Ақиқатқа айналған арман

11
2921

 

…Қадым заман, көне кезеңде қазақтар жылдың қай мезгілінде де Қараөткелдің тайыздау тұсымен жылқы мен түйесін кәдеге асырып, жаз – жайлауға, қыс – қыстауға көшіп-қонып жүреді екен. Өзеннің осы арадағы асау арнасын тығындаған қаратүсті құмнан Қараөткел пайда болды. Бұл межеден Нұра өзені бағытындағы он сегіздей шақырым жерді қыр қазағы «Ақмола» деп атап кетті.
Көркем күмбезі ат шаптырым алыстан көз тартқан кесене Есілдің жағалауында жарасым тауып тұр. Бұл топырақта ақиық әділдігімен, дара даналығымен тәмәм сахараға танылған наркесті Нияз бидің сүйегі жатыр.
Аты аңызға айналған қайсар қолбасшы, саңлақ сардарлар Есет пен Жәнібектің үзеңгілесі болған білікті бидің әкесі Тілеулі батыр Аңырақайдағы, Қалмаққырған мен Қарақұмдағы 1710–1729 жылдардағы қазақ-жоңғар айқасында қыпшақтың 92 руының әскерін басқарып, абыройлы аты тарихымызға таңбаланған тұлға.
Пайымы терең, парасты кемел Нияз би Абылай ханның беделді кеңесшілерінің бірі болды. Ал, күмбезі киіз үйдің шаңырағына ұқсайтын, ақ кірпіштен тұрғызылған кесене осы өңірдің атына айналды.
Дәп осынау киелі аймақ, текті топырақта, ежелгі Сарыарқаның етжеңді төсінде араға үш ғасырға жуық уақыт салып, жаңа ғасырдың жасын жаңғырығымен жас қала бой көтерді. Тамыры тереңде, тарихы кемелде жатқан қала «Астана» аталды…

***
Еліміздің жүрегі, жеріміздің тірегі, адуынды Арқаның төріндегі айбатты Астанамыз 15 жылдық мерейлі межесіне қадам басты. Қазақтың еңселі Елордасының кіндігін кескен Елбасымыз әрбір жылы бас қаланың алдына нақты жоспар қойып, тиянақты тапсырмалар бекітіп, бағыт-бағдарын белгілеп беріп отыр.
Соңғы бес жылда бұрылыс-бұралаңы мол бес белестің биігін бағындыру үшін асуы биік, тасуы тапыраң талай тар жол, тайғақ кешу өткелдерінен табаны таймай өтіп, сенімнің үдесінен шығуға бар күш-қайратын жұмсаған Астананың әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің күллі әрекет-адымы мен қам-қарекеті де қалың қазақтың көз алдында, көкірек-сарайында…
Елбасының әрбір нұсқауы мен түйсік-тұспалын жазбай танып, мүлтіксіз орындаған Елорда әкімінің бейнетті белуардан кешкен бес жылында арайы мол, талабы зор Астана қаласы – қуаты күшті, беделі сұсты, абыройы асқан, мерейі тасқан шаһарға айналды.
«Тас – түскен жеріне ауыр» болады, әсем Алматыдан Арқаның төсіне қоныс аударудың, жаңа қала салудың бар салмағы мен жойқын жауапкершілігін жалғыз Елбасымыз қабырғасы қайыспай, жігері жасымай көтеріп келеді…
1997 жылы небәрі 319 мың тұрғыны бар қаланың ауданы 258 шаршы шақырым ғана болса, бүгінгі таңда 710,2 шаршы шақырым жерді алып жатқан Астана шаһарында 800 мыңнан астам адам тұрады. 1998 жылдың 6 мамырында мемлекет басшысының қаулысымен Ақмола атауы – Астана болып өзгеріп, елдің елордасына айналды. ЮНЕСКО-ның шешімімен Қазақстанға «Әлем қаласы» жоғары атағы берілді.
Адамзат өркениетінің өзекті мәселелері талқыланатын, әлем діндерінің дәргейі таразыға салынатын Еуразияның алтын кіндігіндегі жас қала бір қазақтың бас қаласы дәрежесінен асып, «Күллі түркі дүниесінің мәдени астанасы» мәртебесіне қол жеткізді. Өткен жылдың өзінде қалада 18-ден аса ірі халықаралық, 600-ден аса республикалық іс-шаралар өткізілді. Ол-ол ма, Халықаралық көрмелер бюросына жер бетіндегі мүше 161 елдің 103-і толық қолдаған Астана – 2017 жылғы әлемдік ЭКСПО көрмесін жеңіп алды. Әлемнің алып елдерінің саңлақ сайысының басы-қасында болып, қарым-қабілетін сарқа жұмсаған бас шаһарымыздың басшысы жүрекжарады қуанышпен: «Ақиқатында, бұл айқын жеңіс – еліміз бен Елбасымыздың халықаралық асқақ абыройының арқасы!» – деп, дөп сөйлеп, ақиқатын айтты.

