Қазақтың санын 60 миллионға жеткізу қажет - "Ақ жол" әр бала дүниеге келген сайын ипотеканы 25% жеңілдетуді сұрайды
2021 ж. 26 мамыр
2646
0
"Ақ жол" әр бала дүниеге келген сайын ипотеканы 25 % жеңілдетуді сұрайды. Вице-министр Роман Склярдың атына фракцияның тиісті депутаттық сауалын Ерлік Өмірғали баяндады.
Халықтың әлеуметтік топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында Үкімет бірнеше бағыттар бойынша мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда.
Осы орайда «Ақ жол» фракциясы жас отбасыларды қолдау мен олардың сәбилі болуын ынталандыруды аса маңызды деп санайды.
Бір-біріне деген сүйіспеншілігінен басқа байлығы жоқ жас отбасылардың үй алу мүмкіндіктерін қарастыруымыз керек.
Жарасымды сүйікті отбасында туған болашақ ұрпақ жасампаз болатыны анық.
Қазіргі халық тығыздығы бір шаршы шақырымға 6-7 адамнан келеді. Демография - ұлттық қауіпсіздік пен республиканың аумақтық тұтастығы маңызына ие фактор. Бұдан басқа, кейбір бағалаулар бойынша, аумақтың ресурстарын экономикалық айналымға толыққанды тарту үшін Қазақстанның шамамен 60 млн. халқы болуы қажет. Егер де 1920-30 жылдардағы Ашаршылықтан қазақтардың 70%-ы қаза таппағанда, бізде халық саны осы шама болар еді.
Мемлекеттік бағдарламалар бұл мәселенің маңыздылығын жете бағаламайды деп санаймыз.
Осылайша, 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық даму бағдарламасында бастапқы жарна кемінде 10% болған кезде, жылдық 2%-бен 20 жыл мерзімге қарыздар жеңілдікпен беріледі.
Тұрғын үй бастапқы және қайталама нарықта болуы мүмкін. Бірақ ол әкімдіктерде кезекте тұрғандарға ғана қолданылады. Алайда кезекке тек мүгедектер, көп балалы отбасылар, ардагерлер немесе жетімдер қойылады.
Отбасын жаңадан құрған, қол-аяғы сау, бірақ әлі өз ұясына қаражат жинап үлгермеген жастар не істеуі керек? Олар қашан балалы болады? Көп балалы отбасылар бірден пайда болмайды ғой.
Олар пәтерге ақша жинап болғанда жастары 40-тан асып қалады, бұл жаста әйелдердің сәбилі болу қабілеті де төмендейді, дәрігерлердің айтуынша, ерлер мен әйелдердің үштен бірі 40 жастан кейін және одан да ертерек бедеулікке ұшырайды.
Қазіргі жағдайда, мемлекеттің немесе дәулетті ата-ананың қолдауынсыз жас отбасылар 40 жасқа дейін өз күшімен баспана ала алмайды.
Алдыңғы кезеңде жас отбасыларға Тұңғыш Президенттің тапсырмасы бойынша қабылданған 7-20-25 бағдарламасы белгілі бір қолдау көрсетті. Ол тұрғын үй құрылысына және тұрғын үй секторына жеке инвестициялар тартуға серпін берді.
Бірақ жақында ғана осы және басқа бағдарламаларды тоқтату туралы айтылды, бұл түсініксіз шешімді қалай бағалауға болады?
Осыған байланысты, «Ақ жол» демократиялық партиясы жас отбасылар үшін әр бала туған кезде 25% мөлшерінде ипотекалық кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауды енгізу туралы 2013 жылда айтылған ұсынысына қайта оралады.
Пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау бизнесті кредиттеу кезінде мемлекеттік және жеке мүдделерді ұштастыру құралы ретінде өзін жақсы жағынан көрсетті. Бұл табысты тәжірибені әлеуметтік бағдарламаларға да тарату керек деп санаймыз.
Сонда үлкен отбасы 10 жыл кезекті күтпей, 4-ші бала туған кезде бірден пайызсыз баспаналы болады, ал екі баласы бар отбасы мөлшерлеменің жартысын ғана төлейді.
Бұл ретте, мемлекет төлейтін пайыздарды есептемей-ақ отбасы үшін қарыздың негізгі сомасын біртіндеп өтеуді қалдыруға болады.
Бұл шара жас отбасыларды бірден балалы болуға ынталандыруға мүмкіндік береді, ал екінші деңгейдегі банктер ипотеканы белсенді түрде кредиттеуге мүмкіндік алады.
Бүгінгі таңда, керісінше, банктердегі ипотекалық несиелер минимумға дейін төмендеді, ал ипотикалық нарық Отбасы банкі арқылы мемлекеттің монополиясына көшкен.
Сонымен қатар, ипотеканы субсидиялау адамдар пәтерді мемлекеттен сыйлық ретінде күтетін масылдықты азайтады.
Егер субсидиялар мүмкін болса, жас отбасылар ең болмағанда бірінші кезеңде несие өздігінен төлеу үшін жұмыс істеуге және өздері ақша табуға тырысады, бірақ әр баланың туылуымен отбасылық бюджетке жүктеме азаяды.
Қазіргі тәжірибенің орнына ұсынылып отырған бұл тәсіл тұрғын үйге бола ажырасу жағдайлары өршіп бара жатқан сәтте отбасы институтын нығайтады.
Біз мемлекеттен отбасына оң көзбен қарауды және салауатты демографияны қолдауды сұраймыз.
Құрметпен,
«Ақ жол» фракциясының депутаттары.