салып, мамандармен ақылдасып, ортақ дұрыс шешім қабылдауы болды. Бірлесе жасаған осы жұмыстардың арқасында Асқарбек Қабыкенұлының тек білімді де білікті маман ғана емес, осы жұмыстың нағыз жанашыры, үлкен-кішімен өзін тең ұстайтын қарапайымдылығы мен азаматтығына куә болдық.

Сөздіктерді құрастырудағы бұл жұмыстың тағы бір ерекшелігі – мамандардың еңбегіне қаржы да төленді. Жұмыс төрт кезеңге бөлініп, әр кезеңде атқарылған жұмыстың ақысы төленіп отырды. Бұл да болса Асқарбек Қабыкенұлының жұмысты тиімді ұйымдастыруы деп білеміз. 

Ең ақырғы жиында Асқарбек Құсайынов мырза әрқайсымызды жекелей атап құттықтап, естелік болсын деп алғысхаттар тапсырды, барлығымыз топ болып суретке түсіп, көріскенше қош айтысып тарқастық. Сөйтіп бұл бір есте қаларлық, елеулі іс болды. Енді сол ортақ еңбегіміздің нәтижесінде елімізде әрбір сала бойынша ғылыми терминдер қалыптасып, сол жұмыстың жемісін қалың көпшілік пайдаланып жатқаны белгілі. 

Бастысы, отыздан аса ғылым салалары бойынша қазақ тілінде жарық көрген осы үлкен жұмыстың ұйымдаструшысы, жанашыры, белгілі ғалым-ағартушы Асқарбек Қабыкенұлы Құсайыновке айтар алғысымыз шексіз. «Елдің азаматы» деген атқа лайықты Асекеңнің әлі де берері көп. Әрқашанда денсаулық, отбасына амандық, қажыр-қайрат, творчестволық табыс, қазақ елінің болашағы үшін жасап жатқан жұмыстарына сәттілік тілейміз

А.Т. ҚУАТБАЕВ,

биология ғылымдарының кандидаты, доцент, Экология бойынша терминологиялық сөздік дайындау тобының жетекшісі

Қ.С. КӨШКІМБАЕВ,

биология ғылымдарының кандидаты, доцент, Экология бойынша терминологиялық сөздік дайындау тобының мүшесі