***
Әдетте жемісті күзде теріп, балапанды күзде санағанымен, халқымыздың көнеден тамыр тартқан мейрамы әз Наурыз – өткеннің есебі мен есесін екшелеп, келер күннің қабағы мен қарымын қалыпқа салатын аса қолайлы мизам сияқты….
Тәуелсіздік мерекесінде мемлекетіміздің 2050 жылға дейінгі тұрақты дамуының негізгі тұстары мен өркендеуінің жаңа бағыттарын нұсқап, межелі мақсаттарын айқындап берген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Астана – жаңашылдық жаршысы, Қазақстанның динамикалық дамуының жарқын бейнесі, республикамыздың тәуелсіздік символы!» – деген ғибратты тәмсілі өміршеңдігін көрсетті.
Астана жұртының табиғи өсімі соңғы жылдары жоғары деңгейге жетті. 2009 жылы Астанада 12 710 перзент туылса, 2012 жылы 21 266 нәресте дүниеге келді. Шаһар басшысы: «Төрт жылдың ішінде бір Астананың өзінде тұтастай Рудный мен Балқаш қалаларының тәмәм халқына тең келетін сәбилер дүниеге келді» – деп, атап көрсетті.
Қазір Елордамыздағы 4 мыңға жуық көпбалалы отбасының 3887-інде 4 және одан да артық балалар өсіп-тәрбиеленуде. Соңғы 3 жылда қалада 100-ден астам балабақша, 10 мектеп, 8 емхана, 4 млн. шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді.
2012 жылы 1776 бүлдіршінге арналған 8 балабақша пайдалануға берілді. 19 мектеп жасына дейінгі мекеме құрылыстары салынуда, оның 10-ы биыл тапсырылады. Соңғы үш жылда «Балапан» бағдарламасы аясында 19 мың бүлдіршінге арналған 100 балабақша іске қосылды. Қалада балабақша жасында 110 мың бүлдіршін болса, оның 68 мыңы «Балалар бақшасының» кезегінде тұр. Бұл бүлдіршіндерді толық қамту үшін жалпы құны 156 млрд. теңге болатын 280 балабақша ғимаратын салу керек.
Қоғамның ең қымбат қазынасы – адамның өмірі. Осыдан 15 жыл бұрын Ақмола қаласындағы адам өмірінің орташа деңгейі 67 жас болса, қазір астаналық тұрғынның өмір-жасы 73,5 жасқа жетті
Елордадағы емдеу орындары түгелдей күрделі жөндеуден өтті. Қалада жұмыс істейтін 9 емхана 300 мың тұрғынға медициналық қызмет көрсетуге арналғанымен, бар мүмкіндіктерін сарқа пайдаланып, 800 мың тұрғынға қызмет көрсетіп отыр. Жаңадан салынып жатқан 7 денсаулық сақтау мекемесінің 3-еуі емхана ғимараты болып табылады.
Өткен жылы қалада 4300 орындық 5 орта мектеп пайдалануға берілді. Бүгінгі күні мектептердегі орын тапшылығы 15 мың орынды құрап отыр. Қазір 3500 орындық тағы 3 орта мектептің ғимараты салынуда.
2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік тұрғын үй құрылысын дамыту бағдарламасы толықтай жүзеге асырылып, жалпы көлемі 367,3 мың шаршы метрді құрайтын 4969 жаңа пәтер пайдалануға берілді. 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама бойынша жалпы көлемі 230 мың шаршы метрді құрайтын 5086 пәтер салынды. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 3496 пәтерден тұратын 16 тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталмақ.
Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен қамқорлыққа алынған күрмеуі қиын үлескерлер мәселесі Елордада шешімін тапты. 2007 жылдың соңында 40 850 үлескердің мүддесі тоғысқан 241 проблемалы тұрғын үй кешендері пайдалануға берілді. Бүгінде 80 үлескері бар «Монблан» мен 452 үлескердің қатысуындағы «Территория комфорта-1» тұрғын үй нысаны өз шешімін күтуде.
