«ҚАЗАҚ ҮНІ» ақпарат агенттігі ҮЗДІКТЕР қатарында
2021 ж. 26 мамыр
3319
0
«Қазақ үні» ақпарат агенттігі заман талабы мен соңғы техникалық талаптарға сай жаңа дизайн мен Laravel платформасында қайта жасалып шықты.
Соңғы бір жылдан астам уақыт ішінде порталда жиі орын алған техникалық ақаулар мен жойдасыз хакерлік шабуылдар сайт жұмысына кері әсер етті. Бұл ең алдымен рейтинг пен оқырман саны көрсеткішіне, сонымен қатар, іздеу жүйелерінде көрінуімізге айтарлықтай зиян тигізді.
Бұл шабуылдар порталда үздіксіз жарияланып отыратын ұлттық мүддеге байланысты мақалаларға байланысты шығар деп топшылаймыз.
Редакция алқасы шешімімнен жаңа техникалық програмистер құрамы жасақталып, сайт қорғанысын күшейту, қайта жасау ісі қолға алынған болатын.
Міне, ұзақ кідіріс пен тоқтаусыз еңбектің нәтижесінде портал көрсеткіштері бұрынғы қалпына қайта оралуда.
Тәуелсіз Liveinternet санағының дерегі бойынша «Қазақ үні» ақпарат агенттігі Қазақстандағы үздік 30 ақпарат құралдарының қатарына еніп, өзінің осыған дейінгі лайықты орындарына көтерілуде.
Ал, Zero санағы бойынша 2013 сайттың ішінде үздік 40 порталдың қатарында.
Алайда, Яндекс метрика дерегіне сай, орта есеппен ең аз дегенде тәулігіне 20 мыңнан астам тікелей оқырман кіретін сайт көрсеткішінің біразын Zero белгісіз себептермен есепке алмауда.
Зерода кезінде үнемі 20-30-дықтан түспей, тіпті жиі үздік 10 сайттың қатарына дейін көтеріліп тұрдық. Себебі, тәулігіне 50 мыңнан астам оқырман оқитын бізді. Кейінгі кезде, әсіресе ұлттық мүддені қорғау мақалаларымыз шыққан сайын түрлі тосқауылдарға тап болудамыз. Әсіресе, еліміз тарихында бұрынғы межеден 100 еседей жоғары рекордқа жетіп, бір айда 125 мыңнан астам адам қол қойған Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды талап еткен Ашық хаттың жариялануына байланысты жан-жақтан хакерлік шабуылдар күшейіп кетті. Зероның көрсеткіштерді толық есепке алмауынан да көп кедергілерге ұшырап отырмыз.
Атап өту керек, «Қазақ үні» ақпарат агенттігі ҚР Тұңғыш Президенті қоры ұйымдастырған байқауда «Қазақстанның үздік қазақ тілді сайты» аталымы бойынша жеңімпаз атанған болатын.
«Қазақ үні» алдағы уақытта да үлкен қарсылықтарға қарамастан ұлт мүддесіне қалтқысыз қызмет ете береді!
Редакция алқасы