Астанадағы құрылыс жұмыстарының көлемі 2010 жылғы 250 млрд. теңгеден – 2011 жылы 286 млрд. теңгеге дейін өсіп, көрсеткіш 2012 жылы тағы да 8 пайызға артты. «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы шеңберінде 2017 жылға дейін 1,3 млн. шаршы метр тұрғын үй салыну көзделуде. Елбасының ерен ерлігі мен кемел көрегендігінің көзайымы болған Астана қаласы әлем астаналарының қатарына ілігіп қана қоймай; өзі қорқақ, көңілі тар қайсыбіреулердің жаңсақ дерек, қате қағида, теріс байламдарынан ада қалыппен қарыштап дамып келеді.
Еліміздің тұңғыш Президентін өзінің «рухани ұстазы санайтын, әрдайым тәлім-тәрбиесін беріп, жоғары лауазымдық қызметтерге ұсынуы арқылы үлкен сенім көрсеткен» Елбасына берген антын адал атқарған бас қаламыздың басшысы Иманғали Тасмағамбетов министр, вице-премьер, облыс әкімі, премьер-министр, мемлекеттік хатшы, Алматы және Астана қалаларының әкімі қызметтерінде де Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серігі, кемел көмекшісі, айнымас қолдаушысы, нағыз ниеттесі болудан танған емес.
Былтыр «Тұңғыш Президент күні» мейрамын алғаш рет атап өткен Елордамызда қала басшысы: «Күнтізбеге қызыл белгімен енген Тұңғыш Президент күні – жаңа мемлекеттік мереке, Елбасы күні, ең алдымен, елдікке құрметтің белгісі, халықтық мейрам. Мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті – жаңа тәуелсіз мемлекеттің негізін қалап, шекарасын нықтап, берекесін баптап, баянды болашаққа тура бастап келе жатқан тарихи тұлға. Дербестігін жариялап, азаттығын алған жиырма бір жыл уақыт ішінде елімізді бүгінде барша әлем танып, мойындады. Сондықтан, бұл – егемен елдігін орнықтырып, тәуелсіздігін тұғырлы етіп келе жатқан мемлекетіміз үшін маңызы мол, халықты біртұтас бірлікке шақырар тарихи тағылымы терең мейрам.» – деді…
Салиқалы сөздерін нақты істерімен бекіте білген әкім өз лауазымындағы бес жылда Елордада 60 мыңнан астам жұмыс орындарын ашты. Қазір өркениетті саналатын Еуропаның Испания мен Греция секілді мемлекетте­рінің бірқатар қалаларында жұмыссыздық деңгейі 26 пайызды құрап, жастардың 55 пайызынан астамы «екі қолға – бір күрек» таппауда. Ал, жұмыспен қамтамасыз етуде республикада алдыңғы орынға шыққан Астанада жұмыссыздық деңгейі небәрі 5,6 пайыздан аспайды.
Талас жоқ, жұмыссыздықтың ақыры – кедейшілікке тіреледі. Бұл бағыттағы бас қала басшылығының бастамалары да нәтижелі. Айталық, кедейшілік көрсеткіштері Италияда 29 пайызға, Испания мен Грецияда 30 пайызға, Ирландияда 37 пайызға жетіп-жығылса, Елордамызда соңғы үш жылда екі есеге азайып, қазір бар болғаны 1,7 пайызды ғана құрап отыр.
Халқымыз ежелден: «Үйі жоқтың – күйі жоқ» дейді. «Астана – тұтас еліміздің жүрегі болса, осы қаланың төл тұрғыны – Сіз бен біз оның тірегіміз. Туған шаһардың аспандағы ауасы да, берекелі дауасы да, жазылмаған жарасы да ортақ.» – деген Тасмағамбетов тұрғын үй құрылысын салудың көлемін 1 млн. 300 мың шаршы метрге дейін жеткізді. Мәселен, бүгінгі таңда Еуропаның озық қалаларының қатарындағы Париж бен Лондонда тұрғын үйдің бір адам басына шаққандағы көлемі – 32 шаршы метр; Мадридте – 24 шаршы метр; ал, Ресейдің Санкт-Петербург қаласында – 24,5 шаршы метр болса, біздің Астанамыз да 24,4 шаршы метр көрсеткішін бағындырды.
Елбасы қай қиынға салып, қай қиянға қосса да тайсалмай, оттағыны тісімен алатұғын ілкімді іскер, отаншыл оғлан, өзін «Назарбаевтың өнімі» атаған мемлекетшіл тұлға Иманғали Тасмағамбетов Астананың иі қанбаған инфрақұрылымдарын дамытуда да аянып қалмады. Соңғы 3 жылда 100 шақырымдық жаңа жол салынып, 330 шақырым жолға күрделі жөндеу жасалды. Қоғамдық көлік қызметін жақсарту мақсатымен 150 жаңа автобус сатылып алынады. Қазір бас қаламызда 250 мың көлік тіркелсе, жыл сайын оның саны 30 мыңға өсіп, күн сайын сырттан 140 мың басқа көліктер қосылудың есебінен қаладағы тәуліктік көлік айналымы 400 мың көліктен асады. Сарыарқа көпіріне түсетін салмақ тәулігіне 60 мың көліктен асатындықтан, көпірге түсетін шектен тыс ауыр салмақты 50 пайызға дейін жеңілдету үшін Заң университетінің маңынан қосымша көпір салынбақшы.
Анығы сол: қалың қазағы «тәуелсіздік бастауындағы ерен тұлға» деп риясыз таныған Елбасының: «Пенденің кәсібі де, нәсібі де – еңбекте» деген қағидасын жадында сақтап, қызметіне қазық қылған Елорда әкімінің қажырымен Астана экономикасының 60 пайыздан астамы кәсіпкерлік саласын қамтыды. Әлемдік қаржы дағдарысы жылдарының өзінде шағын және орта бизнес нысандары 48 мың бірлікке жетіп, жұмыспен қамтамасыз етілген тұрғындардың саны 9 пайызға артты. Бес жыл бұрын салада 128 мың адам еңбектенсе, бүгінде бұл көрсеткіш 165 мың адамды құрайды. Яғни, әрбір бесінші астаналық кәсіпкерлікпен айналысады. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы Елорданың еңбекшіл жұртына тың серпін берді. 2010 жылы 18 жоба қолдау тауып, 2012 жылы 118 жобаның кәдеге асуының арқасында жалпы құны 28,1 млрд. теңгенің өнімі шығарылды. Жалпы, аталған бағ­дарламаның аясында 33,8 млрд. теңгенің 166 жобасы іске асырылды.
Елорданың Индустриальдық паркінде 172 млрд. теңгенің инвестициясын тартудың нәтижесінде 46 жобаның жүзеге асуы көзделсе, бүгіннің өзінде 46 млрд. теңге қаржы игерілді. Бұл кәсіпорындарда 111 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 10 млрд. теңге мөлшерінде салық төленді.
«Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы бойынша 2012 жылы басым бөлігін жекеменшік қаржылар құраған 111 млрд. теңгенің инвестициясы толық іске асты. Өткен жылы негізгі қорға жалпы көлемі 616 млрд. теңгенің инвестициясы құйылды.
Еуразия кіндігіндегі қазақтың жаңа Астанасының күнделікті күйбеңін көзбен көріп, көңілге түйген Елорда басшысы Елбасының жаңа қала салудағы орасан батырлығы мен қайтпас қайсарлығына тәнті болып, тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған салтанатты кеште: «…Арғы бергі заманда тарихтың толқыны мен жаугершіліктің жойқыны жұтқан небір ел мен жер болды. Атажұрты тарылып, көбейген елден төбелдей елге айналғаны қаншама. Кезінде біз де ұлт ретінде жер бетінен жойылып кете жаздадық… Осы тұста Елбасы астананы Алатаудан Арқаға көшірмегенде, қазақ ендігі «Еділді» емес, «Есілді» жоқтап қалар еді. Осы тарихи шешім үшін ғана қазақ халқы Елбасының алдында мәңгілік қарыздар!» – деп ағынан жарылды.
Қарыз бен парыздың салмағын салиқалы саналылықпен таразылай білген сар даланың сарбазы өз болмысында ата-бабамыздың дұшпанынан аруағы асып, мерейі тасып, қасық қанымен, шыбын жанымен қасқалдақтай қорғап қалған кең байтақ даласының кең пейіл, сыралғы мінезін ұйығын сүттей сақтап қалды.
Әңгіменің әлхамын ақиқаттан алыстатпай айтсақ, қандай қызметінде де Елбасының емеурінін екі айтқызбай, айнымай таныған Тасмағамбетов еліміздегі әлеуметтік-мәдени мәселелерге бел шешіп, белсене араласты.
Жұртымыздың рухани қазына-байлықтары мен мол мұраларын түгендеп, қал-қадірінше қаржы-қаражат қарастырғанда да; 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысушыларға үй бергізіп, жылағанын жұбатып, дәргейін демегенде де; қазақ зиялыларын қолдап, жазушылардың 100 кітабының жарық көруіне ықпал еткенде де; тіпті, өзі туралы «Мәдениет қамқоршысы», «Құба даланың бұла перзенті», «Уызына жарыған ұл» дейтін мақалалар шыққанда да Иманғали Тасмағамбетов, ең алдымен, әкесіндей ақылшысы һәм ұлағатты ұстазы Елбасының абыройы мен беделін ойлады.
Керек десеңіз, күні кеше ғана діңі ортақ, діні бір – мүддесі ортақ, мақсаты бір болған қайсыбіреулердің лезде жалт беріп, «ала қойды бөле қырқып», басқа бағытқа, дербес жүк арқалауға тыраштанғанына қапаланған И.Тасмағамбетов: «Президент көптеген жас адамдарға қолдау білдіріп, сәтті бизнесмен болуға көмектесті, жоғары мемлекеттік лауазымдарды сеніп тапсырып, оларды танымал етті. Сонда осындай жақсылық үшін қайтарылған алғыс – сатқындық жасау болғаны ма?» – деген сауал тастады…
Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы Ұлттық комиссиясының төрағасы, рухы биік, елшіл азамат И.Тасмағамбетов турасында ҚР еңбек сiңiрген әртiсi Бауыржан Ибрагимовтің: «Бiр жолғы батысқа сапарымда өзім әділ тендермен ұтып алған «Целинный» кинотеатрын оңтүстік шаһардың басшысы В.Храпуновтың зорлықпен тартып алғандығын, сол кездегi Атырау облысының әкiмi Иманғали Тасмағамбетовке айттым. Храпуновтың кабинетiне Имекең екеумiз бiрге кiрдiк. Иманғали: «Бұл қалай, Виктор Вячеславович, егер Бауыржан Атырауға келсе, мен оған қарағайдай театрды сыйға тартар едiм. Бұл не тiрлiк?» – деп едi, анау о жағымыздан бiр шығып, бұ жағымыздан бiр шықты. Сөйтіп, екiншi ғимаратты алуға Имекең көмектескен…» – дегені есте қалыпты…
Қазақтың қоңыр домбырасын шертіп, әуезді әнін шырқайтын Астана әкімі өзі жинаған аса сирек кездесетін мол мәдени жәдігерлердің бір бөлігін 2003 жылы Президенттік мәдениет орталығына табыс етті.
Әлемнің алдыңғы қатардағы мүйізі қарағайдай беделді елдерінің еңселі басшыларының шынайы құрметіне бөленіп, мерейлі мойындауын иеленген Елбасымыздың асқақ абырой, биік беделінің арқасында ЭКСПО-2017 Бүкіләлемдік көрме өткізу құқығын жеңіп алған Елордамызда көрме қалашығы салынатын аймаққа 124 гектар жер телімі бөлінді. «Болашақтың энергиясы» ұранын ұлықтаған көрме қолда бардың қадірін біліп, үнемділіктің үлгісін көрсетуімен қатар, табиғатты аялаудың артықтығын паш етпекші. Шынтуайтында, «Астана ЭСКПО-2017» дегеніміз – айналаға, әлемге, жаратылысқа жаңа ой, тың талпыныстар қалыптастырып, өркениетті технология мен екпінді даму арқылы жаңаша өмір салтын қалыптастыруға ұмтылу болмақ.
Көрме шымылдығы ашылғанға дейін Елордамызда Ұлттық мұражай, Тұңғыш Президент кітапханасы мен қоры, Опера және балет театры, Жабық қала, Космостық зерттеулер орталығы, Ұлттық Қорғаныс университеті, көпсалалы «Абу-Даби плаза» кешені, 5 мың орындық Жекпе-жек сарайы, «Ритц-Карлтон», «Мэриот», «Хилтон», «Фор Сизонс» қонақ үйлері, 10 мың адамдық Мұз айдыны сарайы бой көтеріп, бас қаламыздың қадірін арттырмақ. Жабық қаланың «Мыңжылдық аллеясы» шағын ауданында 8,5 млн. шаршы метр тұрғын үйлер салынатын болады.
Ақырғы жылы ішкі жалпы өнімі 8 пайызға өсіп, 2 трлн. 400 млрд. теңгеге жеткен Елордада өнеркәсіп өнімінің көлемі 196 млрд. теңге, инвестиция көлемі 616 млрд. теңге мөлшеріне табан тіресе, орташа жалақы мөлшері 141 мың теңгені құрады. Қаладағы шағын және орта кәсіпкерлік нысандары 1 трлн. 52 млрд. теңгенің өнімін өндірді.
Тарих тезінде 130 жыл бойы «Ақмола» аталып келген жас мемлекетіміздің бүгінгі айбынды Астанасы – саяси, экономикалық және әлеуметтік-мәдени мәсе­лелердің әлемдік басқосулары өтетін Еуразия кеңістігінің орталығы ғана емес, ХХІ ғасырдың «Орталық азиялық феномені» болып табылады.

***
Ұлтымыз кешкен ұзақ жол, көне ғасырлар келбеті – қадым заман, алыс күндерде – қалың қазақтың мінез-құлқы құдайдан қорқатын, ақниетті, ақпейілді, туған табиғатындай кіршіксіз, рәсім-ғадеттері түзу һәм мейлінше таза, әділет сүйгіш, ғаділетті, келісті, кісілікті, адал, аңғал, қулық-сұмдықтан ада болғандығы дәлелсіз шындық.
Әйткенмен, атқа мінгенге азапсыз абырой қайда, жан кешіп, бел шешіп іс қылып, шаруа артса да, көптің ішінен – көкезу, қалыңның қарасынан – қатыгез табылады екен. Арамза сөз, тасыр топастық тектіні айналып өтпейтін көрінеді. «Аруақты ағайын мен емшектес ел катаң сөзге бармау керек» десек те, зәрлінің зәһарын ашытқан зәндем пиғыл, пәруәйсіз пәлекет зәуде жүйкеңе «бармағын» батырып, салмағын арттырып қояды екен…
Атамыз қазақ: «Жақсының артынан – сөз ереді, жаманның артынан – бөз ереді» деген. «Біткен іске – сыншы көп» болуы да, «Піскен асқа – тік қасық» көбеюі де кәдік. Елбасының тәрбиесін алып, тәлімін бойына сіңірген сырбаз серігі Иманғали Тасмағамбетовтың сыртынан күңкіл көбейтіп, тасадан тас ататын тобыры азаяр емес. Күйттеген харам ой, арам пиғылдары – Елбасының арқа сүйеген адуынды азаматының аяғынан шалу арқылы ұлт басшысының күш-қауқарын әлсіретуге тырысқан мысықтілеу.
Әлемдік қаржы дағдарысының еріксіз аяқтан шалып, қызу даму қарқынымызды кідірістеткеніне қарамай, қоңыр қалып, сабыр салтымызбен алға ұмтылған момын ұлтпыз. «Жау жоқ деме, жар астында» деген, еліміздің тату-тыныштығы мен Елбасымыздың еселі еңбегін күстаналайтын қызылкөздің сыртымыздан шала алмаған соң, әдіс-айласын өзгерте қалып, іштен іріткі салуы әбден мүмкін. «Ауырып-жазылған – жан олжа, айтылып-көмілген – жала олжа» болғанымен, қайбір жылы парасатты прозаик Дулат Исабеков көкем: «Иманғалиға айтылып жатқан артық сөздер қабырғама батады» – деп еді.
Бұлтартпас шындық, нақты дерек біреу-ақ – ақылман ағасы, ұлағатты ұстазы, еліне еңселі Елбасының шалымды шәкіртінің қалыс басып, қапы қылған жері жоқ. Мемлекет басшысының «қара қазан, сары баланың қамы» жолында, «малға тойын, жайлы қоныс» үшін түн ұйқысын төрт бөліп, қазақтың мың сан кетігін бүтіндеп, кемісін толтырған қарекетінің қасында болып, қолғабыс етуді берік бағдар, айнымас мұрат тұтқан қажырлы қосшының қарымының ұзарып, күш-қуатының кемелденуінің өзі ішіне құмалақ айналмайтын қас дұшпанға көзтүрткі болды.
Елбасының ұлттық мүдде, елдік мұрат, ұрпақтың болашағы жолындағы салмақты сапарының ақаусыз жолсерігі бойын жеңіл сезініп, мақсаты айқындала түскен сайын өзара түсіністік пен селкеусіз сенімнің, ұтымды бірлестік пен қажетті келісімнің тамыры терең тартып, діңі беки түсуде. Қалған гөй-гөйдің бәрі көрсеқызардың бос сөз, көпірме өсегі ғана. Күмәнсіз дерек, даусыз ақиқат осы.
«Елге бай құт емес, би құт», – деп, атамыз қазақ айтпақшы, жақсы мен игіні – жаман мен ібілістен оқпен қорғауға да, отпен аластауға да болар. Бірақ, бейбіт күн, мамыр кезеңде сенімді рух, риясыз үмітпен жазылған шымыр шындығы басым, рең-бояуы қанық қалам таңбасы да тар келіп, кем түспес.
…Қасиетті Мекке қаласындағы киелі Қағба төрт бұрышты бейнеде болғандықтан, әр бұрышының өзіне тән атаулары бар. Қара тас орналасқандықтан, бұрыштың бірі «Қара тас бұрышы» немесе «Шығыс бұрышы» деп аталады. Бұл тасты екі дүниенің шамшырағы, адамзаттың ең асылы һәм ардақтысы, қасиетті Пайғамбарымыз Мұхаммед МҰСТАФА (с.ғ.с.) өз қолымен қойған екен. Хазыретіміз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) пайғамбарлыққа келуіне бес жыл қалғанда, Қағба ескіргендіктен, Құрайыш руы оны қайта салуға келіседі.
Ортаға адал тапқан малдарын жинап, Қағба құрылысын бастап кетеді. Қағбаны салып болып, қара тасты қайта орнына қоймақшы болғанда, үлкен тартыс басталыпты. Себебі, оны әр рудың адамдары өз қолдарымен қойғысы келген екен. Тартыстың арты үлкен қантөгіс, шайқасқа ұласуға шақ қалады. Сол кезде Ибн Мұғира ақсақал: «Жанжалдасуды қояйық. Менің сөзіме құлақ салыңдар. Кімде-кім мына қақпадан бірінші кіретін болса, бұл істің шешуін соған тапсырып, айтқанына құлақ асайық», − дейді. Бұл мәмілеге барлығы келісіп: «Есіктен алғаш болып кім кіреді екен?» − деп, күтіп отырғанда, бұл оқиғадан бейхабар Мұхаммед (с.ғ.с.) есіктен бірінші болып кіріп келеді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) шапанын шешіп, үстіне қара тасты қойып: «Жиналған қабиладан бір кісіден келіп, шапанды көтерсін», − дейді. Шапанды тасымен көтерген соң, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ол тасты өз қолымен, Қағбаның бұрышына орналастырады.
Қара тас жәннаттан түскен. Қаншама ғасырлар, оқиғалар өтсе де, қазіргі заманымызға дейін сақталған. Қағбаның шығыс жақ бұрышында сүюге ыңғайлы, адам бойы жетерліктей орында орналасқан. Қара тастың жиегі таза күміспен көмкерілген. Қара тас жәннаттан алғаш түскен кезінде өте нұрлы, аппақ тас болған екен. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Сүттен де ақ болған» деп айтқан. Қара тас адам баласының күнә істерінен қарайып кеткен, бірақ, толығымен қараймаған. Тек, адам баласына көрініп тұрған жерлері ғана қарайып, қалған бөліктері аппақ күйінде сақталып тұр… Аққа – дақ түсірмес тектілік-тазалығымыз бен тату-бірлігіміз, арзан өсек, құр қоқан-лоққыға бой алдырмайтын ардақ қасиетіміз ғана еліміздің іргесін берік, келешегін кемел ететіндігі анық.
Уақыт дауылы да, замана толқыны да, сілкініс пен дүрлігістер де, дүрбелеңдер мен күйбелеңдер де – хикмет тұғырынан қозғай алмайтын алыптар болады.
«Теңізден таудай толқын соқса-дағы,
Жағадағы жартасты жыға алмайды!», – деген хакім Абайдың өзінен бастап – бұла дәуір, өзгеше кезеңнен қазіргі күнге дейін – күңкіл сөз, өзексіз өсек; жабыла арызданып, алатер боп шапқындаған; «жаптым жала, жақтым күйеден» аман қалған, мінсіз болған қазақтың асылы бар ма?!.
Тағылым түйген, шындықты сүйген жазушымыз Мұхтар Мағауин бірде: «…Қалаңыз, қаламаңыз, ақыр түбінде кімнің кім екенін заманның өзі айқындап береді. Шынында да. Ұлы Мұхаңа кім тас атпады. Ғажайып Мағжанды кім балағаттамады. Енді бүгін солар қайда, біз… яғни Мұхаң мен Мағаң қайда! Ендеше, әлденеден тартынатын, әлденеден именетін жөніміз жоқ. Осындай нық сеніммен айнымас Иманның бар салмағын көтеріп алуға әзірміз.» – деп жазып еді…
Сенімді серігі тұтқасын ұстап, бес белестің биігінен асқан Елбасының ақиқатқа айналған асыл арманы, ертеңі ерен, еңсесі биік Елордасы – ерке Есілдің мамыражай ағысындай күнгейлі күндер мен таңғажайып таңдарға қарай жылжып-ағып, жарқын келешекке жақындап барады…

Мыңжан БАЙЖАНИН

11 ПІКІРЛЕР

  1. Расында, таңдау алдында тұрмыз… Елбасымызға Аллаһ денсаулық пен ұзақ ғұмыр бергей! Бірақ, Нұркөкеміздің салған тура жолын жалғастырар сенімді серік, қайсар тұлға іздесек – таңдау көп емес, тіпті, жоқтың қасы. Мұнда сабыр мен ақыл керек, бауырлар!

  2. КАЗЫБЕК АҒА, РАХМЕТ СІЗГЕ! ИМАНҒАЛИ АҒАМЫЗДЫ БАҒАЛАЙ АЛУЫҢЫЗДЫҢ ӨЗІ – СІЗДІҢ МЫҚТЫЛЫҒЫҢЫЗҒА ДӘЛЕЛ!

  3. жақсының жаксылығын айт нұры жаусын деп ата бабаларымыз бекер айтпаса керек. Ол кимге жамандық жасапты? алла барин көруші осындай бауырлармыздың саны көбейсін ИншаАлла

  4. Иманғалиды қалың қазақ жақсы көреді, сосын, Иманғалиды қалың шенеунік жек көреді. Айырмасын салмақтай беріңіз?..

  5. Осы Иманғалиды не үшін мақтай береді, түсінбеймін? Мысалы, мен үшін ол не істеді? Әлде, мына жігіттер Астана әкімшілігінде істей ма?

  6. Мақтауға лайық бір Аллаһ қана! Пенделердің арасында жүрегінде иманы барлары кездеседі. Имаш ағамыз, мүмкін, соның бірі шығар. Мыңжан бауыры қолынан келгенше, қанатымен су сепкен қарлығаштай шырылдап-қорғапты…

  7. Бауырым, Мынжан! Амансын ба? Әз-Наурызымыз құтты болсын! Оқыдым. Бұрынғы шегедей етіп қаққан мақалаңа ұқсамайды. Сірә, асығыс жаздың-ау, деймін, мына иттерге жауап болсын деп. Қаптаған цифрларды, ыңғай деректерді мен оқи алмаймын. Сен цифрдан аулақ жүретін едің. Мұны да түсінуге болады. Дегенмен, соңғы абзацтарын ұнады, шымыр. Иманғалидың шын тұлғасын аша түсетін дүниелер жазуына тілектеспін. Марат. Астана.

  8. Иманғалидай намысшыл азамат бүгінгі билікте саусақпен санарлық. Елбасын шынайы қолдап, сөзімен де, ісімен де дәлелдеп келе жатқан адамның бірі – осы Иманғали. Бұл қазақ, әдетте, айтқыш болғанымен, жеме-жемге келгенде, шындықтан шығындап, тайқып шыға келуге құмар. Мына баланың мазмұнды мақаласы – қайкүнгі 150-дің «қол қойған» жаласына таптырмас жауап екен. өркені өссін!

  9. Өте орынды дүние! Жақсының жауы қашанда көп болады. Жақында ғана біреулер 150 адамның өтірік қолын қойғызған болып, Иманғалидың аяғынан шалмақшы болып еді, мына мақала ақ пен қарасын анық ажыратып, ең бастысы, Елбасымыздың абыройлы еңбегін жарқырата көрсетіпті. Әйтпесе, арзан өсек, жалған жала жапқан дүрдараз мақаласымақтардан жұрт шаршап кетті…

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз